• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2011

Ядросыз әлем құру – адамзаттың аңсарлы арманы

1026 рет
көрсетілді

Қазақ елі дүние дидарында тағы бір тамаша бастамасымен танылды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды. Құжатта  Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядролық қарусыздану және таратпау үдерісіне қосқан орасан зор үлесі мойындалған. Адамзат  жаппай қырып-жою қаруынан құтылатын күнге жақындай түсті. Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ шеңберінде белгіленген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар ая­сын­да Астана мен Семей қалаларында ядросыз әлем құру мәсе­ле­сіне арналған екі күндік халықаралық форум өтетінін айт­қан болатынбыз. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік са­райында «Ядросыз әлем үшін» атты сол форум өз жұмысын бастады. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ЯСЖТКҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты ха­лық­аралық және аймақтық ұйым­дар басшылары мен өкілдері, АҚШ, Жапония, Норвегия, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Ресей Федерациясы, Словакия, Швей­цария, Пәкстан, Ирак, Түркия, Корея, Моңғолия, Вьетнам және т.б. елдер парламенттерінің депутат­та­ры, мемлекет және қоғам қай­раткерлері қатысты. Қазақ­стан­нан Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, депутаттар, қоғам қай­раткерлері, дипломаттар, журналистер болды. Алдымен жиналғандарға «Қа­зақ­стан ядросыз әлемді қолдай­ды» атты деректі фильм көр­се­тіл­ді. Онда Семей ядролық сынақ полигоны төңірегіндегі халықтың бастан кешкендері, олардың түр­лі дауасыз науқастарға шал­дық­қандары және екінші, үшінші ұр­пағында да кемтар балалардың туып жатқандығы, өз өмірін өз­дері қиюы жөнінде жантүр­ші­гер­л­ік деректер көрсетілді. Осы сы­нақ алаңын жабу жолындағы Пре­зидент Н.Назарбаевтың КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені гене­рал­дары мен мемлекет басшы­ла­рына қарсы қайраткерлік әрекеті, ақырында, 29 тамызда Елба­сы­ның Жарлығымен полигонның жа­былғаны туралы айтылды. Со­нымен бірге, фильмде полигонды жабудың маңызы жөнінде әлем­дік саясаткерлердің пікірлері берілді. Ал 29 тамыз Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында арнайы қа­рармен 2009 жылдан бастап Яд­ро­лық сынақтарға қарсы іс-қи­мылдың халықаралық күні болып жарияланғаны мәлімделді. Фильм аяқталған соң көрермендер Мемлекет басшысына ұзақ қошемет көрсетті. Осыдан кейін сахнаға Президент Нұрсұлтан Назарбаев бас­таған бір топ адамдар көтерілді. Конференция жұмысын Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен өзінің сөзін Астанаға «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумына қатысу үшін келіп отырған қонақтарға сәлем жолдаудан бастады. Бүгінгі кездесудің айрықша ерекшелігі – оның ядролық сынақтардың жан­түр­шігерлік салдарын өз басынан өткізген Қазақстанда өтіп отыр­ғандығы, деді ол. Форумға қа­ты­сушылар ертең бұрынғы Семей сынақ алаңында болып, көп жылдар бойы жүргізілген ядро­лық жарылыстардың сұмдығын өз көздерімен көре алады. Оның кейбір фрагменттері жаңа өз­­деріңізге көрсетілген фильмде де айтылды. Одан әрі Қанат Саудабаев бүгінгі форумға ядролық сынақ полигонын өз қолымен жап­қан және қуаттылығы жағы­нан әлемде төртінші ядролық ар­сеналынан өз еркімен бас тарт­қан Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың қатысып отырғаны оның маңызын зорайта түсетінін атап өтті. Әлемдегі қауіпсіздік пен бейбіт өмірдің айнымас мәні болып табылатын адам ретінде ол еліміз тәуел­сіз­ді­гін алған 20 жыл бойы ядролық қатерді таратпау мен қысқарту жөніндегі әлемдік үдерістің басында келеді. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың ядросыз әлемге жету жолындағы стратегиялық болжамдары біздің пікірталас­та­рымызға зор маңыз, шынайылық пен жауапкершілік береді, дей келіп сөзді Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Мен әлемдегі аса ірі Семей ядролық сынақ полигоны жабы­луы­ның 20 жылдығына арналған маңызды халықаралық форумға қатысу үшін Қазақстан елорда­сы­на алғаш рет жиналып отырған біз­дің барлық жоғары қонақ­тар­ды құттықтасам деймін, деп бас­тады өзінің сөзін Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев. Бүгінде ядро­лық қауіпсіздік мәселелері әлем­дік саясатта жетекші орын­дар­дың бірін алады. Өткен жылы осы жүзжылдықта алғашқы қол қойылған АҚШ пен Ресей стра­те­гиялық ядролық арсеналдарын қысқарту туралы Париж шарты қолданысқа енгізілді. Сонда Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит өт­кен болатын. Мемлекет басшысы осыдан үш апта бұрын Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсы­нысы бойынша аталған проб­лемаға арналған жоғары дең­гей­дегі мәжіліс болғанын атап өтті. Алдағы жылдың наурызына белгіленген Сеул саммитіне дайын­дық жүргізілуде. Ал Астанадағы осы жолғы форум ядролық қауіп­сіздік проблемаларының барлық спектрлері бойынша саясаткерлер мен жұртшылықтың кең кө­лемін қамтып, күш-жігерін біріктіруде маңызды қадам саналады. Оның қатысушыларының кең құрамы ядросыз әлем идеясының жаһандық деңгейде ешкімді бей-жай қалдырмайтынының жарқын көрсеткіші, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жиырма жыл бұрын әлемде бірінші болып біз өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық, деп жалғады сөзін Президент. Қырық жылға созылған сынақ кезінде 450-ден астам жарылыс жасалса, соның ішінде 120-дан астамы атмосферада жасалды. Олардың жи­ынтық қуаты 2,5 мың Хиро­си­ма­ны жойып жіберуге жеткілікті еді. Радиация 300 мың шаршы шақырымнан астам аумақты бүл­дірді. Бұл – шамамен Германия сияқты Еуропадағы үлкен ел­дер­дің бірінің аумағына тең. Ядро­лық сынақтардың салдарынан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Менің Семей полигонын жабу туралы Жарлығым біздің осы жылы 20 жылдығын атап өте­тін Тәуелсіздігімізге қадам басуымыздың кері қайтпас нүк­тесі болды. Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтар үшін мұның еге­мендікті сезінуде тарихи акт, қазіргіміз бен болашағымызға күш беріп, ақыл қосқан сенім бол­ғанын атап көрсетті. «Невада-Семей» қозғалысына біріккен халықтың ерік-жігерінің көрініс беруі нақ осымен түсіндіріледі. Бірақ біз әлемді «ядролық зұлым­дықтың» ауқымды апанынан шешімді түрде аластап қана қойған жоқпыз. Біз жаһандық қатерден де биіктеп, еліміз тарихы мен бүкіл әлемнің ядродан арылуы пайдасына қағидатты таңдау жа­садық. Қазақстан сондай-ақ, ке­ңес­тік әскери мәшинеден мұраға қалған ядролық сауыт-сайманын да шешті. Бұл ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсенал болатын. Осылай деген Президент Қа­зақстанның ядролық бомбалар мен оларды жеткізу құралдарына иелік еткенін мәлімдеді. Кейінгі бес жыл бедерінде АҚШ және Ре­сейдің қатысуымен Жер ша­рының кез келген нүктесіне жетуге қабілетті 1200 оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыран бөлшектелгенін атап көрсетті. Сол уақытта еліміздегі ядролық арсенал Ұлыбритания, Франция, Қытай үшеуін қосып алғандағы ядролық әлеуеттен асып түсетін еді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан ТМД елде­рінің ішінде алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Бүгін мен мұның Қазақстанның шы­найы Тәуелсіздігіне ауқымды және драмалы қадам болғанын тура айта аламын. Есесіне біз әлемнің АҚШ, Ресей, Ұлы­бри­та­ния сияқты жетекші ядролық дер­жаваларынан өзіміздің қауіп­сіз­дігімізге берік халықаралық кепілдік талап етіп, оны 1995 жылы алдық. Кейін бұл кепілдемеге Франция мен ҚХР қосылды. 15 жыл бұрын Қазақстан Яд­ро­лық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қатысушы атан­ды. Өңірдегі көршіле­ріміз­бен бірге Орталық Азияда яд­ро­лық қарудан азат аймақ құру ту­ралы шартқа қол қойылды. Және бүгінде еліміз жаһандық ан­ти­ядро­лық қозғалыстың көш ба­сын­да келеді. Мұның бәрін егжей-тегжейлі айтып отырған себебім – бұлар Тәуелсіз Қазақ­стан­ның ядросыз биография­сын­дағы жарқын беттер болып та­бы­лады. Бұл біздің антиядролық тә­жірибеміз және де әлемнің бар­лық мемлекеттерін соңымыздан еруге шақырамын, деді Қазақ­стан басшысы өзінің сөзінде. Президент Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қой­ылған күн уақыт өткен сайын алыстап бара жатқанына назар аударды. 20 жыл бұрын осы полигонды жаба отырып қандай күйде болғанымды әр адам, әр саясаткер басынан өткермегені анық. Бірінші кезекте бұл зұлым­дықты жеңген қуаныш болатын. Бірақ, КСРО әскери-өнеркәсіп ке­шенінің жанталасқан қарсылығы мен басында сол кездегі президент Горбачев тұрған биліктің қатты қарсылығын еңсеруге тура келді. Бізге қысым жан-жақтан жасалды. Жылдар, онжылдықтар өте келе бұл шешімнің жаһандық өркениеттегі маңызы айшықтала түседі екен. Қазіргі ұрпақ әзірше бұл оқиғаның тарихи ауқымын жеткілікті бағалай алмай отыр, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев не себепті мұндай ой түюге барып отыр­ғанына түсінік берді. Өзде­рі­ңіз ақылға салып көріңіздерші. Адамзаттың атомды ыдырату құпиясын ашқанына жүз жылға жақындап қалды. Бұл өткен ХХ ғасырдағы ғаламат ғылыми жа­ңалық болды. Әскери атомның қуаты мен тажалдығы саясаткерлерді өркениеттің өзін өзі жою қатеріне қарсы іс-қимыл таны­ту­дың жолдарын іздеуге мәж­бүр­леді. Осылайша таратпаудың жа­һандық үдерісі пайда болды. Оның аясында ядролық арсенал­дарды қысқарту туралы және қатерлі қаруды сынауға мүмкін­дік қарастыратын бірқатар ха­лықаралық келісімдер жасалды. Бірақ мұның бәрі шектеу ша­ралары ғана еді, деді Президент. Қазақстан басшысы Семей полигонын жабу әлемде ядролық қаруды сынауға толықтай тыйым салған алғашқы және күні бү­гінге дейін жалқы қалып отырған осы бағыттағы табыс екенін қадап айтты. Қазақстан біздің жаңа мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық бұлшық еттерін көр­сетуде емес, керісінше, оларды қолданбауда және толықтай бас тартуда деп бірден және мәң­гілікке шешім алды, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Және бұл біздің мемлекеттілігіміздің – жал­пыұлттық идея рангына шы­ғарылған бүкілхалықтық ақыл-ойымыздың темірқазығы болды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тари­хын­да жаңа дәуір басталды. Әлем жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен, саналы түрде және біржақты негізде бас тартқан елді үлгі тұтуға мүмкіндік алды. Және Қазақстан жасаған бұл қадамның маңызы шын мәнінде уақыт пен кеңістікте алдыңғы кезекке шық­ты. Сондықтан 29 тамыздың біз­дің бастамамызбен БҰҰ тара­пы­нан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануын заңдылық деп қабылдаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай батыл қадамның нәтижесінде ғасырлар тоғысындағы 20 жыл бойы жаһандық ядролық қарсы тұрушылық қаупі айтарлықтай төмендегенін атап көрсетті. Ор­та­лық Еуропадағы ядролық зы­мырандар межесі жойылды. АҚШ пен Ресейдің арсеналдарын айтарлықтай қысқартқан СШҚ-1 және СШҚ-2 шарттары жүзеге асы­рылды. Біз бастамашылық танытқан АӨСШК үдерістері Еу­р­азияның кең байтақ кеңіс­ті­гін­дегі мемлекеттер арасындағы сенімді дәйектілікпен жоғарылатып келеді. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қазірдің өзінде 182 мемлекет қол қойса, 154-і ратификациялап үл­герді. Көп жағдайда Қазақ­стан­ның арқасында планетамыздағы барлық басқа полигондар – Невада, Лобнор, Жаңа Жер үнсіз қал­ды. «Ядролық клуб» держа­ва­лары сынаққа мораторийді сақ­тап отыр. Тұтастай алғанда, 20 жыл ішінде ядросыз әлем жо­лында маңызды қадамдар жасал­ды, деді Мемлекет басшысы. Дейтұрғанмен, көптеген күр­делі мәселелер ашық күйінде қалып келеді, деп сабақтады сө­зін Президент. Біріншіден, ядро­лық қауіпсіздіктің өңірлік өл­шемінің маңызы біршама артты. Бүгінде Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы ядролық қарулануды халықаралық бақылаудың тиімді тетігі жоқ. Біз жекелеген ядролық державалар мен осы қатерлі қа­ру­ға қол жеткізу табал­ды­рығында тұрған елдердің қарсы тұрушылықтарын айқын аңдап отырмыз. Атом технологиялары мен материалдарының халық­ара­лық лаңкестер қолына түсуінің қаупі зор. Екіншіден, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт төңірегінде паттық жағдай туындауда. Ол бірқатар ядролық және «табалдырықты» елдердің қол қою және ратификациялау үдерістерін созбалаңға салуының салдарынан күшіне ене алмай отыр. Үшіншіден, ядролық қару­сыз­данудың жаһандық үдеріс­те­ріне «ядролық клубтың» барлық державалары қатыспауда. Қазіргі кезде ядролық мем­лекеттердің бірнеше түрі бар, деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ресми ядролық державалар, атом қаруына де-факто ие мемлекеттер және «табалдырық­ты» деп аталатын елдер. Ядролық державалар ядролық қарулары жоқ елдерге қауіпсіздік кепілдігін бермейді. Мұның ақыры ядролық қарудың әлемнің «жарылу қаупі бар» өңірлеріне таралуына алып келуі ықтимал. Сонда неліктен ядролық қаруға де-факто ие мемлекеттер бұл клубқа енбейді? Неліктен оларды алдыңғыларының қатарына қосып, ядролық қа­ру­лары болғаны үшін тиісті жауапкершілік жүктемеске? Барлық шарт­тар мен келісімдерге қара­мастан, екі мемлекет өткен ға­сырдың соңында ядролық державалар қатарын толықтырды. Әлемдік қоғам­дастық әзірше бейбіт атом да­мы­ту үстіндегі мемлекеттерге қа­тыс­ты әділетті шешім таба алған жоқ. Ядролық таратпау туралы шарттың ас­симетриялық норма­лары тек ядросыз мемлекеттерге қатысты ғана санкцияларды қа­растырады. Осындай жағдайда сенім тап­шылығы айтарлықтай проб­лемаға айналып отыр. Ал сенім болмаған жерде қауіп­сіз­діктің ешқандай жүйесі, оның үстіне ядролық жүйесі тиімді болып табылмайды. Бесіншіден, атомнан туындайтын қазіргі за­манғы қатер елдердің бейбіт ядролық энергетика қауіпсіздігі режімін сақтау мәселесінде тепе-теңдік ұстамауынан да тереңдей түсуде. Бұл жерде әңгіме «бейбіт атом» нысандарына МАГАТЭ та­рапынан жеткілікті деңгейде ба­қылау жасалмауы немесе аталған мәселеде халықаралық құқықтық базаның айқын еместігі туралы ғана болып отырған жоқ. Кейбір ядролық энергетикалық циклды коммерцияландыру жағдай­ла­рын­да қауіпсіздік мәселелері екін­ші, тіпті кейде үшінші кезекке ысырылатынын байқап жүр­міз, деді Қазақстан басшысы. Енді мәселенің басқа қыры­нан келейік, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Транс­ұлт­тық корпорациялардың ядролық энергетикаға арта түсіп отырған қызығушылығы «бейбіт атомды» пайдалану жөніндегі халықара­лық конвенцияларда іс жүзінде қаперге алынбайды. Мұның бар­лығы, әрине, шешуді қажет ететін күрделі проблемалар. Соған қарамастан, адамзат атомды ыды­рату технологиясын иеленген 100 жыл бойы бұған дейін еш уа­қытта ядролық әлем құру үшін осындай кең мүмкіндік болған емес. Және осы ыңғайлы сәтті пайдалану бәріміздің ортақ бо­рышымыз! Қазақстан басшысының атап көрсеткеніндей, ядросыз әлем – утопия емес. Бұл – пла­не­таның айтарлықтай бөлігінде кө­рініс беріп отырғанындай, нақты шын­дық. Ядролық қарудан азат аймақтар Оңтүстік және Орталық Америкада, Австралия мен Океанияда, Африкада, Оңтүстік-Шы­ғыс және Орталық Азияда құ­рыл­са, бұл – іс жүзінде Жер ша­рының жартысы. Бүгінде ядро­сыз мемлекеттер қатарын толық­тырып отырғандарға барлық ядро­лық мемлекеттер тарапынан халықаралық-құқықтық кепіл­деме­нің тиімді тетігі қажет. Яд­ро­сыз әлем идеясының радио­фо­бияға ешқандай қатысы жоқ. Алты онжылдық қатарынан «әс­кери атомның» қатерлі көлеңкесі жаһандық ядролық энергети­ка­ның орасан перспективаларын лайықты бағалауға кедергі жасап келді. Бірақ факт факт түрінде қа­лып отыр. Планетаның көмір­су­тегі қорлары азайып барады. Сон­дықтан энергияның қайта­ла­ма көздерінің болашағы зор. Дегенмен, олар таяу болашақта жа­һандық экономиканың өсе түсіп отырған қарқыны талап ететін қуат көздері көлемін бере ал­майды. Қазіргі кезде адам баласы үшін атом энергиясынан асқан қуатты да қолжетімді көз жоқ. Бүгінде шамамен 40 шақты ел бейбіт атом саласында зерттеулер жүргізіп жатыр. 15 мемлекет атом электр стансаларын салуда немесе салу ниетінде. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Біз үшін ядролық энергетика – бо­лашақ инновациялық кластер­лер­дің бірі. Біз бүкіл әлемдік уран қорының төрттен біріне иелік етудеміз. Бізде үлкен ғылыми әлеует пен ядролық энерге­тика­ның инфрақұрылымы бар. Ха­лық­аралық міндеттемелерді қа­таң сақтай отырып, біз «бейбіт атомның» барлық нысандары қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз еттік, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан МАГАТЭ-нің бас­шы­лығымен жұмыс істейтін Ха­лықаралық ядролық отын банкі депозитарийі рөліне өзінің кандидатурасын ұсынғаны белгілі, деді Мемлекет басшысы. Біз аталған мәселе оң шешіледі деп санаймыз. Қазақстан таратпау, қа­русыздану және атом энер­гия­сын бейбіт пайдалану мәселе­лерінде ең сенімді әріптес болды, болып келеді және бола береді. Біз ядросыз әлемде планетамыз ұмтылуға тиісті орасан мақсат көреміз. Бұл – қандай да бір идеологиялық және мәдени айыр­машылық коррозиясына ұшы­ра­маған жаңа әмбебап жалпы­адам­заттық құндылық. БҰҰ Бас Ас­самблеясы 66-шы сессиясының мінберінен мен Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын жасау идеясын ұсындым. Бұл – осыдан 20 жыл бұрын ядролық қатерге қасқайып қарсы тұрған Қазақстанның саналы қадамы. Оның үстіне біз бүгінде осындай декларацияны қабылдау оңайға соқпайтынын түсінеміз. Мемлекеттер ядролық қаруларынан арыл­ғылары келмейді. Оларға ядросыз өмір жоқ секілді көрінеді. Қазақстан Президенті форум қонақтарына ертең бұрынғы Семей полигонына барасыздар, сы­нақ жасалған орынды көресіздер, деді. Сондағы мұражайда сынақ сойқанының ізі сайрап тұр. Тіпті үшінші ұрпақтың өзі кемтар болып тууда. Елімізде қатерлі ісіктен ең көп ауырғандар мен өлгендер нақ осы өңірде. Біздің халқымыз ядролық қаруға қарсы қалай көтерілсе, біз бүкіл әлем халықтарын адамзатты ядролық қатер апокалипсисінен құтқару жолындағы күреске дәл солай көтеруге тиіспіз. Жалпыға ортақ декларация қабылдануымен біз ХХІ ғасырда БҰҰ-ның қатаң бақылауына сүйеніп, жаһандық ядролық қауіпсіздіктің біртұтас жүйесін құруды байланыс­ты­рамыз. Ядросыз әлемге жол салу планетаның дұрыс ойлайтын бар­лық адамдарының күш-жігерін біріктірмей мүмкін емес. Бүгінде мен жоғарыда айтып кеткен беделді де қуатты Жаһандық ан­ти­ядролық қозғалыс құру маңызды. Осы форум аяқталысымен оны планетаның барлық құрлық­тарында ұйымдастыруға кіріссек, ұтарымыз анық. Қазақстан Президенті қозға­лыс­тың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес екенін атап өтті. Адам бала­сы­ның санасында ядроның қандай түріне болса да жиіркеніш сезімін қалыптастыру аса маңызды. Және мен біздің елордамызда өтіп отырған осы форумға үлкен үміт артамын. Ядролық поли­гонды алғаш жапқан мемлекеттің Президенті ретінде жеке өз басым үшін ядросыз әлем – бұл абсолютті саяси аксиома. Кейде тарихи оқиғалар мен жекелеген адам басындағы оқиғалар қай­шы­ласатын сәттер болады. Мен үшін және менің халқым үшін Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ядролық полигонды жапқан 1991 жыл сондай жыл болды. Тарих­тың сабақтары олар болашаққа бағдарланғанда ғана қандай да бір мазмұн иеленеді. Сондықтан өткенді еске ала отырып біз бо­ла­шақтағы іс-әрекеттеріміз туралы, балаларымыз бен немерелеріміз үшін ХХІ ғасырдағы ядролық қауіпсіздік туралы ойлауға тиіспіз, деді Мемлекет басшысы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев осы жүзжылдықта біз­д­ің планетамыздың ядролық өзін өзі жою қатерінен толықтай ары­латынына сенетінін білдірді. Залға жиналған және төрткүл дүниедегі өзінің барлық ниеттестері мен пікірлестеріне осы бағытта жемісті жұмыс тіледі. Президент сөзінен кейін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун­ның фо­­румға қатысушыларға ар­нал­ған бейнежолдауы көрсетілді (Оның мәтіні бөлек беріліп отыр). Одан әрі Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев АҚШ Президенті Ба­рак Обаманың конференцияға қатысушыларға жолдауын оқып беру үшін сөзді АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеманға берді (Жол­дау­дың мәтіні бөлек беріліп отыр). Өзі тарапынан АҚШ Энер­гетика министрінің бірінші орынбасары 20 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімді қабылдау – болашақты ойлаған қадам екенін атап өтті. Сіздің осы әре­кетіңіз бүкіл әлемде ядролық қа­руды сынауды тежеуге ықпал етті, деді ол Нұрсұлтан Назар­баев­қа қарап. Сондықтан да бүгінгі күні біздің бәріміз әлемдегі ядро­лық қаруды шектеу үдерісіндегі лидерлігіңіз үшін сізге рахмет айтуымыз керек. Бүгінгі күні Қазақстан дүние жүзіндегі қауіп­сіз елге айналып отыр. АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау және қысқарту бағы­тын­да ынтымақтастық орнатты. Ал ядролық клубтағы басқа әріптестерімізге оны қысқарту жөніндегі бастамалар көтеруде­міз, деді ол сөзінің соңында. Осыдан әрі сөз кезегі МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амона­ға берілді. Ол өзінің сөзін ядро­сыз әлем құру мәселелеріне ар­налған осындай конференцияның Астанада өтіп отырғаны өте орын­ды екенін атап өтуден бас­тады. Өйткені, Қазақстан ядро­лық қаруды таратпау мен қыс­қарту жолындағы әлемдік үде­ріске сүбелі үлес қосып отырған ел, дей келіп, Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабуы мен КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудан өз еркімен бас тартуына жоғары баға берді. Одан әрі Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-нің қосымша хат­тамасына қол қойғанын қанағат­пен атап өтті. Қазақстан 2009 жылы Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялау туралы келісімге көршілерімен бірге қол қойды. Бұл – өте маңызды үлгі, оны әлемнің басқа аймақтарына да тарату қажеттілігі өзінен өзі туындайды. МАГАТЭ өзі тара­пынан Таяу Шығыс елдерін де осындай келісімге қол қоюға шақыруда. Ұйымның жақында Вена қаласында болатын жи­ынында осы мәселе де көтері­летін болады, деді ол. Одан әрі МАГАТЭ-нің Бас директоры ядролық қуаттың тек қана бейбіт мақсатқа пайдала­нылуы жолында ұйымның атқа­рып жатқан жұмыстарына тоқта­лып өтті. МАГАТЭ ұсынған қо­сымша хаттамаға қол қойған елдерде біз ядролық қуаттың қол­данылуына бақылау жасаймыз. Біздің инспекторларымыз әлем­нің көптеген елдерінде осы мақ­сатпен еңбек етіп жүр. Сонымен бірге ол өзінің сө­зінде Қазақ­станның өз аума­ғында ядролық отынның банкін құру туралы ұсынысын қол­дай­тынын және сол үшін Қа­зақ­стан басшылы­ғына ризашы­лы­ғын білдірді. Сөз кезегі өзіне келгенде Яд­ролық сынақтарға жаппай тый­ым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Тибор Тот бұл күні біз ядролық қатердің осы уақытқа дейін әлем­ге қауіп төндіріп тұрғанын еске алуымыз керек, деді. Сондықтан біз осынау қатерді жою жолында күш біріктіруіміз керек. Қазір әлемде 20 мыңға жуық ядролық оқтұмсықтар шоғырланған. Біз­дің міндет – тез арада әлемді олар­дан арылту. Осы міндетті орындауда біз Қазақстанның үл­гісін басшылыққа алсақ болды емес пе, дей келіп, біздің елдің өзі­не «мұраға» қалған қуаты әлемде төртінші орын алатын 1400 оқтұмсықтан еш өкінішсіз құтылғанын еске алды. Осының өзі ядролық қарудан арылу иллюзия емес екенін көрсетпей ме? Ол үшін тек мемлекеттер көш­бас­шы­ларының саяси қарымы, ерік-жігері ғана қажет. Қазақ­стан өзіне де, өзгеге де зиян келтірмей, осынау қарудан бас тарт­ты. Соның арқасында біз бүгін қатты дамып келе жатқан Қазақ­станды көріп отырмыз, дей келіп, ол Қа­зақстан басшылығын экономи­ка­лық табыстарымен құт­тықтады. Одан әрі ол ұйымның жұмы­сына тоқталды. Соның ішінде шартқа Үндістан, Пәкстан және КХДР сияқты ядролық қаруы бар елдердің әлі күнге қол қоймай отырғанын жеткізді. Сөзінің со­ңында ол ядролық қарудан бас тарту аса қажетті міндет екенін атап өтті. Келесі сөз АҚШ Конгресінің мүшесі Эни Фалеомаваегаға берілді. Өзінің сөзінде АҚШ конгрессмені Президент Н.Назар­баев­тың шақыруымен Семей яд­ро­лық сынақ алаңында болып, жа­рылыс зардаптарын көзімен көр­генін жеткізді. Ондағы жағ­дайды еске алудың өзі ауыр екенін айта келіп, ол осы полигонды жапқан Н.Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Бұл шешім бүкіл әлемдегі ядролық сынаққа деген көзқарасты өзгертті, деді ол. Одан әрі Қазақстанның 1991 жылы ядролық державаға ай­на­лу­ға қызығушылық танытпаға­нын жоғары бағалап, қатты құр­меттейтінін айта келіп, сон­дық­тан да мен жарты әлемді артқа тастап, ұзақ жол жүріп, осы форумға қатысып отырмын, деді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол шешімі нағыз батырлық екенін ауыз­ға ала отырып, ол бұл ең­бектің бейбітшілікті сақтау саласындағы Нобель сыйлығына татитынын ескертті. Одан әрі кон­грессмен АҚШ пен Фран­ция­ның ядролық сынақтар жүргізген аймақтарындағы зардаптарды да тілге тиек етті. Германияның экс-канцлері Г.-Д.Геншер денсаулық жағ­дайына байланысты бұл форумға қатыса алмайтындығына өкініш білдіре отырып, Елбасына және форумға қатысушыларға құт­тық­тау жеделхатын жолдаған екен. «Осы конференцияны өткізу ар­қы­лы Қазақстан тағы да бү­кіләлемдік ядролық қарусыздану жолындағы өз жауапкершілігін көр­сетіп отыр, делінген жеделхатта. Қазақстан өз Президенті Н.Назарбаевтың басқаруымен яд­ролық қарусыз әлем құру мақ­са­тына жету жолындағы жауап­кер­шіліктің жарқын үлгісін көр­се­ту­де. Елдеріңіз Кеңес өкіметі ыды­рағаннан кейін ел аумағында орналасқан ядролық қарулар мен нысандарды толық жойды. Бұл – қарусыздануды нақты түрде іске асырғандықтың айғағы. Бүгінгі күнгі біздің басты міндетіміз, барлық ядролық қаруларды жою, болашақ ұрпақтарымыздың өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету­дің негізі деген түсінікті сіңдіріп, осы мақсатқа сай қимылдау. Мен Германияда отырып, Астанадағы халықаралық жиынның өту ба­ры­сын үлкен назармен бақылаймын және оның табысты өтуіне ба­рынша тілектеспін». Осыдан кейін Мемлекеттік хат­шы Қанат Саудабаев конфе­рен­цияның пленарлық отырысы аяқталғанын айтып, үзіліс жа­риялады. Осыдан кейін конференция жұмысы панельдік сес­сия­ларда жалғасты. Негізгі баяндамалардан кейін Ядролық қарусыз әлем үшін ха­лықаралық қатысушылары көп­те­ген мәселелер бойынша талқы­лау­ларды панельдік сессияларда жалғастырды. Ядролық қарудан ада – бейбітшілікке қол жеткізу тақырыбындағы сессияда осы мәселе жан-жақты қаузалды. ТМД Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Гар­кун алдымен халықаралық кон­ференцияда өзіне сөз сөй­леуге мұрсат берілгені үшін үл­кен ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл конференция ядролық қауіпсіздік мәсе­ле­леріне арналғандықтан да мәні зор. Семей полигонының жабы­луына 20 жыл толуын еске алуды ұсынған шешен, аталған шара­ның қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізу қиын емес екенін атап өтті. Қазақстан 20 жыл­дың ішінде осындай жаһандық қауіпсіздікке өзінің үлесін қосып келе жатқанын жан-жақты көр­се­тіп отыр. ТМД елдерінің бірлестігіндегі саясатта осы ұстаным бас­шылыққа алынып келеді, деді ол. Өткен уақытта бірқатар ма­ңыз­ды құжаттар қабылданды. ТМД елдерінде халықаралық шарт­тарға қатысты үлкен жұ­мыс­тар атқарылуда. Атап айтқанда, ол ядролық қаруға, әсіресе, ядро­лық қаруды таратпау мәселесіне, Еуропадағы жәй қару-жарақтар бойынша да келісімдерге қатыс­ты. Мұндай құжаттардың бар­лы­ғы да нақты қарудан бас тартуға бағытталған. Осы ретте бұл мәселелер ТМД үшін де маңызды екендігін алға тартқан шешен Қазақстанның шешімі өзге елдер тарапынан оң қолдауға ие болып отырғандығына назар аудартты. Олай болса бүгінгі таңда ұжым­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұған дейін жүзеге асқан бар­лық келісімдерді орындау керек. Фукусиманың әкелген зарда­бы ядролық энергияны пайда­ла­нуға тыйым салуға негіз болмауы керектігін Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мү­ше­сі Лорд Джон Десмонд Андерсон Уэйверли өз кезегінде ерекше айтып кетті. Өтіп жатқан ха­лықаралық конференцияның ма­ңы­зын атай келіп, мәртебелі мейман 20 жыл ішінде жүзеге асқан бастамаларда Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың үлесі үлкен екен­дігін, яғни жаһандық қауіп­сіздік пен әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесінің зор екендігін ерек­ше атады. Ядролық қару-жа­рақты таратпау, жаһандық ауа райының өзгеруі сияқты маңыз­ды мәселелерде қарсы іс-қи­мыл­дарды ұйымдастыра білген орын­ды. Ядролық әлеуетті тек бейбіт мақсатта дамыту – уақыт талабы. Сонда ғана біз ядролық қауі­п­сіз­дікті қамтамасыз ете аламыз, деді шешен. Әлем ядролық қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан да ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді болашақты дамыту жолын­да­ғы бір шарт ретінде қарас­тыр­ған жөн. Сондай-ақ, өз еркімен бейбіт атом технологияларын да­мы­туға бет бұрған елдердің әлеуе­тін толықтай қолдауымыз, Қазақстанның көшбасшылығы мен тәжірибесін қолға алғаны­мыз дұрыс. Бұл жерде Вена кон­ференциясында да Қазақстанның тәжірибесін зерделеу орынды болмақ. Лорд Дж. Уэйверли өз сө­зін халықаралық проб­ле­ма­ларға бірлесе төтеп бере ала­мыз деген оймен қорытын­дылады. Сессияны жүргізуші Қа­зақ­стан тарапынан ұсынылған ядро­лық отын банкингін құру туралы бастамаға қатысты әлі шешім қабылдана қоймағандығын ескерте кетіп, сөзді Ресей саяси зерт­теу­лер орталығының президенті Владимир Орловқа берді. Ресейлік ғалым өзінің аталған халық­аралық конференцияға қатысуы үлкен мәртебе екендігін тілге тиек ете келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзі басшылық жасайтын орталықтың ядролық қарусыз әлем номинациясында лауреат болғандығын ерекше мақ­танышпен жеткізді. Осы жерде Қазақстанның ядролық және жаппай қырып-жоятын қарулар­дан бас тартуы бастамасы айтар­лықтай қолдауға ие. Нұрсұлтан Әбішұлы осы шешімді қабылдар кезде қиындықтарды басынан өткерді және де Қазақстан яд­ро­лық қару-жарақты қайтару және ядролық қаруды таратпау жө­ніндегі келісімдерге қосылды. Осылайша ядролық қарусыз елдер санатынан табылып, ядролық қарусыз әлемге деген бір нақты қадам жасалды. Бұл бағыттағы қозғалыста біз нақты қадамдарды негіздеуіміз керек, деген пайымымен бөліскен орталық басшысы оның нақты бес қадаммен байланыстылығын санамалап берді. Ядролық қару­дан бас тарту және ядролық қару­сыз әлем бір-бірімен қабысып жатыр, сондықтан да бұл мәселе мерзім белгілеуді қажет етпейді. Олай болса, іс-қимыл жоспарын конференцияда қабылданған құ­жат­тарға негіздеп, ядролық қару­дан бас тарту қадамдарын нақты жазу керек. Жаһандық қауіпсіздік инсти­ту­тының президенті Джонатан Гранофф (АҚШ) Қазақстан эво­лю­циялық шешімнің көшбас­шы­сы екендігін алға тарта отырып, келісімдер мен шарттардың орын­далуы міндетті болуы керек дегенді баса айтты. Мұндай шешім ядролық қаруды таратпау опе­рацияларының негізі болды. Осы саланы дамыту үшін осын­дай негіздерді қалыптастырдық, дей келіп, Д.Гранофф кешенді зерделеу мәселелері қарасты­рылғанын, алайда нақты мақсат болмаса оған қол жеткізу де мүмкін еместігін зерделедік дегенді көлденең тартты. Ядролық қаруды таратпау шартына қол қой­ған тараптар ядролық индус­трияны ары қарай да дамытып жатыр. Сондықтан да шешім­дер­дің анық болғаны жөн. Ядролық қарусыз әлемді қалыптастыру үшін нақты шараларды қолға алу орынды, бірақ та ондай әлемді құру үшін бірнеше алғышарттар қажет. Бұл мәселеде ортақ көз­қарас жоқ, тиісінше, пікір алуан­дығы бар. Олай болса, артқа кетуге жол бермейтін нормаларды қабылдау керек. Сонда ғана яд­ро­лық қарусыз әлемді құра аламыз. Ядролық қаруды таратпау кон­венциясын жүйелі түрде іске асыру басты талап. Мұндай іс-қимылдардың нақты бағыт­та­рын­сыз жұмыс істей алмақ емеспіз, деді шешен. Қазақстанның 20 жыл ішіндегі нәтижелі жұмыстары үшін ризашылығымды жеткізу менің міндетім, деп ағынан жарылған АҚШ-тағы Канзас штатының гу­бернаторы Сэм Браунбек елі­міз­дің ядролық қарусыз әлемді насихаттап отырғандығына ерекше тоқталды. Губернатор Қазақстан­ның көтерген бастамалары әлем­де қолдау тауып келе жатқан­ды­ғын алға тарта отырып, кейбір мәселелерде әлі күнге ауыз­бір­шілік жоқ екендігіне өкініш білдірді. Алға жылжу барысында барлық күш-жігеріміз шынайы түрде ядролық қарусыз елді құ­руға әкелсе деп ойлаймыз, деген губернатор еларалық сенімділікті қамтамасыз етудің маңызды екен­дігін, ядролық қарусыз әлем құруды заңнамалық қамтамасыз етумен қатар, мақсаттар мен міндеттер нақтыланып, соның ая­сын­да көбірек жұмыс жасау қа­жеттігі тұрғысындағы ойын өрбітті. Өзінің осы идеяны насихаттап жүрген адамдардың қата­рынан екендігін және осы идея­ны іске асыруға өмірін, ден­сау­лы­ғын, жігерін беретін адам­дар­дың бірі екендігін айтқан ол алда кездесетін кедергілерді еңсеру керек деді. С.Браунбектің бұл жа­лынды сөзін сессияға қатысу­шы­лар ерекше ықыласпен қол ша­палақтай қуаттады. Сессия соңы­нан оған қатысушылар көптеген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, бірқатар сұрақ­та­рын да қойып жатты. Түстен кейін «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумының екінші және үшінші панельді сес­сияларының жұмысы әрі қарай жалғасты. Екінші сессияға қа­ты­сушылар «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жеделдетіп, күшіне енгізудегі үкіметтер мен қоғам­дас­тықтың рөлі» деген тақырыпқа байланысты өзекті де өткір мә­селелерді талқылады. Сессияға ЯҚТЖШ-ның атқарушы хат­шы­сы Тибор Тот модераторлық етті. Ол отырыста талқыланатын мә­селелердің әлемдік қоғамдастық үшін ерекше маңызды екендігін айта келіп, сөз алушы спикерлерге белсенділік танытуды өтінді. Алғашқы болып сөз алған АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роуз Готтемеллер сө­зін Қазақстанға осымен екінші мәрте келіп отырғанынан бас­та­ды. Оның айтуынша, сол алғаш­қы сапар есінен мәңгі кетпейді. Әсіресе, Алматының бал татыған алмасына ерекше қызыққан екен. Осы ойын ашық білдірген ол Қазақстанның ядросыз әлем құру идеясын қолдайтындығын, бұл АҚШ Президентінің бүгінгі үн­деуінде де айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ шешен Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу ту­ралы шартқа қол қойылғанына, енді оны мемлекеттер ратификациялау қажеттігіне назар аударт­ты. «Шарттың күшіне енуіне Қа­зақстан Республикасы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды, деді ол осы жайында. Қазіргі кезде Қазақстан инновациялық үде­рістерге бет бұрды. Ақпараттар алмасу жақсара түсті. Сондықтан да қазақстандықтар ұсынған ядро­­лық қауіпті заттардың та­ралуы жөніндегі ақпаратты сол мезетте хабардар етудің маңызды екендігін баршамыз қаперден шығармауымыз керек». Норвегия Парламентінің де­пу­таты Мортен Хоглундтың атап өтуінше, сессияның бұл оты­рысында өте маңызды мәселелер талқыланып отыр. Өйткені, бү­гінде ядролық сынақтардан зардап шеккендер, оның ауырт­па­лығын тартқандар қатары азайған жоқ. Бұған мысал ретінде депутат өзінің Семей полигонында болғанын, ондағы жағдайлардан жақсы таныс екендігін тілге тиек етті. «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанымен, құжат әлі кү­шіне енген жоқ, деп жалғас­тыр­ды сөзін депутат. Бірақ ядролық сынақтарға тыйым салудың негізі қаланды. Бүгінге дейін шартқа 150-ден астам мемлекет қол қойды. Елдердің көпшілігі оны әлі ратификациялаған жоқ. Сон­дық­тан мен елдерді шартты ра­тификациялауға шақырамын». Де­путат ядролық қауіп-қатердің кез келген уақытта туындауы мүмкін екендігінен де хабардар етті. Оған Фукусима АЭС-тегі апат­ты жағдай нақты дәлел бо­лады. Мұндай мысалдар өткен та­рихтан белгілі. Сол тарих та­разысынан сабақ алған жөн. Шешен бұл жерде парламентаралық байланыстардың орны бөлек екенін де атады. Жапония Парламентінің де­пу­таты Хироси Каваути Қазақ­стан­ның ұйытқы болуымен өтіп отырған бұл жиын ядролық қаруды жоюға жасалған нақты қадам екендігіне тоқтала келіп, Фукусима АЭС-інде болған апаттан және цунамиден қаза тапқан­дарға Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың көңіл айт­қандығын және көмек көрсет­кен­дігіне тоқталды. «Жапония мен Қазақстан арасындағы ядросыз аймақ құру мәселесі бойынша парламентаралық байланыстар жақсы, деді спикер әрі қарай. Жапония халқы ядролық сынақ­тарды тоқтатуды қалайды және шарт жедел күшіне енеді деп санайды». Сонымен қатар, ол біраз елдердің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылмағанын, бұл яд­ро­лық қатерлердің әлі де сақталып отырғандығын білдіретіндігін алға тартты. Жапония Парламентінің тағы бір депутаты Наокадзу Такэмо­то­ның хабардар еткеніндей, Жапония мен Қазақстанның ядролық сынақтарға байланысты тәжір­и­бе­лері бар. Оны Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларының, Семей по­ли­гонында 40 жыл бойы жа­сал­ған ядролық сынақтардың зар­даптарынан көруге болады. Бұ­дан бұрындары кейбір елдерде жасалған сынақтарға кезінде әлемдік қоғамдастық та алаң­дау­шылықтарын білдірген. Сон­дық­тан да осындай халықаралық іс-шаралар жиі өткізілуі