• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Тамыз, 2017

Киберқауіпсіздік

2108 рет
көрсетілді

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында киберқауіпсіздік мәселесін басым бағыттардың қатарына шығарып, қылмыстың осы түрімен күрестің көкейкестілігі күн сайын артып келе жатқанын бөле-жарып атады.

Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасына орай таяуда Үкімет еліміздің киберқауіпсіздігінің тұжырымдамасын бекітті.  Жалпы, киберқауіпсіздік дегеніміз не? Тұжырымдама қандай себеппен әзірленді? 

Себебі біреу. Қазір ғаламшарда қауіптілігі жағынан ядролық қару­мен пара-пар қылмыстың түрі өр­шіп тұрғанын ешкім жоққа шығар ал­мас. Ол қылмыскер онлайн ар­қы­лы үйінен бір қадам шықпай-ақ компанияларды шаш-етектен шы­ғынға батырады. Бұлар қа­шық­та отырып-ақ, алып өндіріс орын­дарының жұмысын тежеп, газ құбырларындағы жарылыстар­ды, жарықтың жаппай өшіп қа­луын, ұшақтардың құлауын, пой­ыз­дардың рельстен шығып кетуін ұйы­м­дастыра алады. Тіпті бұл аз бол­са, кибертоптар мемлекет­тер бас­шыларының сайлау үдеріс­те­ріне дейін киліге алады.  Оның бер жағында ұялы байланыс операторларының жұмысына ке­­дергі келтіру, банктегі жеке шот­тардан ақша қымқыру сияқты ки­бер­қылмыстар белең алмаса, Гер­мания сынды мемлекеттер ки­берқауіпсіздік министрлігін құ­­рып, Қытай, Ресей сияқты көр­ші­леріміз онлайн режіміндегі ша­буылдарға қарсы құлаш-құлаш заңдар қабылдамаған болар еді. 

Демек, адам баласы ойлап тап­қан ақпараттық технологиялар ар­қылы көрсетілетін қызметтердің де әлсіз тұстары жеткілікті. Бү­кіл әлемді уысында ұстаған онлайн­ның да осал тұстары табылып тұр­ғанда, ешкімді қанға бөктіріп, қа­руға қаражат кетірмей-ақ, қаскөй әре­кеттерді жүзеге асыра алатын тым ақылды адамдар, яғни қара ни­етті ІТ мамандар мемлекеттерді ми­ллиондап шығынға батырып отыр. 

Қазіргі киберхакерлер – жай ға­на адамдар емес, бұл үлкен қар­жы­лай ресурстарға ие болған күш.   Заманына қарай – зәлімі. Ен­деше мұндай жағдайда мем­ле­кеттік құқық қорғау мекемелері қа­лай әрекет етуі керек? Бей­та­рап, бейкүнә адамдарды ки­бер­ала­яқ­тар­дан қалай қорғауға болады? 

«Қардың басын қар алады» деген­ге сайсақ, онда мемлекеттерге ақ ниетті хакерлер, анығырағы ки­берқылмыстардың қалай жүзеге асы­рылатынын бүге-шігесіне дейін ажы­рата алатын мықты кадрлар ауа­дай қажет. Бұл дерттің ендігі дауасы – осы.

Өйткені, киберқылмыстың бү­гінгі бет алысы жөнінде нақ­ты мағлұматтар беру мүмкін емес. Себебі жалғыз, заманауи ақ­па­раттық және компьютерлік технологиялар күн санап дамуда. Сәйкесінше, олардың фун­к­циялық мүмкіндіктері артып ке­ле­ді. Бұл киберқылмыс де­рек­терін табуды қиындатады.  Оған қоса, көп жағдайда кибер­қыл­мыстан зардап шеккендер қыл­мыстық қол сұғушылыққа ду­шар болғанын дөп уақытында түсіне қоймайды. Сондықтан да құқық қорғау органдарына қылмыс туралы хабар кеш түседі. Оның үстіне, киберқылмыстарға қатысты қылмыстық істер бойынша анықтау және тергеу істерін жүргізетін мамандардың техника саласын жетік білмеуі және компьютер жүйелері мен желілерінде қорғаныс жүйесінің төмен болуы себебінен қылмыстық әрекеттің «та­быспен аяқталу» мүмкіндігі зор. Және банктер болсын, компа­ния­лар мен кәсіпорындар кли­ент­тер­дің алдындағы сенімінен жұр­дай болмауы үшін құқық қорғау ор­гандарына хабарласа бермейді. 

Енді ақпараттық технология­лармен атқарылатын кибер­қыл­мыс­тар экономикалық қана емес, лаң­кестік әрекеттер үшін де пайдаланылып, қоғамға іріткі салудың қолшоқпары ретінде пайдаланылып отырғанын ескерсек, онда бұл қазір кез келген мемлекеттің көкейкесті шаруасына айналып шы­ға келуі де заңдылық. 

Егер мұндай қылмыстық әре­кеттерге ғаламдық ауқымда қа­райтын болсақ, мәселен, 2011 жы­лы Иранның уран байыту ор­та­лығының компьютерлік жүйе­сінде центрифугалардың айна­лу жыл­да­мдығын өзгерткен Stuxnet атты ви­рус табылып, бұл олардың істен шы­ғуына әкеліп соққаны белгілі. Қыс­қасы, бұл оқиға тіпті технология­лары дамыған елдердің энергетика және сумен жабдықтау сынды маңызды өнеркәсіптік нысандарын қорғауды күшейтуге мәжбүр етті. Демек компьютерлік код арқылы мүлдем компьютерлік емес нысандарды істен шығаруға немесе жұмыс істетуге болады.  Сол сияқты қазір инфра­құ­ры­лым­дық және қор­ғаныстық кә­сіп­­орындардың сайттарында ки­берқылмыстың қарқындап отыр­ға­нын ешкім теріске шығара алмай­ды. 

Мысал керек болса, Алматы қа­ла­сында «Интернет-банкинг» электронды жүйесі арқылы кә­сіпкерлердің шоттарынан ақша ұр­лаумен айналысқан қылмыстық топ­тың әшкереленгенін көзі қарақты оқырман ұмыта қойған жоқ. Тергеуде айқындалғандай, қыл­мыскерлер Бас проку­ра­ту­ра­ның атынан ғана емес, сонымен қатар, Салық комитетінің, Қар­жы министрлігінің, аталған ми­нис­трліктегі Мемлекеттік кіріс­тер ко­митетінің және әртүрлі қыз­мет­тердің де атынан хаттар жі­бер­гені мәлім болды.

Шындап келгенде, жоғарыда атап өткендей, киберқылмысқа ұрын­ған компаниялар да, жекелеген адамдар да мұндай жағдайға тап болғанын дабыра ете бермейді. Мұ­ның теріс ықпалы – өзгелер өзі ду­шар болғанша қылмыстың осындай аса жымысқы, зиянды тү­рі барын қаперден шығарып, қамсыз отыра бермек. 

Осы арада ақиқат үшін еліміз­де­гі коммерциялық құры­лымдар ки­бер шабуылдардан әлсіз қор­ғал­ғаны әлсін-әлсін айтылып жүр­генін атап өту ләзім. Біз түгілі, а­қ­параттық технологиялардың қыз­метіне бізден бұрын жүгінген алпауыт елдердің де іскерлері арнайы ұйымдасқан кибертоптардың әрекетінен адам ақылына сыймайтын шығындарға шырматылып отыр. Мәселен, қылмыскерлер ұр­­­ланған немесе жалған карта кө­ме­­гі­мен тауар сатып алып, оны сы­бай­ластарына жолдап, тау­ардың орама­сын өзгертіп шетелге жолдай­ды. Сатушы кредиттік кар­­та­ның жалғандығын анықтап үл­­гер­ген­ше тауар өзге елге кетіп қалады. 

Адамнан айла артылған ба, мысалы осыдан 4 жыл бұрын Гер­м­а­нияның киберқауіпсіздік маманы Карстен Нол «DES шифрлеу ал­горитмін жылдам бұзатын әдіс ойлап таптым» деп мәлімдегенін ұмытпаған жөн. 

Бұл алгоритм байланыс опера­тор­ларының тұтынушыларды бел­г­ілейтін қолданыстағы SIM-кар­таларының төрттен біріндегі қор­ғанысты қалыптастыра алатын-ды. Ал Карстен Нол: «Телефонға бағ­дарлама орнатып, сол арқылы қашықтықтан жедел хабарламаны оқып, тұтынушының әрекетін бақылай аламыз. Тіпті есеп-шоттан ақша ұрлап, телефондағы мәліметтерді де көшіре аламыз», деді.

Ол кейін SIM-картаны шифр­­леу әдісінің әлсіз тұстары жөнін­де толығырақ жариялап, бұл кемшіліктерді техникалық ақ­па­рат­тар GSMA-ға (халықаралық GSM опе­раторларының қауымдастығы) жол­дағанын білеміз. Германиялық са­рапшы ескіріп бара жатқан DES алгоритмі әлемдегі SIM-кар­та­лар­дың төрттен біріне орна­ты­л­ғанд­ық­­тан, 750 млн тұты­ну­шының қау­іп­сіздігіне зиян тиеді деп пайым жа­саған болатын. 

Ал сарапшылар ескіріп бара жат­қан алгоритмді жаңасына әрі жақ­сы қорғалған Triple DES алго­рит­мді SIM-карталарға айыр­бас­тау­ға кеңес берсе де, IBM компаниясына 1975 жылы жасаған 64-биттік DES кілтінің әлсіз тұсы жаңалық болмаған. Өйткені, 1998 жылы оны құны 250 мың долларлық суперкомпьютер 3 тәулік ішінде бұзған. Сол кезде сарапшылар ұялы байланыс пай­да­ланушыларынан ақша ұрлау мүм­кін емес деген тоқтамға келген­де, хакерлердің қолында ондай мық­ты технология жоқ еді. Алайда Кар­тсен Нол бұл шаруаны жай ком­пьютер арқылы 2 минутта-ақ шал­қасынан түсірді.

Одан бері де жағдайдың жақ­са­рып кеткені шамалы. «Кас­пер­ский  зертханасы» кибер­тың­шы­лық­тағы ең қауіпті хакерлік топтар жай­лы де­ректерді жария етуден жа­лық­пай­ды. 

«Касперский зертханасының» мә­лім­деуінше, 30 елдің басты мем­лекеттік мекемелерінде жоюға бол­майтын қатқыл дискдегі вирус­тар табылған. «Тіпті дискіні формат­тау мен қайта орнату да көмек көр­сетпейді»,  дейді компанияның ви­русқа қарсы істер бойынша бас с­арапшылары. Қысқасы, бүгінде кибершабуыл жасады деп бірін бірі айыптап отырған мемлекеттердің мысалы да аз емес. Киберқақтығыстар туралы виртуалды әлемде дерек дәйектеудің өзі қиын. 

Ал енді әлеуметтік желілерде отыр­ғандардың өзі – көзге көрін­бей­тін арандатушылық топтардың кө­сеуі екенін айтатын кез жетті. Мы­сал қажет болса, ақпараттық қау­іпсіздік жөніндегі ресейлік ком­паниялардың бірі Украинадағы оқиғалардан кейін әлеуметтік же­лілердегі белсенділіктің  50 пай­ыз­ға артқанын тіркеген және бұл белсенділік жұмыс уақытында жүрген. 

«Біздің азаматтарымызды ашу­шаң қылып, аз жұмыс істеп, сая­сатқа кетуі үшін санасына ма­ни­пу­ляция жасауға тырысып жат­қан­дары көрініп тұр. Бұл бағ­дар­ламаны басқа елдің мамандары жасап шығарады», деді сонда желдің қай жақтан соғып тұрғанын аңғарған сарапшылар. Ал біздің сарапшылар қазақ­стан­дық компанияларға желілік тех­­нология саласындағы ки­бе­р­­қау­іпсіздікке көңіл бөліну қа­жет­тігін бүгін айтып отырған жоқ. Ірі ком­паниялар киберқауіпсіздікке үлк­ен қаржы бөлуге дайын, ал орта бизнес интернеттегі қорғаныстың маңыздылығын толықтай түсіне қойған жоқ. Кинодағыдай, ірі компанияларға ғана қатысты шым-шытырық киберқылмыстар бізге де келді. 

Сондықтан еліміздің Құ­қық қор­­ғау жүйесін одан әрі жаң­ғы­р­ту­дың мемлекеттік бағдар­ла­ма­­сында бірінші кезекте ки­бер­қыл­мысқа қарсы күрес бойын­ша үйлестіруді қамтамасыз ету – ішкі істер органдарындағы ар­нау­лы бөлімшелердің кадр әлеу­­етін нығайту мен оларды озық тех­никалық құралдармен жа­ра­қ­­тан­дыру арқылы жүзеге асы­рылаты­ны анық көрсетілген. 

Өз кезегінде халықаралық ұй­ым­­дар да бұл істі алға жыл­жы­туға мүд­делі. ЕҚЫҰ кеңсесі де Қа­зақстанның құқық қорғау орган­да­рының өкілдері үшін арнайы оқыту семинарларын жүргізіп отыр. 

Біздің мамандар «Компью­тер­лік қыл­мыстар мен электронды коммерция саласындағы қыл­мыс­тарды тергеу негіздері» бойынша білім алып, интернет ресурстар мен электронды дәлелдемелерді пайдалануға машықтанып жүргені жайлы нақты мәліметтер бар. Ең бастысы, биыл Үкіметі ел­дің киберқауіпсіздік жүйесіне жұм­салатын бюджетті нақтылады. Қар­жы министрі Бақыт Сұлтанов «2017-2019 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» заң­ға енгізілген түзетулерді таныс­тыру барысында «Қазақстан ки­бер­қал­қанын» құруға 7,4 млрд теңге бө­луді жоспарлағанын мәлімдеді. 

Орайы келіп тұрғанда, айта кету керек, жыл басынан бастап .kz домендік аймағында бірнеше рет жаппай бұзу деректері тіркелді. Көп шабуыл .gov мемлекеттік ай­мағында тіркелген сайттарға жа­салды. Бұлар ұлттық экономи­ка ми­нистрлігінің, аймақтық мәс­ли­хат­тардың, әкімдіктер мен ме­дициналық мекемелердің сайттары. 

Ал мамандар сайттардың осал­д­ы­ғына сайттарды басқарудың ес­кір­ген нұсқаларын пайдалану септесіп отырғанын айтып отыр. Мұндай жағдайда қол қу­сы­рып отырған хакерлер жоқ. Құ­рал-жабдықтарын жетілдіріп, ви­рус­тық бағдарламаларды күшейтіп ке­леді. Салдары белгілі, енді ки­бер­шабуылдардың ауқымы да шы­ғыны да басқа. 

Microsoft корпорациясының бол­жамы бойынша, 2020 жылға қарай хакерлік шабуылдан әлем­дік экономикаға келтірілген шы­ғын­ның сомасы 3 трлн долларға жет­пек. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ