«Қазір сізге Литвада тұратын суретші қазақ қызын күйеуімен қоса ертіп барсам қайтеді. ЭКСПО-ға келіпті. Ұлттық музейде жеке көрмесі өтіп жатыр. Қиырдағы қандастарымыз туралы қалам тербеп жүрген соң хабарласқаным ғой»...
Жасырып қайтейін, ізетті ініміздің ілтипатты сөзінен кейін шегінерге жер қалмаған еді.
Сонымен қойшы, қонақтарды қошеметпен қарсы алып, жөн сұрастық.
– Қарағым-ау, Кеңес Одағына бағынған кезінің өзінде бауырлас республикалар арасында басқаша менталитетімен ерекшеленген Балтық бойындағы елде қайдан жүрсің?
– Тағдыр тасының қалай қарай домаларын кім білген. Сол жақтың дәм-тұзы тартқан шығар, сірә. Әйтсе де төтесінен қойылған сұраққа тура жауап- ты сәл кідірте тұрып, әңгімемді әріден бастайын. Түп-негізіміз сұрасаңыз, Шығыс Қазақстаннан. Туып-өскен тұрағым – Ақтөбе өңірі. Қалада тұрғаныммен Шалқардағы әжемнің ауылына жиі баратынмын. Сонда көз жетпес көкжиекке көсілген кең даламыздың көркемдігіне қайран қалатынмын. Жүгірген аң, ұшқан құсына дейін ыстық көрінетін. Бала жасымнан жан-дүниемді байытқан әдемі әсерлер әлі есімнен кетпейді.
– Сурет салуға құштарлығың сол шақта оянған-ау, шамасы.
– Мүмкін... Бейнелеу өнеріне ептеген ебім болса керек. Бірақ оған біздің отбасымызда ешкім мән берген емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында лауазымды қызмет істеген әкем де, саналы ғұмырын білім саласына арнаған анам да математика, физика, химия секілді негізгі пәндерді жақсы оқуға міндетті екенімізді санамызға сіңіріп бақты. Сурет салуды еріккеннің ермегі ретінде ғана бағалады. Сондықтан мамандық таңдауда аздаған адасу болды.
– Қалайша?
– Мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыға тарттым. Ата-анамның ақылымен Қазақ политехникалық институтының автоматика және телемеханика факультетіне түстім. Оны тәмамдаған соң аспирантурада оқыдым. Ғылыммен айналысып, экономика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым.
– Ойбай-ау, одан артық не керек?
– Дұрыс қой. Былай қарасаң, есем кеткен ештеңе жоқ. Есебім түгел секілді. Бірақ бәрібір көңілде бір қоңылтақсу бар. Неге? Білмеймін. Әйтеуір менің қалауым бұл еместей көрінеді. Ақыры, Ақтөбеге оралып азаматтық авиация ұшқыштарын даярлайтын училищеде саяси экономиядан сабақ беріп жүрдім. Бұйрықты қойсаңшы бұл, сонда үшінші курста оқитын Витаутаспен таныстым (Күйеуіне қарап күліп қойды). Егер осы оқу орнында жұмыс істемесем екеуіміз жолығыспас па едік, кім білсін? Көп кешікпей шаңырақ көтердік. Литвадан бір-ақ шығуымның себебі осындай.
– Жат жұртты жерсіну жағы оңай тимеген болар.
– Ділі де, діні де бөлек ортаға бірден сіңісіп кету қиын соққаны рас. Рухани, этникалық ерекшеліктері өте көп екен. Бірақ келін болып түскеннен кейін кедергілердің бәрін жеңуге тура келді. Жергілікті халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысуға тырыстым. Тіл үйренбей ісімнің ілгері баспайтынын түсіндім. Алдымен жеке сөздерді жаттадым. Сосын сөйлем құрадым. Сөйте-сөйте қатарға қосылдым. Қазір ешкімнен кем сөйлемеймін.
– Қазақшаң ақсаңқырап қалғандай ма, қалай?..
– Өзіңіз білесіз, Кеңес заманында қаланың балалары негізінен орысша оқитын еді ғой. Мен де солардың бірімін. Оның үстіне басқа ортада ғұмыр кешкен соң ана тілімнен ажыраңқырап қалғанымды жасырмаймын. Дегенмен тақыр-таза ұмытпағаным тағы рас.
– Жарайды, өмір жолыңызға біраз шолу жасадық білем. Енді негізгі тақырыпқа қарай ойысып, бейнелеу өнеріне бет бұруыңыздың тарихын баяндасаңыз.
– Бұл өзі қызығын айтып тауыса алмайтын хикая... Мен Литваға Кеңес өкіметінің «өлерінен» сәл ғана бұрын бардым емес пе. Горбачевтің қайта құруы қайрандап, адамдар тұрмысының әбден титықтаған тұсы. Оның аяғы қайда апарып соққаны әмбеге аян. Литва – Одақтан шығып, тәуелсіздігін жариялаған бірінші республика. Егемендіктің елең-алаңында елдің бәріне қиындау болғаны белгілі. Екі қолға бір жұмыс табылмайтын уақыт. Қол қусырып отыруға болмайды. Күніңді көруің керек. Алдымен Қазақстанда алған дипломдарымды ратификациялау қажеттігі туындады. Соның арқасында кандидаттығымның дәрежесі докторлыққа теңестіріліп, мәртебем өсіп шыға келгені. Соған қарамастан қолайлы қызмет қолға тие қоймады.
Ұшқыш күйеуімнің тапқан айлығы тамағымыздан аспайды. Соның салдарынан 5-6 жыл төркініме жете алмай сорладым. Тіпті, телефонмен қысқа қайырып тілдесудің өзін қалтамыз көтере бермейтін. Елді сағынып еңірегенде етегім жасқа толады. Көк теңіздей тулаған көңілімнің көксеуі кейінірек табылғандай болды. Қараптан қарап қылқалам ұстауға аңсарым ауғаны. Ішкі шығармашылық ізденістер арнасынан асқанын аңғардым. Осы уақытқа дейінгі тірлігім әншейін сияқтанды. Соның арасында сәті түсіп, Жол қатынастары министрлігіне әжептәуір қызметке тұра қалдым. Жағдайым жаман емес. Әйтсе де бәрібір бірдеңе жетіспейді. Үлкен толқу үстінде тағдыршешті таңдауымды жасауға тура келді. Бірде Вильнюстің орталығындағы дүкенге кіріп, сурет салуға қажетті дүниелерді сатып алдым. Мольберт, кенеп, бояу, қылқалам, тағысын тағылар. Ең қызығы, не керектің бәрін өзім біліп тұрмын. Құдды, күнде осы кәсіппен шұғылданатын кәнігі шебердей. Міне, осылайша ойымды онға бөлген ертегі әлемінің есігінен ендім. Еңбек демалысымды пайдаланып, баяғы балғын кезімде көрсем де, көз алдымнан көлбеңдеп кетпейтін бір түсті кенепке түсіруге кірістім. Іштей өзімді қайрап қоямын: «Осыдан бар ғой, ойдағымды орындасам, қалғанын жүзеге асыру түкке тұрмайды». Ұзын сөздің қысқасы, айналасы жарты айда «Жастық шақта көрген түс» атты алғашқы картинамды жазып тастадым. Оны көрген күйеуім төбесі көкке жеткендей қуанды. Содан әсерленгенім соншалықты, шенеуніктік қызметті қиып, бірыңғай суретшілікпен шұғылдану жөнінде шешім қабылдадым. Кеңседегі бастықтарыма жұмыстан босатуларын сұрасам жібергілері келмейді. Кету себебімді айтсам сенбейді. Мен болсам алған бетімнен қайтпадым. Онымен қоймай көрмемді өткізуге дайындалуым керек деп кергитінімді қайтерсің. «Алдыңнан ақ күн тусын! Көрмеңе шақыруды ұмытпағайсың», деді әріптестерім әзіл-шынын араластырып.
– «Досқа – күлкі, дұшпанға – таба» болмай көздеген мақсатыңа жеттің бе, әйтеуір?
– Тоғыз ай толғатып, бес картинаны бітірдім. Жарым Витаутас жанын салып, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде, қаланың ескі бөлігінде орналасқан «Лангос» галереясында тырнақалды туындыларымның тұсауын кестім. «Лангос» қазақшаға аударғанда «терезе» ұғымын білдіреді. Осынау символикалық атау менің сұңғат саласындағы жолымды ашты. Одан бері жиырма жыл өтіпті.
– Кәсіби маман атанбай-ақ, абыройға бөленуіңіздің сыры неде?
– Білмеймін. Маған ол жағы жұмбақтау. Арнайы білім алғаным жоқ. Атажұрт аңсары менің жандүниемді астан-кестен етті. Қиялыма қанат байлады. Асқар биіктерде самғатты. Санамды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Тылсым әлемнің әлдиін тыңдап, тербетілемін. Ұзын саны 21 картина жазсам да Суретшілер одағының мүшесі емеспін. Маған оның қажеті де шамалы.
– Қызық екен...
– Оған таңданбай-ақ қойыңыз. Өмірде әркімнің өз ұстанымы болады. Жалпы, бейнелеу өнерінің арғы-бергі тарихымен ертеден таныстым. Үйіміздегі кітапханамыз Мәскеуде жарық көрген танымдық кітаптарға бай-тұғын. Солардан оқып-білгендерім кәдеге жарады.
– Жеке көрмелеріңді жиі өткізіп тұрасың ба?
– Ондай әдеттен әсте аулақпын. Көрерменге төрт-бес жылда бір рет есеп беруді дұрыс санаймын. Ыстанбұлда қойылған жұмыстарымды түріктер жылы қабылдады. Қанша дегенмен, түбі бір туысқан емес пе, әсіресе қазақ тақырыбына қызығушылық танытты. Ақпарат құралдарында жақсы баға берілді.
– Тарихи отаныңдағылар еңбектеріңмен таныс па?
– Ақтөбеде ұйымдастырған көрмеме Ресей аумағы арқылы ескі жүк машинасымен сегіз тәулік сапар шегіп, біраз дүниелерімді әкелгенім есімнен кетпейді. Жерлестерімнің ризашылыққа толы жүздерін көргенде бастан кешкен барлық қиындықтарды ұмытып кеттім.
– Астанаға ат басын бұрудың сәті қалай түсті?
– Бұл ретте ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Литва Республикасының өкілі Ромас Янаускасқа рахмет айтуға тиіспін. Ол менің он картинамды таңдап, Литваның павильонына ілуге рұқсат етті. Кезінде Литвада Қазақстанның елшісі болған, бүгінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаевқа да алғысым шексіз. Бұрыннан таныс азаматтың маған қолдау көрсету мақсатында анасы бастаған бүкіл отбасын алып келгеніне мәз-мейрам болдым. Жақсы адамдардың жәрдемімен Ұлттық музейде «Тылсым әлем» атты жеке көрмемді ашуға мүмкіндік алғанымды үлкен бақыт санаймын. Аталмыш мәдениет ордасы басшысының міндетін атқарушы Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовтің «Әсияның шығармаларында бейнеленген арғымақ аттың шабысынан оның туған жеріне, қазақтың байтақ даласына арналған сағынышын байқау қиын емес», – деген ағалық лебізін естігенде еріксіз көңілім босады.
Мен сурет өнеріндегі белгілі бір бағыттарды ұстанбаймын. Өзімді тура мағынасындағы еркін суреткер санаймын. Салған суреттерімде Атамекен айшықтары айрықша орын алады. Орыс тілінде жазатын өлеңдерімде де осы үрдісті ұстанамын. Картиналарымның «Арғымақ», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр» деп аталуы көп нәрсені аңғартса керек. Мен Балтық жағалауында жүрсем де Алатауымды естен шығарған емеспін. Арудай сыланған Астанамды айналамдағыларға ылғи мақтан етіп, айтып отырамын...
Әңгімелескен Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»