Олай дейтін себебіміз, Алатау бауырындағы әсем шаһар Алматының төрінде қоңыр күзде Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай үлкен жиын, ғылыми конференция өтеді. Бұлағынан су ішіп, алғашқы оқуға ынтызар жүрегін, ынтық көңілін туған жеріндегі мектептен, кітапханадан білім нәрімен суарған Сағат Әшімбаевтың жерлестері мерейлі тойдың елден басталуын үлгі ретінде өздері қалапты. Алдымен Нарынқолда туған елінің азаматтары ұйымдастырған ресми жиын өтіп, кейін Сағат Әшімбаев туып-өскен Жамбыл ауылында, Ақкөл жайлауында өз ырғағын, мәнін тапты.
Облыс басшылығының қолдауымен аудан әкімдігі ұйымдастырған шараның ресми бөлігін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізді. Сөз тізгінін қолға алған модератор сахна төріне қайраткердің досы, жазушы Смағұл Елубайды, Сағаттың жары, жазушы Шәрбану Бейсенованы, замандас-қаламдастарының бірі, жазушы Мағира Қожахметованы, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлын, Сағаттың ұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевты, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды, аудан әкімі Жанат Тәжиевті және Райымбек аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбековті шақырып, келелі жиынды бастады.
Сағат Әшімбаевтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы замандастары естелік айтып, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова баяндама жасады. Туған елі Сағатын сағыныпты. Сағаттай елге қызмет қылар ұлдарын сағыныпты.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы