• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бокс 24 Шілде, 2017

Қайтқан капитаннан қайыр бар ма?

269 рет
көрсетілді

​​​​​​​Былтырғы Рио Олимпиадасында да 69 кило бойын қуалай жалғасқан алтын арқау үзілген жоқ. Бұл жолғы ұрпақтар сабақтастығын Данияр Елеусінов сәтті жалғастырды. Жалпы, спортшы атаулының спорт үйірмесіне жазылған сәтінен бастап, әрбір тер төккен жаттығуы мен барған үлкенді-кішілі жарыстар бойына есінен бір шықпайтын, көкейінен қуса да кетпейтін бір арман болса, ол осы – Олимп шыңы.

Данияр сол жетістікке жетті. Жеткенде де әуесқой боксшы алуы тиіс жүлде мен марапаттың барлығын түгелінен еншілеп болып, жетті. Былай қарасаңыз, спортшы ретінде өкініші жоқ. Қуанышы басым. Ендеше, оның спорттық ғұмырының келесі кезеңіне именбей аяқ басуына еш кедергі жоқ-тын. Бокс әлеміне жаңалық болып келіп, алшаңдай басқан Алаш баласының арынын менмін деген промоутерлік орталықтардың көрмей қалуы тағы мүмкін емес. Бірақ, Данияр ешкімге елеусіз жатқан, аты мен атағы, даңқы мен дабырасы жоқ австралиялық компаниямен келісімшартқа отырғанда ішіміз бір қылп ете қалғанын несіне жасырайық?І. Сол күмән бекер емес екен, шикі келісімнен ақыры ши шығып тынды. 

Бірер күн бұрын ғана бокстан ұлттық құраманың экс-капитаны Данияр Елеусінов «ұлттық құрама есігін қайта ашамын» депті. Ойланып қараңызшы, оның өзі толыққанды бітіріп шыққан, ең үздік жүлдесін еншілеп болған мектепке қайта оралуында мән, маңыз бар ма? Жоқ дей алмассыз, десе де тым аз. Тек, бір ғана мотивация – екі дүркін Олимпиада чемпионы атану. Бірақ, енді төрт жыл бойы бабында тұрып және әлемдік додаларды тағы да қоғадай жапырып шыға салатындай өз ішімізде де «69 кило» салдырлап бос тұрған жоқ. Даниярдан да жас, Даниярдан да креативті жігіттер баршылық. Жоқ, біз Даниярдың әлеуетін жоққа шығарғалы тұрған жоқпыз, тек оған жасалынатын бәсекелестіктің Олимпиада чемпионына жеңіл тимейтінін ескерткіміз келеді.

Бокстан ұлттық құрама бас бапкері Мырзағали Айтжанов Даниярға әрқашан есігі ашық екенін жеткізген еді осыған дейін: «Елеусінов әлі Ұлттық құрамаға оралған жоқ. Егер командаға келемін деп ниет білдіріп жатса, есігіміз Данияр үшін әрқашан ашық екенін бұған дейін айтқанмын», деген еді біраз бұрын.

Құрамаға оралғаннан қайыр бола ма?

Бұған дейін де бас команда сапынан кетіп, бірақ қайта ойланып қолғап киген жігіттер болмады емес, болды. Әрі олар атағынан ат үркетін мықтылар еді. 2000 жылдары Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионатының үш жүлдесін (алтын, күміс, қола) алған, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы атанған Болат Жұмаділов Сидней Олимпиадасынан кейін карьерасын аяқтаған еді. Спортпен біржола қош айтысқаннан кейін Жұмаділов араға екі жыл салып, 2002 жылы бокста «алынбаған еншім бар» деп шегеде ілулі тұрған қолғабын қайта киген болатын. Алайда, ұлттық құрама сапына қайта оралғанымен, ешқандай ірі турнирге қатыса алмады. Сөйтіп, іздеп келген «еншісін» таба алмай кетті. Ал 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев қазақ боксшылары арасында екі дүркін Олимпиада чемпионы атану мақсатында 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, ширек финалда болашақ Олимпиада чемпионы ұлыбританиялық Джеймс Дигейлден ұтылған еді. Осы жеңілістен кейін ол карьерасын аяқтап, әкімдік лауазымға ауысып, мемлекеттік қызметке кірісіп кетті. Кейінірек, Лондон Олимпиадасына 81 келіде қатысуды мақсат етіп, ұлттық құрамаға қайта оралды. Алайда, бапкерлер құрамы бұл салмақта Олимпиадаға 2011 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовты апарып, Лондоннан да күміспен күптелгенін білеміз. Деректерге сүйенсек, 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатына бапкерлер Ниязымбетов пен Артаевты қатар алып барған. Бірақ, соңғы сәтте таңдау Әділбекке түскен екен. Сөйтіп, ұлттық құрамаға қайта оралған екі боксшы да өзі ойлаған мақсатқа жете алмаған. Данияр Елеусінов те осы жағдайларды  қаперінде ұстағаны жөн сияқты. Бұл тарихты айтып Даниярды қорқытқанымыз емес...

69 килода бірінші нөмір болуға кім лайық?

Егер, Елеусіновте күзде өтетін Қазақстан чемпионатына 69 килода қатысса, бапкерлер құрама оған нәтижесіне қарай қай салмаққа шыққаны дұрыс екенін анықтайтын болады. Бүгінде 69 килода ел чемпионы атанған Абылайхан Жүсіпов бірінші нөмірлі боксшы ретінде саналады. Сондай-ақ, бұл салмақта былтырғы жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахметов пен жақында ғана «Астана арландары» сапында финалдық бәсекеде жұдырықтасып, Олимпиада чемпионы кубалық Рониель Сотолонгоны екінші рет жеңіп, ұлттық құрамада бірінші нөмірлі боксшы болуға әбден лайық екенін тағы бір дәлелдеген Асланбек Шымбергенов бар.

Егер, Елеусіновте салмақ қуу жағынан қиындықтар туындаса, онда ол 75 килода сынға түсуі мүмкін. Статистика бойынша, ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтап,  қайта оралған боксшылар немесе Олимпиадалық циклдан кейін өздерін жаңа салмақта сынап жатады. Бәлкім, адағы Қазақстан чемпионаты мен басқа жарыстарда Даниярды 75 килодан көріп қалуымыз да әбден мүмкін. Бірақ, бұл салмақта да бәсекелестік көп. Мысалы, былтырғы ел чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл. Ислам ойындарының жеңімпазы Тұрсынбай Құлахмет. Қазір 81 келіде сынға түсіп жүрген Ерік Әлжанов та бар. Дәл қазіргі құрамадағы жігіттердің қарымы мен бәсекелестігін ескерсек, Даниярға оңайға соқпайын деп тұр.

«Елеусінов стилін өзгерту керек»

Бірқатар бокс мамандары Данияр Елеусіновтың бокс стилі ескіргенін, оған бұрынғыдай екінші нөмірмен жұдырықтасу емес, бірінші соққыны өзі жасау керектігін айтады. Сарапшылардың пікірінше, егер Данияр бұрынғыдай техникасына сеніп, соққыларын күшке салмай жұдырықтасатын болса, одан нәтиже күту бекер дейді. Бұл сөзді бас бапкер Айтжановтың өзі де  қолдап отыр. «Бокс ережесі бұрынғыдай емес. Күн сайын өзгеріп, сәт сайын жаңарып жатыр. Қазір бокс қашып жүріп жұдырықтасқанды емес, бірінші және анық, нокаутқа жіберетіндей соққы жасағанды ұнатады. Бұрынғыдай ұпайға жұмыс істеу есебі қалды, қазір қарсыласыңды ұрып жықпасаң, жеңіске жетуің өте қиын. Оны Олимпиада, әлем, Азия чемпионатынан өздеріңіз де көріп жүрсіздер».

Бокс мамандары техникаға емес, күшке көбірек көңіл бөлу керектігіне соңғы Олимпиада кезінде көздерін жеткізгенін айтады. Біз де мұны жуырда Ташкентте өткен Азия чемпионаты кезінде байқадық. Финалға шыққан бірқатар боксшыларымызға қарсыластарынан басым түсу үшін шешуші соққылар жетпей жатқаны анық байқалды.

Сонымен, капитан  ұлттық құрамаға қайта оралды. Қайтқан капитаннан қайыр бар ма?

Маман пікір

Бақтияр Артаев, Афина Олимпиадасының чемпионы:

– Данияр Елеусіновтың ұлттық құрамаға оралғанына өз басым қуаныштымын. Бұл қуаныштың екі себебі бар. Біріншісі, марқұм Бекзат Саттарханов ағамыз бен өзімнің екі дүркін Олимпиада чемпионы болсам деген арманымыз орындалмап еді. Біз жетпеген жетістікке жетіп, орындалмай кеткен арманымызды Данияр орындаса екен деймін. Екінші себеп, 69 килода ішкі бәсекелестіктің күшеюі. Бәсеке бар жерде нәтиже болатыны анық. Қазіргі таңда бұл салмақта жүрген кез келген боксшы Олимпиадаға баруға лайық деп есептеймін. Мысалы, WSВ жобасының финалында Олимпиада чемпионы кубалық боксшы Сотолонго мен Рио ойындарында Даниярдан жеңілген өзбек Гиясовты жеңген Асланбек Шымбергеновты, жастар арасындағы әлем чемпионы атанған Садриддин Ахмедовты және жас талантымыз Абылайхан Жүсіповты айта аламын. Құдай қаласа, Токио Олимпиадасында дәстүрге айналған 69 килоның алтын тағы да қазақ баласына бұйырады деп сенемін.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»