• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2011

Аймақтың абызы

444 рет
көрсетілді

Өтежан Алшымбаев ақсақал туралы ой-толғау «Тұтқа», «ел тұтқасы» деген қазақтың қасиетті сөздері өзде­рінің терең мағыналы, қасиетті ұғымдарымен маған тым ертеден таныс еді. Елге тұтқа бола алар­лық қайраткер мемлекет дәре­жесіне қандай қажет болса, жеке аймақтарға, тіпті шағын ауылға да соншалықты қажет екенін байқап жүрміз. Оларсыз ел ел бола алмайды екен. Мен осы мақалада сондай адамдардың бірі туралы айтпақ­пын. Бұл кісі қиын кезде Маң­ғыстау бұйдасының бір шеті қо­лында болған, халқымыздың мұ­ңы мен зары жүрегінен өткен қайраткер болатын. ...1958 жылы онжылдық мектепті аяқтап, осы өлкеде маман­дық алуға мүмкіндік берген алғашқы оқу – жүргізушілік курс­­қа түстік. Оны 1959 жыл­дың мау­сымында бітіріп, Тау­шық автоба­засына аз ғана уа­қыт, одан Маң­ғыстау аудандық партия комитетінде жүргізуші болып орналас­тым. Маңғыс­тау­дай байтақ елді басқарып отырған аудандық партия комитеті басшысының жап-жаңа ГАЗ-69 машинасына ие болу жас бала үшін мақтанарлық дәреже еді. Осы жерде оқыған, білімді ағалардан тәрбие алып, адамдар­ға, жас жігіттерге артылар сенім түр­лерімен таныс бола бастадық. Кісілік мектептен өткендей болдық... Маңғыстаулықтар Қазақ­стан­­­ның ең қиыр шетінде жат­қан темір жолы мен автомобиль жолы жоқ, радиосы мен теле­фоны да түсініксіз, суы мен оты­ны да тапшы, өзен ақпай­тын, егін шық­пайтын жерде өмір сүретін жандар. Бірақ олардың өздеріне де, өз өлкесіне де өкпесі жоқ бола­тын. Қажет болса елін қорғау үшін қолына найзасын алып зең­бірікке қарсы шабатын бабала­рымыз солай өткен. Иә, патша өкіметіне қар­сы 1870 жылғы Иса-Досан ұлт-азаттық көтерілісі, Кеңес өкіме­тіне қарсы бірнеше рет болған «адайлар көтерілісі», 1988 жыл­ғы «Жаңаөзен ереуілі» секілді қозғалыстар халқымызға тәуел­сіздік пен ұлт намысы сияқ­ты қасиетті ұғымдарды еске салумен болды емес пе. Бұл оқи­ғалар халық болмысын сергек ұстауға қалыптастырды... Осындай төңкерісшіл мінез­де­рі­нің әсерінен болса керек, Ке­ңес өкіметі Маңғыстау аймағына бірінші басшыларды кілең басқа жақтардан қойдыратын еді. Үшін­­ші, кейде екінші дәрежедегі басшылар ғана жергілікті адамдардан таңдалатын... Солардың бірі Өтежан Алшымбаев аға еді. Мен жүргізуші болып орналас­қан кезде Өтекең Маңғыстау аудан­дық партия комитетінің хатшы­сы-тын. Біз Өтежан ағаны сол 1960 жылдан бері білеміз. Осы елу жыл ішінде алғырлығы мен саясаткерлігі, білімі мен өнері ар­қа­сында Өтекең өз елінің шыл­бы­рынан қол босатқан емес. Ол ұстаған тізгін халқының тыны­сын тарылтпады, қамшысы хал­қының сауырына батпады. Ол тек қана әкім емес – халқының ақылшысы да, ел өне­рінің қамқоршысы да бола білген кісі. Шешен де, ойлы сөйлейтін Өтежан аға басқа өнерлерден де құр болмайтын. Мен білгенде Өтекең алдымен ақын болатын. Жергілікті жыр сүлейі Сәттіғұл Жанғабылов өлең­дерін әуелі осы кісі оқып, пікірін біледі екен деп еститінбіз. Өтекең ақындық қала­мын жасы тоқсанға келген қазіргі шағында да қолынан түсірген жоқ. Ол тек ақын емес, өнер зерттеушісі, сарапшы да. Бір күні машина ішінде келе жатып қасындағы кісіге (кім екенін ұмытыппын) Қуандық Шаңғыт­баев деген ақынның өлеңін жатқа айтып, таңдана, әсерлене талдап келе жатқаны есімде қалыпты. Өтекең­нің: «Қуандық ақын тамаша лирик қой», деп тамсанғаны есіме түсіп отыр. Мүмкін, кейін ақын атанған бізге, өлең оқудың адам жанына керектігі, оқып қана қоймай, әр сөздің дәмін ала білу қасиеті асылы, осы Өтекеңнен жұққан болар?.. Біз білетін Өтекең жас болып көрмеген секілді. Жігіт кезін Ұлы Отан соғысының арпалысымен өткізген ол еліне бірден ержетіп оралғандай. Қалай жас болсын? Жастық қызығын қызықтатар зама­ны болды ма? Төңкеріс, оның соңынан ел басына түскен зауал жылдар, соған іле-шала жалғасқан соғыс, шыбындай қы­рылып жат­қан замандаста­рының тағдыры – осылардың барлығы ойлы кісіні жастық жайбарақат­тықтан ересектік сергектікке бірден көтеріп тастаған болар. Басқа түскен заман ойраны мен өкімет озбырлығы талай-талай ойларға да жетектемеді деймісің? ...Біз білетін Өтекең қате басып та көрмеген болар. Олай істеуге қақысы да болмаған секілді. Туған жұрты өкіметтің қаһа­рына ұшы­рап, бұл елден бас­шылыққа адам ұсынылын­ба­сын деп құпия қаулы шығарып, ұзақ жылдар бойы кім қашан қате қадам басады деп аңдып отырған аждаһаның аузында өмір сүрген жанға бір қадамын қате басуға бола ма? ...Біз білетін Өтекең байлыққа да қызықпаған секілді. Түркімен­стан құмдарынан Астрахань мен Атырауға дейінгі, Каспий теңі­зінен Арал теңізіне дейінгі кең алқапты мекендеп жатқан бауыр­ларының өз малын өзі азық ете алмай, тіпті аңына дейін аулауға тыйым салын­ған заманда бір шаңырақтың емес, тұтас елінің ашқұрсақ өмір сүрген кезі де оның көз алдында өтіп еді. Бір отырыста бір қойдың етін жалғыз өзі түгел тауысып кете беретін ерлерінің бір тойынып тамақ іше алмағаны ойлы кісінің жанына батпады деймісің? Қыз-келінде­рінің, апа-жеңгелерінің иіні бір бүтінделмей, жыртық күпі­мен өмі­рін өткізгені оның жанын жара­ламады деймісің? Мұндай жағдайлар азамат ретінде Өтекеңнің талай рет жанын да жаралаған, ел басшысы ретінде талай рет арын да азаптаған болар. Басқа жұрт жаппай жоғары білім алып жатқанда қиян шетте қалған бұл өлкенің небір талант­ты жастарының қой со­ңында жүруі де ел басшысының санасы­на салмақ түсірмеді деймісің? Өтекеңе өмірден осындай «сыба­ғалар» тиді. Ол бар өмірін халқымен бірге өмір ауыртпа­лығын арқалай жүріп өткізді. Сонымен бірге арқасында тұрмыс жүгі болған оған елдің жұбату­шысы әрі қамқоршысы болу міндеті қоса жүктелді. Өз ошағымыздан бір мысал келтіре кетелік... Маңғыстау елінің 60-шы жыл­дардан бастап жағдайы түзеле бас­таған болатын. Жетібай мен Өзен мұнайы халыққа киім болып иығы­на жабылып, нан болып қарнын тойғызып, ақша болып қалтасына құйылып жатты. Ша­руаларға да азды-көпті мал біте бастады. Біздің әкеміз сол жыл­дары «жылқылы бай» атанып, Жаңаөзен қаласы маңында тұра­тын. Мал өкімет рұқсат еткен мөлшерден көп бол­мауға тиіс. Тіркелген тұяққа шаруа «ет салығын» төлейді. Өкіметтің ет жоспарын орындау – басшылар үшін заң. Өтежан Алшымбаев секілді ойлы басшылар жекеше мен өкі­мет­тің қамын жарастыра ойлай­тын. Бір жолы әкем Өтекеңнің сұрауы бойынша (Жаңаөзен қала­сының жоспары орындалмай жатса керек) екі тоннаға жуық ет тапсыр­ғанына (үш жылқы, бір түйе) куә болып едім. Өтекең ризашылығын білдіргенде әкем: «Бұл малдар сіздердің арқалары­ңыз­да өсіп, кө­бейіп жатыр. Милиция жіберіп, күнде қоқаңдап отырсаң, байтал түгіл бас қайғы болар еді. Қайта сіздерге рахмет, жерге ие, елге тұтқа бола алды­ңыздар», – деп жауап қатып еді. Ол кезде көп мал ұстауға тыйым салынған. Заңды орындау Өтекең секілді жергілікті өкімет адамдарының қолында. Менің әкем секілді азды-көпті малы бар жекешелер қозы-лағы жоқ таныс­та­рының аттарына жаздырып, өкімет заңын айналып өтіп жататын. Өтекеңдер соған жол беретін. Бірінші рет Өтекеңді «ел тұт­қасы» деген сөзді мен әкемнен сол кездерде естіппін. О кісінің түсі­нігінше, ел билігі Өтекең секілді кісілердің қолында тұрғанда өкімет қаһары да, заң қаттылығы да, заман да қауіпті емес екен. Заңды да, заңнан ауытқушылық­ты да ақыл­мен басқара білсе – билік басын­дағы қайраткер өнері сол екен. Сондай жандар «ел тұтқасы» аталады екен... Өмір бойы ел басқарса да халқынан да, өкіметтен де бір ауыз қарғыс естімей, осы жылы тоқса­нына жеткен Өтекең асылы, өте өнерлі жан болса керек. Қазақ байтағында кейбір ұрдажық бас­шы­лардың: «Анау Мағжанның өлеңін оқыпты, мынау Бұқардың сөзін тоқыпты...» – деп айыптап, талайды жер аудартқан мысалда­ры толып жатыр емес пе? Маңғыстау жері ескерткіште­рінің де, сан қырлы өнерінің де қаймағы бұзылмай, мынау егемен заманымызға аман жеткенін біз мақтан тұтамыз. Олар енді қазақ болмысын қайтадан қалыптасты­руға өз үлесін қосып жатыр. Әулиелі жерді бір көріп қайтуға, Бекет Ата секілді киелі баба ба­сына соғып рухани тазарып қай­туға бар қазақ баласы ниетті. Бұл құбылысты біз тегін нәрсе деп ойламаймыз. Халық мұрасын, ел киесін Алла тағаланың алғаш­қы берген қалпында ұстап тұрған, сақтап қалған бір күш бар еді. Сол күш, сол кие Өтежан Ал­шым­баев секілді халық арасынан шығып, халықтың мұңы мен қасіретін қанып ішкен, өз басына халық мұқтажынан басқа ештеңе іздемеген асыл азаматтарының еңбегі деп ойлаймыз... Маңғыстау кеңестік заман кезінде бұрын ақыны болмаған ел секілді еді. Баспа беттерінен, телерадио хабарларынан маңғыс­тау­лық бір де бір ақынның аты аталмай­тын. Тек қана көздері тірі болғасын Сәттіғұл мен Түмен ақынды ел амалсыз танитын. Сәтекең Өтежан ағаға келіп тұратын, ұзақ әңгімелесетін. Бір жаққа барғысы келсе Өтекеңнен: «Маған Сайынды берші», - деп мені сұрап алатын. Өтекең – жан-жақты өнерлі адам. Сондықтан болар, барлық өнерлі адамдар тек қана Өтежан ағаны жағалаушы еді. Маңғыстау жерімен танысуға келген Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдая­қов секілді азаматтар Өтекеңді ағалап өткені тегін емес. Өтекеңнің өзі де жасы тоқ­санға келгеніне қарамастан қолы­нан ақындық қаламын әлі күнге түсірген жоқ. Сезімі әлі күнге жүректен жыр туғыза аларлық, ойы проблемалық мақалалар туғыза аларлық дәрежеде. Өтекеңнің домбыраны жақ­сы тартатынына да талай рет көзіміз жеткен. Жұрт аузында ол кісінің домбырасы туралы бір әзіл әңгіме де бар. Өтекең үйінің төрі қонақтан босамаған. Бір күні қонақтары­ның көзінше бір баласына: «Ұлым, ана домбыраны алып берші. Мені де бір рет реті келгенде жұмсарсың», – депті. Сонда әлгі ұлы: «Әке, жұмса­ғаным сол болсын, домбыраңды өзің ала салшы», деп отырған қонақтарды күлкіге қарқ қылса керек. Осы бір мысал әңгіменің өзі Өтекең шаңырағындағы жарасым туралы толық хабар бергендей. 1961 жылы Өтекең екеуміз Ақтауға жолға шықтық. Таушық пен Ақтау арасы 100 шақырым. Жол жоқ. Әркім білгенімен, көр­генімен тауып барады. Күн тұ­ман, бұлыңғыр болатын. Шат­қа жеттік. Мен оң жақ бетке қиыс­тай бұрыла беріп едім, Өтекең басқа жолды нұсқады. Мен өз жолымның дұрыстығын дәлел­деу­ге тырысып жатырмын. Сол кезде Өтекеңнің табан астында: Батыр Сайын, Ер Сайын Шатқа келіп шатасты. Жол мынау деп менімен Қайта-қайта таласты. Он шақырым, мал қора Сонау тұрған жар асты. Жас жігітке Сайынжан, Үлкенді тыңдау жарас-ты... – деп сарнатып бергені ғой. Өзі рахаттана күліп алып, шұбыртып өлеңін әлі де айтып жатыр, айтып жатыр. Менің есім­де осы жолдары ғана сақ­талып қалыпты. Сөйтіп, мені қатты ұялтқан еді. Маңғыстау – бұ заманда әр сөзі алтынға бағаланып жатқан Абыл, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Аралбай, Қашаған секілді онда­ған, тіпті жүздеген ақыны бар өлке. Өлке ақындарының бір ерекшелігі аузына әуелі Алласы түсіп, сөз ішінде діни ұғымдар­ға көбірек мән беретін болса керек. Діни білімдерін бір-бірімен жарыс­тыра, өмір­лік көзқараста­рын таны­тып, салыстыра отыра­тын ақындар. Сол себепті Кеңес өкіметі кезінде біздің елдің ақындары оқылмады. Оқулық­тарға кіргізілмеді. Ал халықтың тас өнері мен қолөнері қажетсіз шаруаға са­нал­ды. Бірақ халық Өтекең секілді «ел тұтқа» деп аталатын азамат­тарының арқасында ұлы Жарат­қан сыйлаған өнері мен қасиет­терін сақтап қалыпты. Қазір сол өнері құрдымға кетіп қалмай, жас ұрпағына табыс­талып жатыр. Бұндайда қазақ: «Өлген тірілді, өшкен жанды», – дейді. Ендігі кезек жастар, сіздердікі! Өле жаздағандарды тірілтіп алыңдар, өше жаздағанды лаулата беріңдер. Ол үшін сендерге, тек қана, ата-баба үрдісін са­ғынар, ата-баба аруа­ғын құр­мет тұтар жүрек керек. Өзім дегізер өзімшілдік емес, елім дегізер көсемшілдік қажет, дер едім мен. Өтекеңдер ел алдындағы міндетін абыроймен атқарды, енді тек қана солардың жолын жалғастыра беру, дамыта беру – жастардың міндеттері, дейміз. Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маңғыстау облысы.