АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ
Бүгін біз зауыттың қайтадан түлеу оқиғасының куәгері болып отырмыз. Бұрыннан да ел экономикасына қызмет жасап тұрған индустрия қарлығашының жаңа өмірі басталды. Ең қиын кезеңнің өзінде де бұл зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп, өз өнімдерін беріп тұрды. Бұдан былай оны қайта жаңалаудан кейін енді автокөлік жанар жағармайы өндірісі 2,5 есе артады. Жоғары октанды жанармай өндіру 9 есе өседі. Ең бастысы, атмосфераны ластау 3 есеге төмендейді. Ал суды ластау деңгейі 130 есе азаяды...
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
________________
БАЙЛЫҚ – БАЙЛЫҚҚА ИЕ БОЛУДА ЕМЕС, ОНЫ ЖАРАТА БІЛУДЕ
Биыл – тәуелсіз Қазақстанымыз үшін ерекше жыл. Егемендігімізді алып, дербес мемлекет болғалы бері қол жеткен жетістігіміз көп. Осы кезеңде ел экономикасы қарқынды дамыды. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындар қатары көбейді. Сонау кеңестік дәуірден бері жұмыс жасап келе жатқан іргелі кәсіпорындар қайта жаңғыртылуда. Соның бірі – біздің Атырау мұнай өңдеу зауыты. Отандық мұнайдан сан түрлі жанар-жағармайлар шығаратын бұл зауыттың ескі қондырғылары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен қайта жаңғыртылып, еуростандарттармен мұнай өңдей бастады. Зауыттың қайта жаңғыртылуына 2003-2006 жылдары Жапония елі мол инвестиция салды. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталысымен кешеннің екінші тынысы ашылды. Зауыттың қайта жаңғыртылғаннан кейінгі іске қосылуына Елбасының өзі арнайы қатысып, мұнай өңдеушілер алдына жаңа міндеттер жүктеді.
Біздің ұжымның мұнай өңдеушілері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерді абыроймен орындау жолындағы үлкен мақсатқа жұмыла еңбек етуде. Әсіресе, еліміздегі индустрияландыру жобасына байланысты жастарға кәсіптік білім беру мен бәсекеге қабілетті болу үшін үш тұғырлы тілді меңгерудің маңызы айрықша деп ойлаймын. Бұл –бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты. Бәсекеге қабілеттілік дегеннен шығады, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы басталғалы бері жас мұнайшыларды жаңа қондырғыда жұмыс істеу үшін шетелде білімін жетілдірдік. Зауыттың жас мұнай өңдеушілері арасында ағылшын тілін меңгергендер көптеп саналады.
Президент өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемін ұлғайтудың маңызын ұдайы айтып келеді. Себебі, Қазақстандағы мол табиғи шикізаттарды өңдіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеуге бет бұрдық. Өз заманының ұлы ойшылы Сервантес: «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде», деген ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қағиданы ұстанады. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан өткен жылдар ішінде 200-ден аса өнімді экспортқа шығаратын болды. Отандық өнімді өңдеу 19 пайызға артты. Демек, Қазақстан да әлеуетті елге айналды. Мұнай-газ өнеркәсібіне қоса өзге салалар да қарқынды дамуда. Мұнай-химия өнеркәсібі де еңсе тіктемек. Алдағы жылдары осы саланың өркен жаюына бірден-бір қажетті шикізаттар Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылмақ. Қазір осы мақсат үшін 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаратын кешен құрылысы жүргізілуде. Мұндағы ең басты мақсат – өнім сапасын еуростандарттарға лайықтап, экологиялық таза өнімдер шығару. Зауытты қайта жарақтау бұл жобаны іске асырумен шектелмейді. Бұдан соң мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілмек. Биылғы жыл аяғында осы жоба бойынша келісім-шартқа қол қою жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру барысында жаңадан 16 технологиялық қондырғы орнату көзделген. Бұл –мұнай өңдеу тереңдігі 85 пайыздан кем болмайтын деңгейге қол жеткізетін жоба.
Міне, осының бәрі Елбасының қолдауымен ел игілігі үшін жасалып жатыр.
Талғат БАЙТАЗИЕВ, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры.
____________________
ЖОБА ҚҰНЫ ҚАНША?
Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында Жапонияның «Марубени корпорейшн» компаниясы қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Енді былтырдан бері аталған зауытта Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қолға алды. Жоба құрылысы басталмас бұрын, яғни 2009 жылғы қазанда АтМӨЗ және «SINOPEC Engineering» компаниясының басшылары арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша 2013 жылы құрылысы толық аяқталатын жаңа кешенге салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім еткендей, бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болғалы отыр. Сол себептен басымдыққа ие бұл жобаның құрылысы 2014 жылы аяқталмақ.
Бұл жобаны іске асыруға алғашында Еуропа елдерінің, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның және Қытайдың бірнеше компаниясы ниет білдірген екен. Алайда, соңғы сатыда Жапонияның «Марубени корпорейшн» және «ДжиДжейСи» компаниялар тобы мен Қытайдың «SINOPEC Engineering» компаниясының ұсынысы көңілге қонымдырақ болғанға ұқсайды. Жапониялық компаниялардың АтМӨЗ-дегі қайта жаңғырту жобасын іске асырумен толымды тәжірибелері бар болғанмен, аталған жобаны 3 миллиард 400 миллион АҚШ долларына бағалаған. Ал Қытай компаниясының балама бағамы бұдан әлдеқайда төмендеу, яғни, 1 миллиард 99 миллион АҚШ долларын құраған. Төмен баға ұсынған Қытай компаниясымен арада келісімдер жүргізіліп, нәтижесінде тараптар жобаны 1 миллиард 40 миллион АҚШ доллары көлемінде іске асыруға мәміле жасаған.
Осылайша, «ҚазМұнайГаздың» басшылығы білікті мердігер таңдау арқылы жобаны іске асыруға қажетті қаржы мәселесін оң шешті. Қаржы Қытай компаниясы арқылы Қытай банкінен алынады дегенге тоқтам жасалды.
_____________________
ЖОБАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері айтып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен, жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізіледі. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады. Ал экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері, қоршаған ортаға зиянды әсері азаяды. Еуро-4 стандартының талабы осындай. Дизель мен авиаотын өндіру де ұлғайтылмақ. Оның ішінде дизель көлемін қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік бар екен.
Мотор майларының сапасы мұнай өнімдерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартылмақ. Соның ішінде Еуро-2 стандартына сәйкестендірілген Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөлшерлі көрсеткіштері бойынша сапа қоры сақталады. Еуро-2,3,4 стандарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да 35 градустық аязда қатпайтындығымен ерекшеленеді. Сол себептен, экологиялық жағынан таза бұл өнімді жеңіл және жүк көліктеріне қолдануға әбден болады. Қазіргі кезде жылына 200 мың тоннаға дейін шығарылатын ТС-1 реактив отыны сутегінен тазартылып, керосинмен араластырылу арқылы тұтынушыға ұсынылмақ.
Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Талғат Байтазиевтың айтуынша, жоба құрылысына шамамен 2500-ге дейін жұмысшылар тартылмақ. Сонымен бірге, жобада қазақстандық үлесті арттыру мәселесіне баса назар аударылмақ. Бас директордың түсіндіргеніндей, жоба құрылысын жүргізу барысында зауытта өнім өңдеу үдерісіне еш кедергі болмайды. Өнім түрлері тұрақты өндіріле береді. Жаңа жоба іске қосылғанда оған шамамен 300-ден аса маман қажет болады екен. Мұның 200-ден астамын зауыттың қазіргі мамандары есебінен толықтыруға болатындығы айқындалған. Ал 100-ден аса маманды мүмкіндігінше шетелде оқыту жоспары жасалыпты.
__________________
БҮГІН – МЕРДІГЕР, ЕРТЕҢ – ТҰТЫНУШЫ
АтМӨЗ-дегі кезекті жобаны іске асыруға қытайлық «SINOPEC Engineering» компаниясының таңдалу себебі неде? Осы сауалға түсінік берген Данияр Тиесовтің айтуына қарағанда, жобаны іске асыруға ниет еткен шетелдік компаниялардың ұсынысы үш сатылы нұсқамен қарастырылған. Алдымен, компанияның жоба ауқымындағы жұмыстарды орындау қабілеттілігі ескеріліпті. Екіншіден, жобаны қаржыландыру мүмкіндігі басты назарда ұсталған. Өйткені, жобаны іске асыру басталар қарсаңында әлемдік экономиканы қаржы дағдарысы шырмауықтай шырмап, оған тиімді жағдаймен инвестиция салу өткір мәселе күйінде тұрды. Үшіншіден, «ҚазМұнайГаз» осы жоба арқылы сенімді әріптес іздеген. Міне, осы талаптар тұрғысынан Қытай компаниясына таңдау түскен. Бұл – көрші елдегі ең ірі компания. Fortune Global 500 рейтнигісінде «SINOPEC Engineering» 2008 жылы әлемнің мұнай өңдеу рыногындағы қуаттылығы бойынша үшінші, мұнай-химия өнімдерін шығаруда төртінші, әлемдегі 500 ірі компания арасында 16-орында болса, ал 2009 жылдың шілдесіне дейінгі дерек негізінде 7-орынға көтерілген. Мамандар халықаралық деңгейде салмағы басым осындай компанияның болашақта бензол, параксилол секілді мұнай-химиясына қажетті жаңа өнімдердің басым бөлігін халықаралық рынокта сату үшін әріптестігі қажеттігін жоққа шығармайды. Себебі, қазақстандық бензол, параксилол өнімдерін негізгі тұтынушы Қытай елі болғалы тұр. Ал Қытайдағы мұнай-химия өнеркәсібінің көш басында аталған компания тұрғанын ескерсек, болашақта қазақстандық өнімдердің алғашқы әрі басты тұтынушысы «SINOPEC Engineering» болатыны дау тудырмаса керек. Демек, бұл компания «ҚазМұнайГаздың» бүгінгі бас мердігері болғанмен, ертең тұтынушысы атанып жатса, оған аса таңданыс білдірудің қажеті жоқ.
____________________________
ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ
Атырау МӨЗ – Казақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу зауыты. Сол себептен болар, Елбасының өзі біздің зауыттың мұнай өңдеу саласындағы қарышты қадамы мен толымды табысына «Қазақстан индустриясының қарлығашы» деп орынды баға берген еді. Зауытымызға қолдауын да білдіріп келеді. Олай дейтінім, Жапония инвестициясымен қайта жарақтандыру жұмыстарының атқарылуына Президент Нұрсұлтан Назарбаев тікелей ықпал еткен болатын. Дәлірек айтқанда, 2006 жылы зауытты қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, жаңа мұнайды өңдеу және ауқымды күкіртсіздендіру өндірісі іске қосылды. Қайта жаңғырту заманауи озық технологияларды өндіріске енгізу арқылы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемін азайтуға және еуро стандарттары талабына сәйкес келетін мұнай өнімдерін шығаруға бағытталған.
Өндірістің құрамына мұнайды алғашқы өңдеу қондырғылары мен каталитикалық риформинг қондырғысынан басқа жаңа бензин мен дизель отынын сутекпен тазарту құрамдастырылған қондырғысы, сутегін тазарту және өндіру қондырғысы кіреді. Бензин мен дизель отынын сутекпен тазарту құрамдастырылған қондырғысы процесінің лицензиары америкалық ЮОП ЛИМИТЕД компаниясы. Бензинді сутекпен тазарту және изомеризация қондырғысы мұнайды алғашқы өңдеу қондырғыларынан келетін бензинді күкірттен, азоттан, оттегінен тазартуға және жоғарғы октанды бензин компонентін (изомеризат) шығаруға арналған. Жылдық жобалық жүктемесі – 470 мың тонна.
Ал изомеризация блогы бойынша – 170 мың тонна. Дизель отынын сутекпен тазарту қондырғысы – керосин және дизель фракцияларын күкірттен, азоттан, оттегінен тазартуға және дизель отынының қату температурасын төмендетуге арналған. Жылдық жобалық жүктемесі – 1 300 мың тонна.
Зауыттың салалық бөлімдерімен бірлесе отырып, жоғарғы октанды Премиум-95, Супер-98 маркалы бензин өнімін өндіру жолға қойылды. Бұл өнімдер сапасы арнайы сертификатталды. Қазіргі уақытта жоғарғы октанды Аи-92, Аи-95 маркалы бензиннің үлесі жалпы бензин көлеміне шаққанда, 2008 жылмен салыстырғанда 14 пайыздан 39 пайызға дейін өсті. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауыты ішкі рынокты жанар-жағар- май өнімдерімен қамти алатындай деңгейге ұмтылыс танытудың қадамын жасауда.
Жасұлан ТӨЛЕУОВ, цех бастығы.
______________
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
АтМӨЗ-ді қайта жаңғырту жобасының бірінші кезеңі 2003-2006 жылдары іске асырылды.
* * *
Екінші кезеңі 2009-2013 жылдары жүргізілмек.
* * *
Үшінші кезеңі 2011-2015 жылдары қолға алынатыны көзделген.
* * *
Қазір АтМӨЗ-де мұнай шикізатынан 21 түрлі өнім шығарылады.
* * *
Биылғы жыл аяғына дейін зауытта 4,47 млн. тонна шикізаттық мұнай өңделмек.
* * *
Осы жоба іске қосылғанда жылына 133 мың тонна бензол және 496 мың параксилол өндіру жолға қойылады.
* * *
Қазіргі таңда АтМӨЗ шығаратын бензиндер құрамында бензолдың үлесі 5 пайызға дейінгі мөлшерде болса, жоба іске қосылған соң бұл үлес 1 пайызды ғана құрамақ.
* * *
АтМӨЗ-де 2015 жылы Еуро-4 стандартымен автобензин шығарылмақ.
* * *
Зауытты жаңғырту жобасының үшінші кезеңінде жаңа 16 технологиялық қондырғы орнатылады.
* * *
Сол кезде экологиялық таза мотор майларын шығару арқылы аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға оң қадам жасалмақ.
* * *
Хош иісті көмірсутектер шығару кешені құрылысына жұмысқа тартылатындар саны бастапқыда 2500-ге, кейін 3000-4000-ға жетпек.
Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.