• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2011

Табалдырығынан аттатпай отыр

324 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясының БСҰ-ға енуі туралы келіс­сөздердің алтыншы кезеңі де сәтсіз аяқталды. Ұйым мүшесі – Грузия өз талабын орындамағаны үшін Ресейді БСҰ-ның табалдырығынан аттататын емес. Мұндай ахуал кейбір басқа елдерді де қанағаттандыратын сыңайлы. Грузин жағының талабын орындау Ресей үшін де оңай емес. Олар Псоу өзенінің бойындағы Грузия-Ресей (бұл – аталмыш шекараның абхаз учаскесі) және Рок тоннеліндегі Грузия-Ресей шекарасындағы (бұл аталмыш шекараның оңтүстік осетин учаскесі) кеденге халықаралық байқау­шылар­ды қоюға рұқсат беруді талап етеді. Оған Ресей келісе ме?! 83-ТІҢ  20-СЫ ҒАНА ТАЛАСАДЫ Қырғызстанның үстіміздегі жыл­дың 30 қазанында болатын президент сайлауына әуелде 83 адам кандидат ретінде тіркелгені белгілі. Соның 20-сы ғана кандидаттың ресми мандатын алды. Ал өтпелі кезеңнің президенті Роза Отунбаеваның өкілеттігі 31 желтоқсанда аяқталады. Оның өзі заң бойынша кандидат болып тіркелуге қақысы жоқ болатын. Қырғызстанның келесі президенті 6 жылға және бір-ақ мерзімге сайланады. Қазір онда президенттік сайлаудың додасы қатты жүріп жатыр. Кеше Бішкектің бұрынғы мэрі Н.Төлеев сайлау комиссиясының кандидат­тық мандатты кеш бергеніне өкпелеп, өзінің кандида­турасын алып тастады. КЕЛГЕН ЖЕРІНЕ КЕТІРУ КӨЗДЕЛУДЕ Түрік Республикасының билігі АҚШ-пен және Иракпен жасалған лаңкестікке қарсы келісім шеңберінде өздеріндегі күрд сепаратистерінің лагерьлерін жауып, оларды отандарына қайтаруды қолға ала бастады. Сөйтіп, жалпы саны 11 мыңдай адамды қоныстан­дырған 8 лагерь жабылмақшы. Бұл босқындар Ирактан ауып келгендер болатын. Түрік билігі елде лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруға осылардың да қатысы бар деп болжап отыр. Сондықтан да, оларды келген жерлеріне қайтару көзделген. Эвакуация жұмысына БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссариаты мен Ирактағы күрд аймақтық әкімшілігінің өкілдері қатыстырылмақ. АРАҚАТЫНАС ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ Польшадағы парламенттік сайлау өз мәресіне жетті. Онда қазіргі президент Бронислав Коморовски мен премьер-министр Дональд Тусктың пар­тия­сы тағы да жеңіске жетіп, соңғы­сы орынтағын сақтап қалды. Елдегі ең мықты оппозициялық партия саналатын, Смоленск қаласының түбінде апатқа ұшыраған бұрынғы  президент Лех Качиньскидің егізі Ярослав Качиньскидің  «Құқық және әділет» партиясы жеңімпаздан 7 пайыз кем дауыс жинап, бұрынғысынша екін­ші орында қалды. 2007 жылғы сайлауда да арақатынас осынша болған еді. ОСЫНДАЙ ДА ОЙЫН БОЛА МА ЕКЕН Мәскеуде тағы да жекеменшік мәшинелерді өртеу орын алды. Өткен жұманың түнінде үш мәшине өрт құшағына оранды. Ал сенбіге қараған түнде 11 көлік жанып кетті.  Жалпы, өткен аптада 17 автомобиль өртенген екен. Алғашқы жарты жылдықта Мәскеуде барлығы 119 автомәшине жанып кеткен. Ал «рекордты жыл» деп есептелген 2008 жылы мұнда 180 автомәшине өртенген еді. Бірақ биылғы жылдың аяғына дейін 2008 жылғы рекорд жаңаратын сыңайлы. Надандықтың шегіне жеткен қарақшылықты өздерін «анархистерміз» деп атайтын біреулер біз жасадық деп интернет арқылы хабарлайтын көрінеді. ТІРІ САЯСАТКЕРІН ӨЛДІГЕ БАЛАП Гонконгтың БАҚ өкілдері үстіміз­дегі жылдың шілде айында Қытай Халық Республикасының бұрынғы төр­ағасы Цзян Цземиньді марқұм болды деп жариялаған еді.  Оған негізгі себеп, Қытай коммунистік партия­сының 90 жылдығын тойлағанда Ц.Цземиньнің теледидардан көрінбеген­дігі болған. Бірақ артынан 85 жастағы қарттың дін аман екендігі белгілі болып, ажалды бірінші болып айтқан  Гонконгтың Аsia TV арнасының басшылығы түгелімен отставкаға кеткен еді. Содан бері үнсіз қалса да ҚХР-ды 1993 жылдан 2003 жылға дейін басқарған саясаткер жуырда 1911 жылғы төңкерістің 100 жылдығын атап өту салтанатына қатысып, халыққа көрінді. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Түріктің Анталья қаласында жауған қатты нөсерден 50 тұрғын және сауда үйлері су астында қалды. Мектептерде оқу тоқтатылды. Беларусь президенті А.Лукашенко Ресей мен Беларусь одақтас мемлекетінің хатшысы П.Бородиннің қызметінен кететінін жариялады. Оның орнына Ресей жағының ұсынысы­мен ЕурАзЭҚ-тың бұрынғы бас хатшысы Г.Рапота тағайын­далатын болды. Әзербайжан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хаба­рына қарағанда, 9 қазанда Армения тарапынан үш рет жарты сағаттан оқ атылып, шекара бұзу фактісі орын алған. Тек қарсы амал қолдану  нәтижесінде оқ ату тоқтаған. Экономика саласындағы 2011 жылдың Нобель сыйлығы америкалық Томас Сарджент пен Кристофре Симаға берілді. Оның көлемі 1,5 млн. долларға тең. Интернет материалдары негізінде әзірленді.