Шараның ресми бөліміне Конфедерация президенті Дорис Лойтхард қатысып, бұл көрменің планетамызда тұрақты болашақ құруға негіз болуы мүмкін екенін айтты. «Әртүрлі саяси шешімдермен байланыстағы технологиялық даму қазіргі уақытта энергетикалық секторға ғана емес, басқа да салаларға түбегейлі өзгерістер әкелуде. Сол себепті Қазақстан осындай ауқымды іс-шараны Орталық Азияда алғаш рет өткізе отыра, дұрыс таңдау жасады. Қоршаған орта, адами құндылықтар және тұрақтылық жиырма бірінші ғасырдағы үлкен сын-тегеурін болып табылады. ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі әлемдік қоғам үшін аса маңызды. Мұнда біз өзіміздің ең жаңа технологияларымызды одан әрі тарата аламыз және Қазақстан мен Швейцария арасындағы тұрақты ынтымақтастыққа сүйене аламыз», деді ол.
Швейцария Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде жеті рет ең инновациялы ел ретінде танылған. «Энергетикалық стратегия-2050» бағдарламасы мемлекеттің болашақ ұрпағына энергияның қауіпсіз әрі сенімді жеткізілуіне кепілдік береді. Швейцарияның осы бағыттағы тәжірибесі олардың ұлттық павильонында көрініс тапқан.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас, сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып жатқанын әңгімеледі. «Біз Швейцария үкіметінің баламалы энергия көздерін дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз. Швейцария халқы қабылдаған жоғарыдағы бағдарлама жасыл экономиканың дамуына едәуір үлес қосып, елдің одан әрі экономикалық дамуына ықпал етуде. Қазақстан да осы бағытты белсенді дамытуға ниетті. ЭКСПО-2017 көрмесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртуға үлкен серпін беретін жалпыұлттық жоба болып табылады және жаһандық проблемаларды шешу үшін әлемдік алаңға айналатыны анық», деді министр.
Күннен қуат алатын ұшақ келесі жылы ғарыш кеңістігіне самғайды
ЭКСПО-2017 көрмесіне күн қуатымен қозғалатын «Solar Stratos» ұшағының пилоты Рафаэль Домжан келді. Швейцарияның ұлттық күніне орай Астана қаласына ат басын бұрған өнертапқыш алдағы жоспарларымен бөлісті.
Келесі жылы ол ұшақпен стратосфера қабатына, яғни ғарышқа дейінгі кеңістікке көтерілуді көздеп отыр. «ЭКСПО-2017 баламалы қуат көзін насихаттау алаңына айналды, сондықтан елордадағы шара мінберінде тұрып, адамзатты ғаламшарды сақтауға бағытталған таза энергияны дамытуға шақырамын», деді ұшақ пилоты.
Әлемдегі алғашқы күннен қуат алатын ұшақты сынақтан сәтті өткізген Рафаэль Домжанның жасыл технологияларға қызығушылығы Солтүстік полюстегі саяхатынан басталыпты. «Мен жиырма жылдан астам уақыт Солтүстік полюске, Шпицберген аралдары мен Ирландияға саяхат жасадым. Он-он бес жыл бойы үлкен мұздықтардың еріп кеткендігін көзіммен көрдім. Ғаламдық жылыну мен климаттың өзгерісі жай сөз ғана емес, ол құбылыс шынайы болып жатыр. Бірақ бізде технологиялар мен баламалы қуат көздері бар ғой. Сондықтан, бізде шешімін таппаған мәселе бар болғанымен, оның шешімі дайын деп білемін», дейді шетелдік қонақ.
Басқосуда «Solar Stratos» ұшағын жасап шығарған компанияның бас директоры Марио Эль Кури де 2015 жылы көкке көтерілген сәттегі әсерімен де бөлісті. «Күннен қуат алатын ұшақты екі жыл бұрын алғаш рет сынақтан өткіздім. Бірақ, бұл ұшақта гүріл жоқ. Яғни қозғалтқыштан, турбинадан шығатын гүріл мүлдем естілмейді. Аспанға көтерілген кезде мүлгіген тыныштыққа куә боласың. Бұл мен үшін ерекше болды», дейді ол.
Рафаэль Домжан осы сынақтан кезінде қатты қобалжығандығын жеткізді. «Марио мырзаның компаниясының қызметкерлері ұшаққа күн панельдерін жабыстырды. Біз ұшақ көкке көтерілген кезде панельдер ұшып кете ме деп қорықтық. Ал қазір бұл жағдай күлкілі көрінеді. Шынын айтқанда, біздің ұшақтағы күн панельдерінің қарапайым панельдерден айырмашылығы жоқ. Біздің мақсатымыз әдемі, қымбат өнім жасау болған жоқ. Тек күн энергиясын барынша қолданылуы қажет деген пікірді ұстандық», деді өнертапқыш.
Келесі жылы шетелдік ұшқыш ғарыш кеңістігіндегі стратосфера қабатын бағындырмақ. Ұшақтың салмағы, ұшқышпен бірге есептегенде 450 келі. Ал ұшу құралының қанатымен қосқандағы ені – 24,8 м, ұзындығы – 7,9 м. «Solar Stratos» ұшағының қанаттары үлкен. Сондықтан, ол жерге қонбай үлкен қашықтықты бағындыра алады. Ұшақ 25 мың метр биіктікке дейін көтеріледі. Ұшқыш осындай жағдайда денсаулығына зиян келмес үшін арнайы герметикалық костюм киеді.
Ұшақтың салмағы жеңіл болған сайын, жоғары биіктікті бағындыру мүмкіндігі арта түседі. Сондықтан, құрастырушылар ұшу аппаратының салмағын барынша жеңілдетуге тырысады. Ғарышқа саяхат қауіпсіз болу үшін ұшқыш та салмақ тастауы қажет екен.
Топтаманы әзірлегендер:
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»