Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстық шөген федерацияларының командалары, «Аққия», «Әулиеата» шөген клубтары, «Astana polo club» және «Almaty polo club» ұжымдары біріншілік жүлделерін сарапқа салды.
Жарыс қорытындысында барлық ойындарында қарсыластарынан басым болған қос команда – «Astana polo club» және «Almaty polo club» клубтары турнирдің бас жүлдесі үшін майдан салды. Жалпы, бұл екі команда бірнеше халықаралық турнирге қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азулы ұжымдар. Еске салар болсақ, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирде топ жарған. Бұдан бөлек, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерінде осы екі команда шетелдік шөгеншілерді шаң қаптырған-тұғын. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додасында да аталған қос команданың алтын және күміс жүлделерді өзара бөліскені бар.
Міне, осындай сыралғы қарсыластар арасындағы ойын тартысқа толы болды. Матчты тамашалаған жанкүйер қауым да құмардан шығып, шөген саңлақтарына деген қошеметтерін қиқу салып көрсетіп отырды.
Сонымен, шешуші ойында шын шеберлігімен көзге түскен «Astana polo club» ұжымы алматылық шөгеншілерді 6:4 есебімен жеңіп, 2017 жылғы ел чемпионы атанды. Ал жүлделі үшінші орынды Ақмола облысының шөгеншілерінен 2:1 есебімен басым түскен «Әулиеата» клубы иеленді. Еске салсақ, былтыр тұңғыш рет өткен ел чемпионатын осы «Әулиеата» шөген клубы жеңіп алған болатын.
«Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бас серіктес және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әлеуметтік серіктес болған біріншіліктің жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады. Қазақстанның жаңа чемпионы «Astana polo club» клубы 1 миллион теңгенің сертификатына ие болса, күміс жүлдегер атанған «Almaty polo club» командасына 600 мың теңге бұйырды. Қола медаль иесі «Әулиеата» ұжымы 400 мың теңгенің жүлдесіне қанағат етті.
Жарыс нәтижесінде үздік шыққан ойыншылар мен сәйгүліктер арнайы жүлделермен марапатталды. Мысалы, «Almaty polo club» командасының капитаны Қуаныш Мұсабеков «Үздік ойыншы» аталымы бойынша озып шықса, «Үздік поло пони» болып «Маусым» атты сәйгүлік танылды.
«Егемен-ақпарат»