• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2011

Талдықорған – татулықтың мекені

315 рет
көрсетілді

Алматы облысының орталығында Қала күні мерекесі аталып өтті Бірнеше жылдан бері өт­кі­зі­ліп келе жатқан, осылайша бү­гін­де игі дәстүрге айналып кеткен аудан-қалалардың  мәде­ниет күндерін Талдықорған қа­ла­сының жұртшылығы қоры­тын­дылады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне өткі­зіл­ген осынау салтанатқа  қала­дағы барша білім ошақтары мен өнер ұжымдары, мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері, Тал­ды­қорған әскери гарнизонының жауынгерлері қатысты. Бұл күні Талдықорған жұрт­шылығы қосарланған қуаныш­тың куәсі  болды. Нақтырақ айтар болсақ, мерекеге орайласа халықаралық стандартқа сай салынған үлкен теннис корты пайдалануға берілді. Салтанатты шараны облыс әкімі Аңсар Мұсаханов ашып, жұртшылықты жаңа спорт ны­са­нының ашылуымен құттықтады. Облыс басшысының сөзінен кейін еркін күрестен Атланта Олимпиадасының күміс жүл­дегері Мәулен Мамыров облыс аумағында спортқа айрықша назар аударылатындығын айтып, облыс басшылығына деген ризашылығын білдірді. Теннис орталығының лен­тасын қиғаннан кейін  әжелері­міз қазақтың салт-дәстүрі бо­йынша шашу шашты. Содан кейінгі кезекте көпшілік үлкен теннистен арнайы ұйым­дас­тырылған жарысты тамашалады. Аумағы 13864 шаршы метрді алып жатқан теннис орталығында  бір мезетте он екі адам теннис ойнай алады, ал көрерменге арналған орынға үш жүз адам сыяды. Орталық алаңда ұйым­дастырылған «Талдықорған кеше және бүгін» тақырыбына арнал­ған көрме де мазмұндылығымен көз тартады. Жетісудың жауһар қаласының өткені мен бүгінгі жағдайынан мол мағлұмат беретін көрмені тұрғындар мен қала қонақтары қызыға тамашалады. Талдықорғанда әлденеше он­даған ұлттың өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Соған орай бұл күні орыс, ұйғыр, неміс, грек, поляк, қытай, күрд мәдени орта­лықтары ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарынан көрме жасап, өнерлері мен салт-дәс­түрлерінен үзінді көрсетті. Әскери техниканың көрмесі де көпшіліктің ерекше назарын ау­дарды. Бұған, әсіресе, бал­дыр­­ғандар мәз болды. Отан үшін құрбан болған боздақ­тардың рухына арнап жағыл­ған «Мәң­гілік алауға» гүл шоқ­тарын қою, тал отырғызу рәсіміне де орын беріліп, об­лыс әкімі Аңсар Тұр­сынхан­ұлы саябаққа өз қолымен көк­желек отырғызды. Саябақ­тың ажарын Талды­қорған көр­кем­сурет мектебі түлектерінің шы­ғармашылық ізденісінен туған сурет туындылары аша түсті. Мерекенің көңілді өтуіне қала мектептері мен балалар­дың шығармашылық орталық­тары­ның ұжымдары да өзіндік үлес­терін қосты. Орталық сая­бақта өткен асфальтта сурет салу жа­рысында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қала күніне ар­налған балалардың жүрек­жар­ды тілегі бояу тілімен өрілді. Талдықорған қаласының әкімі Махаббат Бигелдиев болса қаланың әлеуметтік-эконо­ми­­калық дамуына ерекше ең­бегі сіңген бірнеше тұрғынға «Тал­дықорған қаласының Құр­метті азаматы» төсбелгісін тап­сырды. Талдықорған жұртшылығы мен қонақтары осы стадионда халқымыздың өткен тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.