Кеше «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық конференция шеңберінде ұйымдастырылған мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің осы тақырыпқа арнаған шығармалары мен суреттері конкурсының нәтижесі жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Сыйлық тапсыру рәсімін Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров жүргізді. Конкурсқа қатысқандар арасынан жеңімпаз деп танылған алты оқушы еліміздің әр түкпірінен келген еді, олардың бәрі де демеушілер әперген айпад планшеттерін иеленді.
Конкурс нәтижесі бойынша шығармалар арасынан бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Айнабұлақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақмарал Манапова алды. Ақмарал шығармасында өз басынан өткен жайларды жазған екен. Ядролық сынақ алаңына жақын маңда туған оның анасының бойынан қатерлі ісік дерті табылып, оған ота жасалады. Бастан кешкен қиындықты оқушы қыз шынайылықпен баяндайды. Ал шығармасының соңында ол: егер сендердің тұратын жерлеріңде ядролық сынақтар жасалатын болса, үнсіз қалмай, бастарыңды көтеріп, қарсылық білдіріңдер, деп өзінің құрдастарын ашық күреске шақырады.
Екінші орынға Алматы қаласындағы №32 мектептің 11-сынып оқушысы Дінислам Бекқалиевтің өлеңі лайық деп табылды. Ал үшінші орын ядролық сынақты басынан өткерген өлкенің ұланы, Абай ауданындағы Қарауыл мектебінің 10-сынып оқушысы Жайнар Назымқызына берілді. Туған жерін шексіз сүйетін қыз өзінің шығармасында ядролық сынақтарға лағнет айтады.
Суреттер номинациясы бойынша бірінші орынды Тараз қаласындағы №43 мектептің 2-сынып оқушысы Санжар Бегайдаров, екінші орынды Қостанай облысы Жітіқара қаласындағы гимназияның 7-сынып оқушысы Жанат Темірханов және үшінші орынды Қарағанды қаласындағы №101 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Мұхтар Серіков алды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне атом қырғынын арқасымен көтерген Нагасаки қаласының қазіргі мэрі Томихиса Тауэ қатысты. Ал марапаттар алуға «Қазатомөнеркәсіп» ҰК пен «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ұйымы қолұшын берген екен.
Жақсыбай САМРАТ.
Астана.