• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Футбол 03 Тамыз, 2017

Астанада «Үлкен футбол мейрамы» өтеді

292 рет
көрсетілді

Соңғы күндері әңгіменің бәрі осы демалыста Елордада «Астана Арена» стадионында әлемдік футбол жұлдыздарының қатысуымен өтетін «EXPO 2017 Football Cup» турнирі туралы болуда. Бұл түсінікті де, себебі Қазақстанға өз заманында атағы алысқа кеткен Дино Баджо, Христо Стоичков,  Марко Дельвеккио, Нуну Манише секілді  ойыншылар тұңғыш рет келмек.

«EXPO 2017» көрмесінің аясында ұйымдастырылып отырған «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық турнирі 5-6 тамыз күні өтеді.

«Астана Арена» стадионында Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрамалары, сонымен қатар Жұлдыздар құрамасы кездеседі.

Турнир – мәскеулік «Аңыздар кубогының» баламасы. Ресейлік шараға жақында карьерасын аяқтаған өткен жылдардың белгілі ойыншылары қатысады. Ал мұндай ауқымды спорт жарысы Қазақстан орталығында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов және басқа ойыншылар жанкүйерлерді өнерімен қуантпақ. Қазақстан атынан Игорь Авдеев, Андрей Карпович, Қайрат Әубәкіров, Мұрат Тілешов, Андрей Финонченко секілді отандық футболдың ардагерлері алаңға шығады.

4 тамыз күні 16:00-де «Астана ЭКСПО-2017» медиа-орталығында турнир мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты басталады, ал 17:00-де көрме аумағында футболшылар жанкүйерлермен кездесіп, қолтаңба сессиясын өткізеді.

5 тамыз күні 12:00 мен 18:30 аралығында топтық кезең ойындары, ал 6 тамызда 14:30 бен 17:40 аралығында плей-офф сериясының ойындары мен марапаттау салтанаты жүреді.

Сонымен қатар 6 тамыз күні 12:00 мен 13:00 аралығында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері үшін ойыншылардың қатысуымен арнайы шеберлік сыныбы ұйымдастырылатын болады.

Турнирдің ұйымдастырушысы Әлия Адамбаеваның айтуынша, шеберлік сыныбына Қазақстанның түрлі аймағынан келген футболмен айналысатын 300-дей бала қатысады. Олардың арасында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де болады.

«Балаларды «EXPO 2017 Football Cup» шарасына қатысқан әр командадан 2 ойыншы жаттықтырады. Нәтижесін жексенбі, яғни 6 тамыз күні алаңда балалармен әлемдік беделі бар 12 ойыншы жұмыс істейтін болады. Әр ойыншының белгілі бір өз функциясы бар екенін атап өткім келеді: біреулері балаларды допты дұрыс беруге, енді бірі соққы техникасына үйретеді», - дейді ол.

Адамбаева балалар тобының ауысып, бір жаттықтырушыдан екіншісіне өтіп отыратынын айтты. «Екі танымал футболшы әр командамен бөлек жұмыс жасап үлгеретін болады», - дейді ұйымдастырушы.

«EXPO 2017 Football Cup» турнирінің ресми өкілі Айдын Қожахметтің сөзіне қарағанда, шара «көрмелік» сипатқа ие екен. «Футболшылар алаңға өздерін еркін сезініп шығады, олардың мақсаттары біреу-ақ – шеберліктерін көрсету. Бұл – эстеттерге арналған оқиға. Спортшылар бабында, доппен қалай керемет жұмыс істеу керектігін біледі», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Сондай-ақ сарапшы турнирге Қазақстан командасының тұңғыш рет қатысып отырғанына мән беріп өтті. «Бұл – біз үшін үлкен қадам, осыған дейін Аңыздар кубогына қатысып көрген жоқ едік», - деді Қожахмет.

Турнирдің бас менеджері, «Нью Спорт» спорт агенттігінің президенті Тамерлан Куриев өз кезегінде аталған шараның өтуіне мұрындық болған алғышарттар туралы айтып берді. «2009 жылдан бері Аңыздар кубогына ондаған әлем, Еуропа чемпионы, Чемпиондар лигасының жеңімпаздары, көптеген атақты клубтардың белгілі ойыншылары қатысты. Футбол карьераларының аяқталғанына қарамастан оларға деген жанкүйерлердің қызығушылығы еш төмендемеген емес. Ал мұндай форматта өтетін турнирде қызу қарқындағы ойындар міндетті түрде болады», - деп атап өтті ол.

Куриевтің сөзіне қарағанда, соңғы Аңыздар кубогында орта есеппен бір ойында 14 голдан соғылған екен.

«Үлкен футбол мейрамы өтейін деп отыр. Мен тек Федерация президенті ғана емес, футбол ардагері ретінде де Қазақстанда «EXPO 2017» кезінде осындай аңыздар турнирінің ұйымдастырылатынына қуаныштымын. Шара жоғары деңгейде өтеді, ал біз әдемі ойындардың куәсі боламыз деп ойлаймын», - деп мәлімдеді Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейділдә Байшақов.

Бұл жаздың басты спорт шарасына EXPO-2017 халықаралық көрмесінің ресми сайтынан немесе кассаларынан билет сатып алып, қатысуға болады. Құны – 2000 теңге. Билетті онлайн сатып алу үшін tickets.expo2017astana.com сайтына кіріп, «Мәдени бағдарлама» бөліміне өтіп, өзіңіз тамашалағыңыз келетін ойын күні мен стадиондағы секторды таңдау керек. Футбол турнирінің билеттері белгілі бір орынды емес, секторды ғана көрсететінін айта кету қажет.