Қымбатшылық жүйкеңе тигенде бірінші кезекте әкім-қараларды жазғырып, оларды базарлар мен түрлі сауда орындарын тиісті деңгейде бақыламай отыр деп атқа теріс мінгізгендей күстәналап, оңды-солды кінәлаймыз. Дұрыс та шығар. Бірақ осы орайда мәселенің мәнісіне бір қырынан ғана қарамай, яғни қарақойын қымбатшылықтың туындауына билікті кінәлай бермей, қалыптасқан жағдайдың басқа тұстарына да ой жүгіртіп көру жөн секілді.
Мәселен, «Ар-ұят арзандап, имандылықтың еңсесі еңкіш тартқан кезде материалдық қажеттіліктердің құны шарықтайтыны заңдылық» деген танысымның жоғарыдағы сөзіне зер салсақ, бүгінгі қымбатшылықтың туындауына тікелей немесе жанама әсер етіп отырған жағдаяттар анықтала түседі. Нақтылай айтқанда, сауда-саттық орындарын ұсынушы қожайындардың, делдалдардың, саудагерлер мен сатушылардың ар-ұяты мен имандылығының деңгейі де бүгінгі ішкі нарығымыздағы көңіл-күйге ықпал ететіні қаперімізде болуы керек.
Бірде базарға аяқ киім алуға бардым. Көзім қап-қара, жалт-жұлт еткен туфлиге түсті. Сатушы жігіт құнын айтты. Бағасы қымбат екен. Соған қарамай сатушының тамырын басып, шімірікпей оның сұраған сомасының жартысына бер дедім. Анау бастапқыда келісіңкіремей тұрды да, көп ойланбастан көне салғаны. Содан рахметімді жеткізе келіп, «Сен бастапқы ұсынған сомаңның жартысына мына туфлиді бере салғаның қалай? Өзіңе не қалады?» дедім. Ол күліп тұрып, «Ей аға, оның үстінен 2-3 мың теңге қалмаса, сатпаймын ғой», деді. Мен іштей ойланып қалдым. Сонда ол әлгі бастапқы соманы былай қойып, жарты бағасының өзінен пайда көріп тұрса, тауарын алғашқыда екі есе қымбатқа саудалағаны да. Иә, мұндай көріністермен талай мәрте кездестім.
Бүгінде доллар бағамы көтерілді, жанармай бағасы өсті деп, өз тауар-ларын шамадан тыс қымбаттатып жіберетіндер көп. Дұрыс, уақытына, жағдайға қарай бағаны өсірсін, бірақ ол шамадан тыс болмауы керек қой. Бұл жерде ар-ұят пен имандылықтың, қанағатшылықтың да басты рөл ойнайтынын мойындағанымыз абзал.
Осы арада осыдан бірер жыл бұрын өзім куә болған мына жайтты айта кетейін. Ақмола облысының Ақмол ауылынан Астанаға қатынап жұмыс істеймін. Көлігіміз – такси. Бір бағытқа жол ақысы – 300 теңге. Таксиші 4 адам алмай орнынан қозғалмайды. Бір күні таксишілер жанармайдың 10 теңгеге қымбаттағанын желеу етіп, жол ақыны 100 теңгеге өсірді. Бензин бағасы 100 емес, 10 теңгеге ғана артқанын білетін Целиноград аудандық әкімдігінің өкілдері таксишілерді райынан қайтара алмай, бірер күн өткенде ретін тауып, Астана-Ақмол бағытына арнайы он екі орындық екі-үш машина шығарып, араға дембіл-дембіл, арзан бағаға жүргізіп қойды. Ақырында таксишілер тығырыққа тіреліп, нәтижесінде әкімшіліктің дегеніне көніп, жол кірені 300 теңге етіп, қайта белгіледі. Осылайша күн сайын әр адамнан 300 теңге алып, 3-4 рейс жасап, 7-8 мың теңге тауып жүрген таксишілер қанағатсыздыққа салынып, қымбатшылықты қолдан жасағаны бар. Міне, дәл осындай мысалдар елімізде жеткілікті.
Шағын мақаламыздың тұздығы ретінде бір аңыз-әпсананы айта кетсем артықтық етпес. Бір мұсылман саудагер мата сату үшін Индонезияға барып, әкелген затына шариғатқа сай баға қояды. Бірде оның сатушысы әлдекімге бір матаны жоғары бағаға пұлдап, 5 рупия артық тапқанын айтады. Саудагер сонда: «Бұл матаның құны 5 рупия, ал оны 10 рупияға сатқаның дұрыс емес. Ол артық ақша бізге адал болмайды. Алған адамды тап!» дейді. Сатушы: «Мен оған пайда түсіріп тұрсам, ол иесіне қайтар дейді», деп іштей наразылық білдіреді. Сатушы қожайынының әмірімен зат сатқан адамын тауып, ертіп келеді. Саудагер әлгіден кешірім сұрап, артық алған ақшасын қайтарып береді. Бұл оқиға ел патшасының құлағына жетеді. Патша әлгі саудагерді шақыртып алып, «Бұл елдегі алғаш рет басқаның мал-мүлкін жемей, қайтарып берген адам сенсің, мұның сыры неде? – деп сұрайды. Сонда саудагер: «Мен мұсылманмын. Біздің дінімізде сауда-саттықта әділ болуды әмір етеді», дейді. Бұған таңырқаған патша ислам туралы сұрап, оның хақ дін екеніне көз жеткізіп, еліне ислам дінін қабылдауға жарлық еткен көрінеді. Біз ислам дінін әлімсақтан тұтынып келе жатқан елміз. Сондықтан дінімізді ұстын етіп, имандылық пен қанағатшылықты берік ұстанып тіршілік етуге түбегейлі бет бұрсақ, бізге ешқандай қымбатшылық өзінің қамытын кигізе алмайды, ағайын.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»