Әрбір ата-ана баласының беті болашақта көншарық емес, жарық болу үшін де оқытқысы келеді. Десе де, ақылы оқуды кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Мұндайда солқылдақ шыбықтай санасы майысқақ жасөспірімге айыбын айтқан оңай, байыбын айтқан қиын. Айталық, жыл бойы ҰБТ-ға мұқият дайындалып, келесі жылы қайта құжат тапсыруға кеңес беруіңіз мүмкін. Оған орқояндай орғып, от басайын деп тұрған ол шыдай ма?. Киіз қазықты жерге кіргізетін мықты тоқпағы – өтпелі жастағы өскінді қадағалаушы ата-анасы мен ет жақындарының немесе талапкердің өзінің қатаң қағидасы болмаса, іске асуы қиын. Әлбетте, сырттай оқуға тапсырып, жұмыс істеп, қаржы табуға шешім қабылдауға шақыруға да болар. Бұл бозбаланың немесе бойжеткеннің еңбектің ащылы-тұщылы дәмін татуға, сол арқылы өзінің де оқуға ден қоюына себеп болуы кәдік. Тіпті болмаса, оқуының төлемін өзі таба алатын деңгейге ұмтылуына негіз болады. Алайда, мектептегі қатар құрбы-құрдастарынан қалмау да ойында бар. Осы тұста мемлекеттің қолдауына арқа сүйеуге болатын тағы бір жайтты айта кетелік. Бұл – білім несиесі.
Осыдан он алты жыл бұрын оқуға тапсырдық. Қиырдағы Қытаймен шекарада жатқан алыс ауыл мектебінен алған орта біліммен биікке қол созған едік. Журналистика мамандығына республика көлемінде бар-жоғы 15 грант, 20 несие бөлінген екен. Барлығы – 35 орын. Байқау өте жоғары болды. Сәтін салғанда, ауыл квотасымен несие бағдарламасына ілігіппіз. Осы несие қайырлы несие болды. Бүгінде жемісін көріп келеміз. Әйтпесе, нарықтың нақ қос бүйірден қысып тұрған кезеңінде ауылдағы жұмыссыз ата-ананың ақылы оқытуға шамасы жоқ еді. Бүгінде бұл жүйе болмағанымен талапкер өзінің атына несие ресімдеуіне болады. Яғни, грант ала алмағандар студенттік кредит бойынша оқуға түсе алады.
Биылғы мектеп бітірушілердің 30 пайызы ғана білім гранттарына қол жеткізгенін есепке алсақ, ақылы негіздегі оқушылардың қатары артатыны сөзсіз. Яғни, бұл ретте ата-анаға иек артпай, өз күш-жігеріңізге сүйену арқылы оқығанға не жетсін! Аман-есен оқуды тәмамдасаңыз асықпай несиені де өтеп шығасыз.
Өткен сенбіде талапкерлердің ата-аналары мен туыстарын білім гранттары мәселесіне орай қабылдаған Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев студенттер мен талапкерлерге оқуға ақы төлеуге қолдау көрсету мақсатында білім беру несиелерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасы енгізілгенін, осы тұрғыда талапкерлер өз атына студенттік несие ресімдеуге болатынын жеткізген болатын.
Яғни, қысқаша айтсақ, 12 жылға дейін берілетін бұл несиенің жылдық үстемесі 10 пайыздан басталады. Министрлікке қарасты Қаржы орталығы кепілдік беретіндіктен несие алушыдан кепіл талап етілмейді. Оқу кезеңінде және оқуды бітірген соң 6 ай бойы студент несиенің пайыздарын ғана өтейді. Қазақстан азаматтарына берілетін несиенің қарыз алушыға қоятын талабы – үлгерімі ҰБТ/КТ бойынша 50 балдан төмен болмауы керек. Сондай-ақ, табысы және зейнетақылық аударымы бар қоса қарыз алушы жеке тұлғаның болуы талап етіледі. Құжаттарды жинап, банкте келісімшартқа қол қойған соң ақша колледж немесе жоғары оқу орнының шотына аударылады.
Студенттік займдар өркениетті елдерде ертеден қалыптасқан. Мәселен, әлемдік оқу ордасының біріне саналатын Ұлыбританияда студенттік несиелер ел азаматтарымен бірге Еуропалық одақ елдерінің тұрғындары үшін де қолжетімді әрі тиімді оқу жүйесінің бірі. Аталған елде студенттік несиенің екі түрі бар. Оның бірі оқуға берілсе, екіншісі тұрмыстық қажеттілікке беріледі. Тұрмыстық несиені тек күндізгі бөлімде оқитын студенттер ғана ала алады. Ал несиені өтеу студенттің оқуын тәмамдағаннан соң табысы 21 мың фунтқа жеткенде жүргізіле бастайды. Сол сияқты бұл жүйе соңғы жылдары ТМД елдерінде енгізіле бастады. Қазақстан да студенттік несиені ресімдеуді қолдаушылар қатарына қосылып келеді.
Бүгінде той қуанышына да несие ресімдеп жатамыз ғой. Егер баланың шын мәнінде оқуға ынтасы зор болса, ой қуанышына, білім бәсекесіне неге несие алмасқа деген ой туады. Бұл да мүмкіндік. Бұл да инвестиция. Ақыл-ойға құйылған қаржы ақыл-оймен қайтарылады. Өйткені, нарықтың жалғыз заңы бар. «Мың ділдә – білімдінің жалғыз сөзі!».
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»