«Бұл – көше шамдары. Ол энергияны 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жарықты 30 пайызға артық бөледі. Шамның қуаттылығы – 150, 250, 400, ал кішкентайы – 70 ватт. Энергия үнемдегіш шамдар энергияны күн панелдері орнатылған электр стансасынан алады. Ал электр стансасы көше шамдарына жақын аумақта орналасады. Қазіргі таңда Малайзия бұл өнімін Австралияға сата бастады», дейді павильон таныстырушылары.
Павильондағы «ақылды есептеуіштер» де назар аудартады. Бұл құрал арқылы энергия тасымалдаушы компания пәтер мен үйдегі қуаттың көрсеткішін арнайы бағдарлама арқылы жұмыс орнында бақылай алады. «Ақылды есептеуіштің» ішіне GSM жүйесі орнатылған. Бұрын қызметкерлер пәтерлер мен үйлерді аралап, есептеуіштегі энергияның көрсеткішін жазып жүретін. Ал қазір бұл жағдай ұмытылуда. Мысалы, аталған құрал арқылы электр энергиясын тасымалдайтын компанияның қызметкері жұмысында отырып-ақ, пәтерлер мен үйдегі электр энергиясының көрсеткішін бақылай алады. Сондай-ақ, сіздің есептеуішіңізге бөтен біреу қосылып, энергияны сізден ұрлай алмайды», дейді қызметкерлер.