• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Тамыз, 2017

«Қазына» шығарған қазына

684 рет
көрсетілді

«Қазына» баспасы мектеп оқушыларына арналған, «Ана тілім − алтын қазынам» жобасы бойынша көркем безендірілген кітапшалар шығаруды жақсы жолға қойған. Қазірдің өзінде 10 кітапша балалардың қолына тиіп отыр. Ол игілікті істің, яғни, жоба жетекшісі Жақсыбек Күлекеев екенін еске сала кетсек дейміз. 

«Жәндіктер» атты 50 бетке таяу кітапшада жән­діктер әлемі туралы қысқа мағлұматтарды түр­лі-түсті әдемі суреттермен берген. Айталық, көбе­лектің орысша, қазақша, ағылшынша атауы қатар тұр. Ал «Көкөністер» кітапшасында оның сан алуан түрлері барын айта отырып, балалар күнде көріп жүрген асқабақ, қарбыз, қауын, қияр, тағы бас­қа көкөністерден қысқа да нұсқа мәлімет береді. «Құстар» жинағында бүркіт, қаршыға, тұйғын туралы, «Балықтар», «Жануарлар» «Ағаштар» тақырыбындағы кітапшаларда әртүрлі деректерді суретпен ұштастырған. Сол секілді, балалардың бір-біріне деген туыстығы да «Туыстар» атты кітап­шада әдемі көрініс тапқан. Ата, әже, ана, апа, аға, әпке, жезде, өзге де атауларға жан-жақты түсі­ніктеме береді. Мұның бәрін балалардың өздері баяндайды. Кітапшаларды жарыққа шығаруға ғалымдар, журналистер атсалысыпты. 

Қазір үш тілділік туралы көп айтылады. Сол мәселені осындай ұғынықты тілмен жазылған еңбектер арқылы жеткізсек деген ниет құптауға тұрады. Ең бастысы, балалардың қоршаған ортаны танып білуіне, тіл ұштауына, кітапшалардағы деректерді күнделікті сабағына қолдануына болады. Алдағы уақытта бұл игі іс жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарымыз осындай үлгімен ұл-қыздың қолына жетіп жатса, нұр үстіне нұр болары хақ. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»