Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Еуропалық Кеңестің Бас хатшысы Турбьорн Ягландпен де кездесу өткізді.
Қанат Саудабаев өзінің сөзінде мәртебелі қонақтың, яғни Еуропалық Кеңес Бас хатшысының Қазақстанға жасаған сапары өзара әріптестікті одан әрі кеңейтуге және нығайтуға тың серпін береді деген сенімін жеткізді. «Сіздің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуіңіз Қазақстанның да, Еуропалық Кеңестің де болашақта әріптестікке, еуропалық құрылымдағы интеграцияға әзір екендігін көрсетті», – деді Мемлекеттік хатшы.
Т.Ягланд өз кезегінде Қазақстан Президентімен, сондай-ақ, Конституциялық кеңесте, Сыртқы істер министрлігінде, Прокуратурада өткен кездесулердің барлығы нәтижелі әрі пайдалы болғанын жеткізді. «Бұл ретте, мен бүгінде Еуропалық Кеңес пен Қазақстан екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытын басшылыққа алып келе жатқанын атап көрсетсем деймін. Біз бұл кездесулер барысында Қазақстанның бірқатар қосымша келіссөздер мен конвенцияларға қосылу үдерісіне қатысты іс-шаралардың жоба-жоспарын талқыладық. Осы орайда мен мына мәселеге қуанышты екенімді жеткізгім келеді. Біз Қазақстанмен осы бағыттағы әріптестікті жандандыруға қызығушылық танытып отырмыз. Сондай-ақ, «көршілер ынтымақтастығы» саясатын алға жылжытып келеміз. Мұндай саясат Орталық Азия, Жерорта теңізі мен Араб елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Бұл ынтымақтастық болашақта да өз жалғасын табады деген ойдамыз», – деді Еуропалық Кеңестің Бас хатшысы.
Бұл ретте мынаны айта кетейік, Еуропалық Кеңес Бас хатшысының Қазақстанға сапары 2009 жылдың желтоқсан айында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Турбьорн Ягландтың Афинада, ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінде қол жеткізілген келіссөзге сәйкес өткізілуде. Бұл сапардың мақсаты – Қазақстан мен Еуропалық Кеңес арасындағы ынтымақтастық әлеуетін одан әрі нығайту.
Еуропалық Кеңес Бас хатшысы Т.Ягланд Қазақстан мен Еуропалық Кеңес әріптестігін тиімді дамыту мәселесін әрдайым назарда ұстап келеді.