• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас 10 Ақпан, 2026

Күршім көгінде қыран самғады

20 рет
көрсетілді

Ерке Ертісті жағалай жайлаған Күршім ауданында құсбегіліктің II облыстық чемпионаты өтті. Екі күн қатарынан Топтерек ауылының аспанында қыран қалықтап, құс көтергендер мәре-сәре болысты.

Айта кетейік, ауқым­­ды жарыс­ты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Күр­шім ауданының әкімдігі ұйым­дастырды. Дүбірлі додаға Өскеменнен, Зайсан, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарынан ең үздік деген құс­бегілер жиналды. Сайыс­­қа ұзын саны 25 бүркіт пен 6 ителгі қатысты.

Қыран құс көкке самғап барып, төмен шүйілгенде жи­нал­ған жұрттың қиқуы күшейеді. Төменде жортқан қоянға да жан керек, жалтақ­тай қашады. Тегеуріні күнге ш­ағылысып, өткір жанары жылт еткен тышқанды бай­қайтын бүркіт орғи қашқан қоянды қойсын ба? Кеше жауған ұлпа қардың бетінен іле жөнеледі. 

Нәтижесінде, Ұлан ауда­ны­­ның намысын қорғаған Горь­­кий Нажитбан жеңім­паз ата­нып, 1-орынды иелен­ді. 2-орын Зайсан қа­ла­­сынан келген Ақынбек Тө­леп­­бергенге бұйыр­ды. Ал 3-орын­ды кішкентай бүр­кітші қыз Айзере Нажитбан қан­жығасына байлады. Құсбегілер бүркіт салу ғана емес, қолға шақыру және шы­ғарға салудан да жоғары шеберлік көрсетті.

Ал ителгі ұшырудан Өске­­меннен келген Самғат Ердана алтын жүлде иеленді. 2-орын Күршім ауда­ны­ның бүркітшісі Айдос Жанды­кеевке берілді. 3-орынды Зайсан қаласынан кел­ген Төлепберген Боран­бай еншіледі. Барлық жеңім­паздар мен жүлдегерлер тиіс­ті дәре­жедегі медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Республикалық «Құс­бегілік» федерациясының рег­ламенті­не сай өткен бұл турнир өңірдегі саятшылық өнерін жаңғырту­дың жар­қын үлгісі болды. Шарада қатысушылардың қауіп­сіз­дігіне баса назар аударылып, медициналық қызмет пен жол полициясының сүйе­мелдеуі толық қамтамасыз етілді. Топ­терек ауылындағы бұл дода ұлт­тық рухты асқақ­татып, өскелең ұрпақты ата кәсіпке баулуда ма­ңызды рөл атқарды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы

Соңғы жаңалықтар