Қазір ұялы телефоны ұрланған адам – мүсәпір. Байланысың да, басқа тірлігің де осы телефонға тіреліп тұр. Ұрлатпақ түгілі, үйде ұмыт қалдырсаң да тыпыршып, қашан қолымызға тигенше жанымыз жай таппайтыны белгілі. Бұрын «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғанымызға» қуанушы едік, кейінгі жылдары интернетке қосылғаннан кейін толып жатқан тірліктің түйіні телефонсыз тарқамайтын болды. Банкке барып бітіретін жұмысты бас бармағымен смартфонын сипап бітіре салуға болады, базар араламас бұрын таңдауды телефоныңыздағы интернеттен жасайсыз, такси шақырасыз, автобус күтесіз.
Заманауи техниканың тиімді жақтарын осылай тізбелей беруге болар еді. Бірақ, көз алдыңда көлбеңдеген кейбір жағдайларды көргенде еріксіз ойға берілесің. Осы біз ұялы телефон ұрланды деп уайым жеп жүргенде, одан да маңызды дүниелерді ұрлатып жатқан жоқпыз ба?
Мәселен, үйдегі тірліктің бәрін ұялы телефон арқылы әлеуметтік желіге жайып салу әлдеқашан әдетке айналған. Қоғамдық орындарда қалтафонын құлағына жабыстырып алып, керілдесіп жататындар көп. Бір-біріне «дистанционно» доқ көрсетіп жатқан жас жігіттерді де кездестіріп жүрміз. Әлеуметтік желіге телефон арқылы тіркеліп, күнұзақ тесіліп отырғандардың ұрланған уақытына обал. Театрға барсаңыз да, қаракөлеңке залда жарқ-жұрқ еткізіп фотоға түсіп һәм түсіріп отыратындар жеткілікті. Мәдениет киімілгіштен басталатын мекемедегі мәдениетсіздікке себеп болған бұйым тағы да сол телефон.
Хадиске сүйенсек, жақсы қасиеттің көкесі – қарапайымдық екен. «Жарлының жанында жүріп – байлығың туралы, ауру адамға мықты денсаулығың жайлы, баласы жоққа – балаларың туралы» айтуға болмайды-дүр. Алайда, хадисте әлеуметтік желіде жақсы имидж қалыптастырудың құралына айналғаны қашан. Бала-шағаңды, болған-толғаныңды, қыдырғаныңды, ішкен-жегеніңді шырт еткізіп телефонға түсіріп, сол мезетте желіге салғанша асығамыз. Қарапайымдық қайда қалды?
Бір жарым ғасыр бұрын мұхиттың екі бетіне телеграф байланысын орнатқандағы басты мақсат – қашыққа жылдам әрі сенімді хабар тарату, уақыт үнемдеу болған-ды. «Қарумен аң атуға да, адам атуға да, өзіңді атуға да болатыны сияқты», заңғар ғалымдардың есіл еңбегімен жасалған заманауи техниканы кері мақсатта пайдалану бүгінде ерекше белең алғандай. Телефон арқылы таралған «ұятсыз» бейнероликтер, бір-бірін жерден алып-жерге салғандардың дау-дамайы, соның бір көрінісі сыңайлы. Даулы видеолардың дауылына ұшырап, қызметінен айырылғандар да аз емес. Күнұзақ телефонға шұқшиып ойын ойнап, әлеуметтік желіге байлану уақыт ұрлату емей немене? Шұқшиғаннан көз майын тауысып, бүкшигеннен омыртқасын майыстырып, құдайдың аманаттаған денсаулығын жоғалтып жатқанымыз тағы рас. Балдырғандар да бұрынғыдай асыр салып далада ойнағаннан гөрі, үйде отырып смартфонмен ойнағанды жиілетті.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қажетіңе қарай қолдана білсең, «қалтафонның» пайдасы ұшан-теңіз екенін жоққа шығармаймыз. Біз білместікпен немесе біле тұрып зиян шегіп жатқандарды мысалға келтіріп, тірлігіміздің кейбір теріс жақтарын ғана айтуға тырыстық.
Айтпақшы, Ішкі істер министрлігі ұялы телефон ұрлығын азайтудың тиімді тәсілдерін қарастырып жатыр. Бұл туралы министр Қалмұханбет Қасымов:
– Ұялы телефонды ұрлауды пайдасыз әрі мәнсіз ету бойынша шара қолданып жатырмыз. Тек ұялы байланыс операторларымен шешетін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер бар, – деді.
Ұялы телефон ұрлығын министрлік азайтар-ау. Ал ұялы телефонға ұлы құндылықтарымызды ұрлатпау өзімізге ғана байланысты екенін естен шығармаған жөн сияқты.
Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»