• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2017

Астанада соңғы үш жылда 117 апатты тұрғын үй сүрілді

211 рет
көрсетілді

Астанада соңғы үш жылдың ішінде 117 апатты тұрғын үй күрелді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылдың соңына дейін тағы 111 үй күреліп, 1850 тұрғын жаңа баспанасына қоныстанады деп жоспарланып отыр. Осыған орай, елорда әкімдігі медиа орталығының тілшілері апатты үйлердің қалай күреліп жатқанын көріп, жұмысшылардың бір күндік жұмысынан фоторепортаж дайындады.

2013-2016 жылдар аралығында күрелген төтенше жағдайдағы үйлерде тұрып келген 1570 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Жыл соңына дейін қоныс тойын тойлаушылардың саны 1850 отбасыға көбеймек. Себебі, биылғы жылдың соңына дейін күрелетін апатты үйлердің тұрғындарына осынша пәтердің кілті табысталады.

Жалпы күреліп жатқан үйлердің дені өткен ғасырдың 40-70 жылдарында салынған. Тозығы жеткен үйлерде тұру адам өміріне қауіп төндіреді. Инженерлік желілер тозған, есік-терезелері шіріген үйлердің едендері мен желтөрелерінің жағдайы айтпаса да түсінікті. Сөзіміздің басында атап өткендей жыл соңына дейін 111 үйді күреу көзделіп отыр.  Елордадағы ең көп апатты үй Сарыарқа ауданында. Олардың саны - 124. Алматы ауданында - 82, ал Есілде - 22 тозығы жеткен үй бар-ды.

Апатты үйлерді бұзу жұмысы ғимараттың төбесін ашудан басталады. Одан соң жылу желілер мен төбедегі бетон қаптамалары алынады. Кірпіштерін бір бөлек, қоқыстарын бірбөлек жинап, ең соңында қала сыртындағы қоқыс полигонына жөнелтіледі. Жыл соңына дейін күрелетін үйлердің орындарына Астана билігі саябақтар мен гүлзарлар салуды жоспарлап отыр.

Бұл үйлерді күреу ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру да күн тәртібіндегі баста мәселе емес пе? Сондай-ақ қорқынышты фильмдегі жартылай қирап, дал-дұлы шыққан үйлер елорданың сәнін кіргізбесі анық. Сәулеті мен салтанаты күн санап асқақтап жатқан Астананың тұрғындары жақсы әрі жайлы һәм жаңа үйде тұрса да болады.

Өкініштісі, тұрғындардың бәрі мұны түсіне білмейді. Бүгінде апатты үйлерде тұрып келген елордалықтардың 95 пайызы жаңа пәтерлерге көшуге келісті. Ал кейбір тұрғындар жаңа баспанадан бас тартып отыр.