Басқосуда аралдың тау-кен өндірісі, энергия және ауылдық аймақтарды электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пачи сөз сөйледі. Ол мемлекеттің барлық өңірлерінде жел, күн және су қуаты қалай пайдаланылатынын тілге тиек етті. «Соломон аралдарының қалада да, ауылда да жаңартылатын арзан энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ете алатын әлеуеті бар. Қазіргі уақытта біздің өңірлерде электр қуаты шектеулі және министрлік сенімді әрі қолжетімді энергия жеткізілімдері үшін бірқатар жобаларды іске асыруда. Провинцияларды энергетикалық дамыту, Тина өзенінің гидроэнергетикасын ілгерілету секілді бірнеше жоба бойынша донорлармен тығыз байланыс орнаттық. Бізге Тәңір сыйлаған ресурстарды нығайту және пайдалану мақсатында үкіметпен және Соломон аралдарының халқымен жұмыс істеу үшін барлық әлеуетті инвесторларды және әріптес донорларды шақырамыз», деді Дэвид Дэй Пачи.
Салтанатты шара мәресіне жеткеннен кейін, қонақтар 600 мың ғана тұрғыны бар елдің көрмедегі павильонын аралады. Соломон аралдары – Тынық мұхитының оңтүстік батысында орналасқан 992 аралдан тұратын мемлекет. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар бес жыл бұрын орнаған. Бұл арал табиғи ресурстарға бай. Алайда, шикізаттың басым бөлігі экспортқа жіберіледі. Салдарынан елде жанар-жағармай, отын бағасы қарыштап тұр. Сол себепті, аралда баламалы энергия көздерін дамыту – өте өзекті мәселе.
2015 жылы инвесторлардың арқасында ел астанасы Хониара қаласында фотоэлектр күн стансасы ашылды. Құрылғы тек елорданы ғана емес, бүкіл мемлекет аумағының 7%-ын баламалы энергиямен қамтамасыз етеді.