Кешегі Семей атом полигонының иелігінде болған жерді қажетке жаратып пайдалану туралы әңгімеге әлі нүкте қойылып болған жоқ. Сынақ зардаптары пәлен жүз жылға дейін созылады деген ұстанымды көлденең тартушылар бұл аймақтағы жерді пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық танытып бақса, білемін дейтін ғалымдар елді соншалықты үрейлендірудің жөні жоқ деп есептейді. Сонда кімге сенген жөн?
Осы орайда Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко былай дейді.
– Орталық тарапынан бұрынғы Семей атом полигонына қарасты жердің 97 пайызы зерттеліп, тексерілген болса, соның 93 пайызы пайдалануға жарамды. Сондықтан бірден айтайын, онсыз да бейбіт заманда қырық жыл қырғынды басынан кешірген жергілікті халықты босқа үрейлендіре беру адамшылыққа жатпайды.
Енді нақты мысалға сүйене отырып сөз қозғайын. Биылғы жылы кешегі полигон аймағындағы ядролық сынақтар өткізілген алаңға тәжірибе ретінде қияр мен қызанақ, сондай-ақ асқабақ пен бұрыш егіп өсірдік. «Фермерлік ауыл» деген атпен өткізілген тәжірибе тіпті біз күтпеген нәтиже көрсетті. Яғни, қауіпті радиация өнімнің сабағы мен жапырағында қалып, жемісіне бармаған. Сөйтіп, сынақ аймағында егілген көкөністе қауіпті радионуклеидтер жоқ болып шықты.
Мұны бір десек, екіншіден, осындағы мал өнімдерін де ешқандай қауіптенбестен пайдалана беруге болады. Айталық, өз басым полигонның нақ іргесіндегі Саржал ауылында өндіріліп келе жатқан мақтаулы қымыздың белсенді насихатшыларының бірімін. Тіпті, менің насихатымсыз-ақ бұл ауылдың қымызының даңқы бүгінде бүкіл ел көлемінде белгілі. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, елді босқа үрейлендіре бермей, керісінше, олардың ертеңге деген сенімін нығайтуға атсалыса білейік, ағайын!
Жазып алған Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.