Ертең Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Қостанай облысының күндері басталады. 9 тамызға дейін жалғасатын аймақ мерекесі аясында суретшілер, мүсіншілер, қолөнер шеберлері, филармония және театр әртістері өнер көрсетіп, спорттық жарыстар мен өңірдің ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда шұжық, сүт, кондитерлік, ұн және макарон өнімдерінің түрлері, басқа да өнімдер тауар өндірушілердің бағасымен ұсынылады.
Қостанай облысы күндері 5 тамыз күні сағат 21.30-да ЭКСПО көрмесі аумағындағы амфитеатрда үздік шығармашылық ұжымдардың гала-концертімен ашылады. Келесі күні сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін «Қазанат» атшабарында болатын «Шырқар әнім туған өлкем – Қостанай» атты концертінде өңірдегі халық әндерін үздік орындаушылардың, сондай-ақ, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің өнерін тамашалауға болады. Ал сағат 18.00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалы-драма театрында Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының Ыбырай Алтынсаринге арналған «Дала шамшырағы» спектаклі қойылады.
7 тамыз күні сағат 19.00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театрында облыстық орыс драма театрының Ахмет Байтұрсынов пен оның жұбайы Бәдрисафаға арналған «Любовь и смерть ақ келін» спектаклін көруге шақырамыз. Дәл осы уақытта Астана қаласының орталық алаңында «Славянская песня» орыс халық аспаптар оркестрі мен ансамблінің «Музыка – душа народа» атты вокалдық-поэтикалық бағдарламасы көпшілікке ұсынылады.
31 шілде мен 9 тамыз аралығында «Қазанат» атшабарындағы этноауылдың «Қолөнершілер» секторында Қостанай облысының 20 қолөнер шеберінің «Туған жер құшағында» экспозициялық көрмесі өтеді. Сонымен қатар осы маңда 5 және 6 тамыз күндері өтетін қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, аламан бәйге, құнан бәйге сияқты ұлттық спорт жарыстарын ұмыт қалдырмағанымыз жөн. 8 тамыз күнгі мәдени шаралар легін сағат 19.00-де орталық алаңда «Костанайские зори» би ансамблінің «Сиқырлы би әлемі» хореографиялық шолуы жалғайды. 9 тамыз күні сағат 19.00-де елорданың бас алаңында облыс мәдени күндерінің жабылу салтанаты ұйымдастырылады.
Асхат РАЙҚҰЛ
"Егемен Қазақстан",
Суретті түсірген
Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»