Қазақстан Республикасының 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 1986 жылы алаңға шығып, көтерілістің зардабын тартқан желтоқсан жастарын қолдау туралы ұсыныс көтерді.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту жөніндегі Қоғамдық комитет отырысында желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін қарастыратын бастама көтеріп, Алматы қаласында қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік автокөлік тасымалдау компанияларының басшыларымен дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Жазушы Смағұл Елубай, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, «Әділет» тарихи ағарту орталығының жетекшісі Бейбіт Қойшыбаев, «Ұлы Дала» қозғалысының жетекшісі, саясаткер Айдос Сарым, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бас редакторы Аманғазы Кәрібжанәулеті, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса секілді бірқатар қоғам қайраткерлері бас қосқан жиында «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың көбі үлкен қиындықтарға тап болып, бірі түрмеге қамалып, бірі жұмыстан қуылғандығын, білім алып жатқан оқу орындарынан шығарылып, талай бозбала мен бойжеткеннің өміріне балта шабылғандығын және өмірден өз орнын тауып, мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдайлары болмай, әлеуметтік ахуалын жақсарта алмай күйзелгендігін, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін замандастарымыз өз болашақтарын құрбан еткендігін» атап өтіп, отырыс барысында «Ақ жолдың» көшбасшысы Азат Перуашев бүгінгі басқосудың мақсаты саяси қадам емес, ұлт тарихын ұлықтау екендігін баса айтты.
Партияның бұл бастамасын Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Астана және Алматы қалалық автопарк басшылары үлкен ықыласпен қабыл алды. Бұл ұсынысты азаматтық парыз деп қабылдаған автопарк басшылары тіпті қоғамдық көлікте тегін жүру үшін жалтоқсаншыларға арнайы жол жүру билеттерін ұзақ мерзімге беруге ықыласты екендіктерін жеткізді. Қарағанды облысының тасымалдау қызметі «ТТS» ЖШС-нің директоры М.Берқалиев Қоғамдық комитеттің құрылғанына ризалығын білдіріп, осы ұйымның жұмысына шын ниетпен атсалысатындығын айтты. Отырыс барысында Қоғамдық комитет пен Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және автопарктер арасында келісімге қол қойылды. Осы құжаттың негізінде автопарктер қоғамдық комитет бекіткен тізім бойынша желтоқсаншыларға қоғамдық көліктерде тегін жүруі үшін арнайы билеттер дайындап, жақын күндерде табыс ете бастайды.
Бұдан өзге осы отырыста Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту мақсатында еліміздің барлық қалалары мен аудандарында Желтоқсан көтерілісі тақырыбында арнаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, қала көшелеріне арнаулы билбордтар ілінетін болады. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің ұсынуы бойынша желтоқсанға қатысқан және қуғын-сүргінге тап болған азаматтарға мемлекеттік дәрежеде арнаулы марапат тағайындау ұсынысы да қабылданды.
Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту жөніндегі Қоғамдық комитет Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйытқы болуымен 2001 жылдың 14 қыркүйегінде құрылып, оның төрағасы болып белгілі қоғам қайраткері, жазушы әрі желтоқсан тақырыбын зерттеуші ғалым Смағұл Елубай бірауыздан сайланған болатын.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.