Бүгін және ертең Астана мен Семей қалаларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік ауқымды халықаралық форум өтеді
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ
Киев қаласында өткен Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толады. Әлемдегі ең ірі полигон жабылғаннан кейін барлық ел ядролық қарудан бас тарту жайлы шешім қабылдай бастады. Қазан айында Қазақстанда «Ядросыз әлем» деген тақырыппен халықаралық форум өткізілмек. Былтыр Вашингтонда өткен форумда осы бастаманы алғаш рет көтерген болатынмын. Қызығушылық танытқан мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды Қазақстанда өтетін халықаралық форумға қатысуға шақырамын».
Қазақстанның бастамасымен 2006 жылы Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде қалыптастыру жөніндегі келісімге қол қойылғаны белгілі.Бұрынғы Семей аймағының полигоннан зардап шеккен жерлерін аралаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун соғыс атомынан бейбіт атомға көшу барысындағы еліміздің алғашқы қадамдарына жоғары баға беріп, әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Семей полигонының жабылуы мен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы адамзат тарихындағы ірі жаңалық, үлкен өзгеріс еді. Міне, енді Астана, Семей және Курчатов қалаларында Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай «Ядросыз әлем» форумы өткізілгелі отыр. Форум аясында Семей қаласында шетелдік белгілі ғалымдар, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен үлкен алқалы жиын басталуда. Бұл – халықаралық деңгейдегі маңызды саяси басқосу. Форумның маңызы ескеріліп, Мемлекет басшысының тапсыруымен қаланы көріктендіру жұмыстарына Үкіметтен қомақты қаржы бөлінді.
Форумға дайындық шеңберінде қала бойынша басты деген үш нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар қала әкімдігінің ғимараты алдындағы Орталық алаң, Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі. Сондай-ақ «Әлем стелласы» архитектуралық кешені мен «Абай жолы» стеллалары бой көтерді. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи маңызды сапарларының бірі – Бельгия Корольдігіне барған кезде Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кездескендігін білеміз. Елбасы сол кездері “Эгмонд Палас” атты Король сарайының ауласында ядролық сынақ құрбандарына ескерткіш ашуға қатысқан еді. Бұл ескерткішті Кәрі құрлықтың төріне орнату ұсынысын Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет департаменті жасаған екен. Бұл Семейдегі “Өлімнен де күшті” атты мемориалдың көшірмесі ретінде жасалған. Басты мағынасы – адамзат өз қолымен жасаған зұлымдықты өз қолымен жеңе де алады дегенді білдіреді. Монумент өмір, өлім және жарқын болашақ деп аталатын үш негізгі ұғымнан құралған. Жоғарғы бөлігіндегі қоладан жасалып, алтынмен апталған күн мен қыран ашық аспан астында еркін самғап ұшып келе жатқан күшті де өр мемлекеттің нышанын білдіреді. Күннің ортасында бес саусағы жазылған алақан атом бомбаларына әлем халықтарының қарсылығын көрсетеді. Ортада қурап тұрған ағаш жарылыстар әкелген трагедияны меңзейді. Монументтің діңгек тасында жарылыстардан зардап шеккен мемлекеттер мен қалалар аттары жазылған. Осының ортасындағы тақтаға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығының қазақ тіліндегі алтын жалатылған мәтіні орналасқан. Тастың үстіңгі жағының оң қапталына Мемлекет басшысының әлем халықтарына арнаған Жолдауы қазақ, ағылшын және француз тілдерінде ойылып жазылыпты.
Осылайша Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінің көшірмесі Бельгияда жоғары бағаланып жатқан кезде негізгі нұсқаның да күтімге алынуын заңдылық деп бағалаймыз. «Өлімнен де күшті» монументі Түйемойнақ аралында 2000 жылы Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі, халықаралық Абылай хан қорының президенті, Шығыс елдері сәулеті Халықаралық академиясының академигі, мемлекеттік «Тарлан» сыйлығының лауреаты Ш.Уәлиханов пен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі А.Байғатаровтың бірлесіп жасаған жобасы болатын. Ол 2000 жылы Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Бірақ оның айналасындағы полигон зардаптары мен құрбандарына арналған композициялық топтағы кешен бөліктері уақыт тығыздығынан және қаражат жетіспеушілігінен іске қосылмай қалған еді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Семей.