ЭКСПО-ны көріп, көңілім марқайды
Елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі еліміз үшін мәртебе, мақтаныш. Күллі әлем көз тіккен, еліміздегі он сегіз миллион халықтың ортақ тойына айналған шараны Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп тамашалаушылар қатары күн санап артуда. Олардың ішінде еңкейген кәрісі де, ес білген баласы да бар. Барлығы да ел астанасындағы әйгілі жиынды кеуделерін кернеген қуанышпен әңгімелейді. Көрмеге қатысқан күндерін өмірлеріндегі айрықша сәт ретінде еске алады. Күні кеше Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданының тұрғыны Мырзабай ЖАҚСЫЛЫҚОВ атамыз айтулы шараны көзімен көріп, көңілі марқайып қайтты туған жеріне. Сексеннің сеңгіріне шықса да ширақ қарияны әңгімеге тартып, аз-кем тілдескен едік.
– Көмейіңізден ағытылған әңгімелеріңіз шежіреге бергісіз екен. Алдымен оқырмандарымызды топырағыңызбен таныстырып, өзіңіз жайында тіл қата кетсеңіз.
– 37-нің қырғынында Қостанай өңірінің Қондыбай ауылында тудым. Өмірім кеңшардың есеп-қисабын шоттаумен өтті ғой. Аллаға тәубе дейік, егемендік алып, есімізді жидық емес пе. Өз еліңе, өз жеріңе бір шыбық қадасаң да пайда. Бұл – халқыңа тигізген пайдаң. Мен де зейнеткер екенмін деп қол қусырып отырғанды құп көрмедім. Өлкетану, тарих, этнография тақырыптарын саралап, зерделеп жүргеніме жиырма жыл болыпты.
– Еңбегіңіз нәтижесіз емес шығар деп ойлаймыз...
– Иә, «Қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» деген. Тырбаңдап жүрген соң бір тірлік бітеді ғой, әйтеуір. Қазақстанның сегіз облысын, іргедегі Ресейдің екі облысын аралап, соңғы ханымыз Кенесары Қасымұлының жолымен жүріп өткенім бар. Ізденістерім із-түзсіз емес, кешегі күндерге, ұлт шежіресіне арналған бірнеше еңбегім жарық көрді. Екі кітабым Елбасы назарына ілігіп, Алғыс хатын жолдады. Еліміздегі тарих ғылымдарының докторлары, өлкетанушы профессорлар ой-тұжырымдарын білдіріп, жоғары бағалады. Жақында ғана Астана қаласында ЭКСПО көрмесі аясында Қостанай облысының күндері өткенінен хабардар боларсыздар. Осы шарада кітаптарым көпшілік назарына таныстырылғанын да айта кетейін.
– Сол ЭКСПО көрмесін өз көзіңізбен көрдіңіз. Көңілге түйгеніңіз, көпке айтарыңыз бар шығар?
– Әрине, қарағым! Ең алдымен, замандасым, елдің ағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Осындай көрме өткізіп, оған жер бетінің жартысынан астам мемлекетін ұйыстырып, Қазақ деген халықты әлемге паш еткізді. Біздің ұлттың бұрын-соңды шықпаған шыңы, бармаған белесі ғой бұл. Ендеше неге мақтанбасқа? Жаһанның алдында мәртебеміз асқақтады, мерейіміз үстем болды. Енді біз қолдауымыз керек. Қолпаштағанымыз абзал.
Қарт көңіл көп жылдардың куәсі емес пе? Міне, ЭКСПО сияқты ерен істі де көз көріп, көңіл марқайды. «Жақсыны көрмекке» деген. Облыс, аудан басшылығындағы балаларыма да рахметім көп. Өңірден жөңкілген топтың құрамына қосып, Астананың топырағын басуды нәсіп етті. Ал алған әсерімді айтайын, ғимараттардың келбеті керемет! Біздің елімізде көрсетілген әр елдің жетістіктері ертең игілікке жарайтынын сеземін. Өйткені, мен соқаның заманын көрдім, комбайнның кезеңінен өттім. Ақылды технологияның да шет жағасын байқадық. Ал көрмедегі ғажайыптарға қалай сенбейсің? Алла алдынан жарылқасын дейік! Ұлттық нақыштарды «Этноауылдан» аңғардым. Тазының – сырттаны, тұлпардың – тарпаңы, құстың сұңқары сонда. Киіз үйлер, салт-дәстүрлер ұмтылмапты қалада да. Бұдан ұрпағымыз өз мәдениетін, құндылығын жоғалтпай, өркендеу үстінде екен деген ойды түйдім және көңілім соны медет тұтып жайланғанын несіне жасырайын.
Қарт кеудеде тілек те көп, егемен елімнің басынан берекесі, бейбіт заманы таймасын! Халықтың ішін Қыдыр кезіп, қуаныш, шаттық жайласын. Тәңірі биіктегі азаматтардың амандығын бергей, олардың соңынан ұлтын сүйетін, жұртын қастерлейтін перзенттер ергей! Әр қазақтың айы оңынан туып, жолы оңғарылсын!
– Игі тілегіңізге рахмет.
Әңгімелескен Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Шетелдік еріктілер де бар
ЭКСПО-2017 көрмесі бүгінде бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отыр. Ал жаһандық шара кезінде қызмет көрсетіп жүрген еріктілердің арасында шетелдіктердің де бар екенін біреу білсе, біреу білмес.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына көмек көрсетіп жүргендердің бірі – Сидней Исайя. Жаһандық көрме үшін арнайы Испаниядан келген. Бұл жігіттің бір ерекшелігі, халықаралық маңызды шаралардың көбіне қатысқан екен. Осыған дейін 2015 жылы Миланда өткен ЭКСПО-ға, сондай-ақ өткен жылы Риода, 2014 жылы Сочиде өткен олимпиадаларға ерікті ретінде қатысыпты.
Өзінің айтуынша, халықаралық көрме Астанада өтетінін естіген бойда волонтер ретінде қатысуға өтініш білдіріпті. Ғаламтор беттерін ақтарғанда қазақ халқының қонақжай екенін білгеннен кейін қызығушылығы тіптен арта түскен. Дегенмен, Қазақстанға келу оған оңайға соқпапты. Бұл мақсатына жету үшін түрлі форумдар мен әлеуметтік жобаларға қатысып, дайындықтан өткен. Тіпті, ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау мақсатында шаралар да ұйымдастырыпты.
– Италияда өткен көрмеде әр елдің павильоны қандай деңгейде болғаны есімде. Олардың арасында Қазақстандікі қаттырақ ұнады. Шынымды айтайын, оған дейін Орталық Азияда орналасқан Қазақстан туралы өте аз білетін едім. Бірақ осы шарадан кейін Қазақстан туралы көбірек мәлімет алып, осы жаққа келуге ынтызарым артты. Ұлы Дала елі маған ерекше ұнады. Әр ұлтты бөлмей, туғанындай қарайтынына қайран қалдым. Мұндағы жұрт өте мейірімді. Ал ЭКСПО аса жоғары деңгейде өтіп жатыр, – деді Сидней Исайя.
Айта кетейік, ЭКСПО аумағында 40 елден келген 150 шетелдік ерікті қызмет көрсетіп жүр. Олардың арасында Әзербайжан, Франция, Италия, Уганда секілді алыс-жақын елдер өкілдері де бар.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Kөрмеге Зайсаннан 3 мың адам барады
Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Қамшының сабындай уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өтуінің ұйытқысы бола білді. 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында өткен ХБК-нің 152-ші сессиясында жасырын дауыс беру барысында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтеді деп белгіленді. Қалай дегенде де, ЭКСПО-2017 сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүние жүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Өйткені, елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы.
– Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановпен біраз уақыт бұрын телефон арқылы хабарласқан едік. Ол былай деді:
– ЭКСПО-ға біздің ауданнан үш мың адам барып, қазақ елінің ширек ғасыр ішінде қол жеткен табыстарын тамашалайды. Олардың Астанаға жетуі үшін автобустар бөлінді. Бір адамның барып-қайтуы небәрі бес мың теңге. Жақында ғана аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваның басшылық жасауымен, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Шаймардан Оралбаев, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қазбек Биқадамов, журналистер Ардақ Бөлдекбаева, Марат Салбанов, Зайсан «Жастар мүгедектер қоғамы»қоғамдық бірлестігі, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектерімен барып, қазақ өнері мен мәдениетінің жаршысындай болған ЭКСПО-2017 көрмесінің әсем ғимараттарын, әрбір елдің «Болашақ энергиясы» тақырыбына арнап салған павильондарын тамашалап келген соң өз әсерлерін жеткізді. Бұған қоса, Астана қаласының ерекше әсем көрінісін өз көздерімен көріп, тамашалап қайтты. Ол ол ма, ауданның бір мыңға жуық мектеп оқушысы, ардагерлер мен зейнеткерлер де белгіленген кесте бойынша ЭКСПО-ны тамашалады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтегілер, аудан әкімдігінің барлық қызметкерлері де Астанаға аттанып, көрмені тамашаламақ, – дейді Зайсан ауданының әкімі Т.Қасымжанов.
ЭКСПО-2017 – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін тұс. Сондықтан да біздің тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін халықаралық көрмені өткізудің маңызы өте зор. Зайсандықтар мұны терең түсінуде.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы
Суретте: зайсандықтар ЭКСПО көрмесінде
Суретті түсірген Марат САЛБАНОВ