Ел біткен кеш батса-ақ шаңырағына жиналып, арасындағы хат білетіндерге қолы жеткен дастан-жырларды оқытып, қысылтаяң күндердің ызғарынан құрысып қалған арқасын бір кеңітіп алып, пай-пайлап үйді-үйіне тарасатын түндерде Мұратбек қарттың көңілі, әсіресе, «Ер Сайынға» қатты құлапты. «От жағалай отырып, Оттың басын толтырып, Үйің базар болғандай, Көп пе саған керегі? Бірін мыңға балаған, Құдай өзін қалаған, Жұртқа қорған болғандай, Бір ме саған керегі?» деген пірінен мыңға татитын жалғыз ұл сұраған Бозмұнайдың дұғасы тұңғыш немересін жалаңаш төсіне салып жүріп өсірген қарияның да тілеуіне жұқпай қалды деймісіз.
...Былайғы жұртта көп кездесе бермейтін тосын есім Мұратбектің тұңғыш немересіне осылай бұйырған көрінеді.
Туған шешесінен алты жасында қалған Сайынның қалыптасу кезеңі өзгелерге ұқсайды һәм ұқсамайды. Ұқсайтыны – жұрт көрген соғысты көріп, жұрт шеккен азапты бірге шеккені. «Расында да, қай уақыттан бастап маған ес кірді?! Иә, иә, ең әуелі қарнымның қатты ашқаны есімде» дейтін бір әңгімесінде. Көкірек көзіне сана дарып, ақыл кірген сәтте дүниені алғаш аштықпен түйсіну сол уақыт перзенттерінің еншілі сыбағасы еді ғой. Ұқсамайтыны – күні кіжінумен өтетін көп кедейдің Құдайды қарғаудан аспайтын парықсыздау ашуын бойына жұқтырмағаны. Бұл ұстамдылық соншама тар заманның өзінде нәлет айтып, қарғанып көрмеген атасының шапағаты екені анық. «Отбасымен жібектей есіліп тұратын Мұратбековтер әулетінен» жұққан бәсірелі мінезі оның бүкіл шығармашылығынан андағайлайды да тұрады.
* * * «Көркем сөздің жаны – көркем образ» депті Сайын Мұратбеков бертінде берген бір сұхбатында. Ол қай шығармасында да алдымен образдарды қалыптауға күш салды. Оның галереясында бір жақты жақсы, бір жақты жаман кейіпкер жоқ. Тіпті «Жабайы алмадағы» ең сүйкімсіз Тұржанның өзі алғаш сахнаға шыққанда қорғансыздау, момындау қалыпта көрінеді. Оның қай кейіпкері де есерсоқ Рысбек сияқты құбылуға бейім тұрады. Оқырман көп үміт артып, бауыр басып қалатын Зибаштың өзі бригадир сайланған соң әп- сәтте сызданып шыға келеді. Ал, әлгі Рысбекті оқушы іштей жер-жебіріне жетсе, мансұқтаса, қарғап-сілесе деп іштей тілеп отырса да, жазушы асыға қоймайды. Осы Рысбек төңірегінде өрбитін адам сенгісіз оқиғалардың бәрін көріп-біле тұра айналасындағылар кезі келіп қалғанда «Арғы атасы арқалы, аруақты адам еді, жарықтық» деп айналып-толғанып шыға келеді. Сайынның көру аясындағы көпшілік те иілгіш, құбылғыш. Оның ұғымында да «көпте әділет жоқ». Соғыстың зардабынан адамдар осындай болып кетті деп ақтап алмақ ниет те жоқ. Соғыстан тыс, ел оңалып, заман түзелген кезеңді негіз еткен «Басында Үшқараның» повесіндегі бір шал айтатын «Ағайын-туған деп қайтесің, бұларға алаңдап. Ол сен алыста жүргенде – бұлардың бауыры езіліп, емексіп тұратыны, ал ертең осылардың ортасына келші...» деген көзқарас та әшейін кейіпкерінің аузына сала салған сөзі емес, көптің қалпын алаңсыз баққан, қапысыз аңғарған жазушының түпкі ойы. Жалыққыш келетін адам жаратылысы жайлы ақырғы тоқтамы.
«Жусан иісіндегі» қорғансыз, иі жұмсақ ертегіші Аян еті қызып, көлденең дүниеден өзін азат сезініп тұрған бір сәтінде түнгі аспанға қарап: «Жұлдыздың нуы жиі екен, ертең күн жылы болады», дейтін. Және бұл сөзді әдеттегі елеусіз кезінде емес, ертегісін айтып болып, әшейінде көзге іле қоймайтын қатарластарын өзіне әбден жүгіндіріп алған соң шығармашылық тоғайған көңіл-күйде тұрып айтады. Ал, әдетте әңгүдіктеу келетін ойын балалары дәл осы сәтте ол не айтса да сенуге, не десе де көнуге даяр тұратын. Күн сайын жаңа ертегі ойлап табу – оның аянышты кейіпкерінің бір сәтке өзге жұртқа көрсеткен сесі, өзгенің алдындағы өзінің бір ғана артықшылығын пайдалануы болатын. Ал, өзге балаларға «нуы» деген не-ей?» дегізіп, тіпті, өзінен сұрап алуға батпайтындай биіктеп кететіні – ылғи да қағажу көріп, көп қызыққа сырттай қарап тұруға мәжбүр болатын кемтар баланың кезегі келгенде қайтарған есесі деуге келеді. Бас кейіпкер қанша аянышты суреттелсе де, оның көлеңкесінде көрер көзге көп шалынбай әңгіме бітер-біткенше еріп отыратын осы бір тәкаппар «мен» ертегіші Аянның өмірден тапқан бір жұбанышы іспетті. Ылғи да өзінің кем екенін, өгей екенін сезінуден шаршайтын ішкі тәкаппарлық өз қорегін осындай сәттерден айырар еді.
Сайынның бала кезіне тап келген соғыс пен жоқшылық оның қай замандасын да осындай «жұбаныштарды» малдануға мәжбүрледі. «Өзінде бармен көзге ұрарлық» ештеңесі жоқ, жан дүниесі кедей, көргені мен түйгені аз, отбасылық тәрбие деген адыра қалған, ұрпақ, дәстүр сабақтастығы бір сәт үзіліп тұрған кезде өмірге келген, дүние дегенді күштінің әлсізге күш көрсетуі деп қана танитын оның қатарының сүйінер қаһарманы Рысбек, Әжібек сияқты әңгүдік мінезінен өңге түгі жоқ кемістеу адамдар болды. Жазушы да айналасына осылай қарап, жоғы табылып, өшкені жанып, тәубелей қуанған сәтінің өзінде аузына ақсарбас емес, «жеті нан» деген жуастау сөз түсетін әжесі («Жабайы алма») секілді заманынан жеңілген жуас, пәс адамдардың қабағын көп бағып өсіпті.
Жасаған образдардың басым бөлігі қарабайыр адамдар екеніне қарамастан әрқайсысы бір-бір патшаға барабар деңгейде бейнеленеді. Ол қалыптаған балалар да зорлық пен қорғансыздық араласқан қым-қуыт тартыстың ішінде жүреді. «Баланың істегені білінбейді» деген сөзді Сайынды оқығанда басқаша түсінесің. Баланың істеген қолғабысы ғана емес, қылмысы да білінбейді екен. Олар істеген жаманшылықтар үлкендер тарапынан айтылатын «бала ғой» деген бір ауыз сөздің қалқасында қалып кете береді екен. Әділетсіздік атаулы да балалық шақтан басталады екен. Біз тұнық кез, балалық шақ деп тек сүйсініспен, сәулелі естеліктермен еске алатын бала шаққа Сайын тым басқаша қарайды. Және сіз бен біздің әдемі естелігімізден гөрі Сайынның қатаң реализмі шындыққа жақын.
Адамға тән қайшылықты сезім мен мінездердің бәрімен қапысыз суарылып, жан-жақты қашалған кейіпкерлері сахнаға қай кезде шығып, қай кезде сөйлеп, қай кезде тоқтау керек екенін жақсы біледі. Оның кейіпкерлері де болған істі болғандай қылып, бас салып, табан астында жазып тастауды жазушылық өнер көтермейтінін, қай тақырыпты жазсаң да, алдымен уақыттың айтар сөзін бағамдап алмай болмайтынын бекем ұстанып өткен жазушының өзі сияқты...
Сайын туған жер, туған ауыл туралы қастерлі (һәм жаттанды) қағидаларды да сырын қашырып айта бермейді. Күллі шығармасы ауыл тіршілігіне арналса да, онда «ауыл – ғажайып, ауыл – керемет», «қырманға кел, қалқатай» дейтін ұран жоқ. Онда өмір бар, адам бар – ауыл соның фоны ғана. Жазушы бұл фонды жете білгені, жақсы танығандығы үшін таңдап алған. Әйтпесе, соғыс жылдары «Бәрі де майдан үшін» деп, тылдағылардың аштан өлгеніне, тың игеру жылдарында ұранға еріп, жойдасыз көп жыртылған жердің игерілмей бос қалғанына, жарысқа түсем деп шамадан тыс көбейген малдың босқа қырылғанына деген қыжылын жиі-жиі аңғартып алатын жазушы «қала жаман, ауыл жақсы» деген жалған идеологияға сеніп қалды дей алмайсыз.
Кезінде «Сайынның тақырып өрісі тарлау боп барады, кіл ауыл жастарының өмірін жазады» деген сынға арқау болған оның бірыңғай ауыл тіршілігіне құрылған шығармашылығының «науқандық туындылар» қатарында қалып қоймауы да – «кіл ауыл жастарының өміріне» өзінше келгенімен байланысты. Ондағы басты тақырып – ауыл емес, адам болатын. Адамның аласы мен құласы, іші мен тысы болатын. «Туған жерге деген жалған елжіреу де жоқ еді көңілінде» іспетті жеке тұрғанда бір сәт «бұ несі?!» дегізерлік тосын байламдар шеккен жетімдік пен көрген құқайы есіне түсіп, қарадай жерініп тұрған адамның көңіл күйімен астасқанда мүлде тіксінтпейді. Керек болса, алдынан аңқылдай шыққан көптің құшағында өзін «жоғалтып» алған, «осындай бір сәттер үшін, осындай ыстық сағыныш үшін өмір сүру қандай жақсы» деп тебіреніп отыратын Әсеті («Басында Үшқараның») келе-келе өзіне көрсетілген құрмет пен қолпаштан, мейір мен пейілден де мезі болады. Сайын жасаған образдар осындай әркелкілігімен, әр кездегі әртүрлі көңіл күйімен, жақсылығы мен жамандығы қатар өріліп отыратын «кәдімгі адам» кейпімен қызықтырады. «Жазушы – періште емес» дейтін қаламгер үшін өзі куә болған жайт қана емес, жасаған күнә, істеген қателігі де – шығармаға арқау. Алдындағы ақ қағазда жүріп жатқан өмірдің құдайы өзі болғанымен, ондағы адамдардың ісіне ақ, қара деп кесім айтпайтын, тіпті, ең құрып қалған кейіпкерінің өзін мансұқтамайтын, әжуалап, оқырманмен қосылып жек көрмейтін жазушы қаламы қалыптаған жандардың қай-қайсысын да өгейсітіп, өзекке теппейді. Жер бетіндегі әділетсіздіктерді көре тұра неге араласпайды, неге әлсіздерге көмектеспейді, қолында билігі бар азғындарды қашанғы тайраңдатып қояды деп Құдайдың өзін жазғыратын кейіпкерлері сияқты, оқырман да Сайынның анау-мынауға бүлк етпейтін төзіміне таңданады да отырады. Сайын да арыстанның азуындағы еліктің лағын құтқарып жіберудің орнына, таспаға басып, жай ғана әңгімелеп отыратын дәті берік оператор сияқты. Табиғи қисынға араласпайды. Ешкімді жақтамайтыны да содан. Онда жүріп жатқан күрестің бәрі – тіршілік үшін. Зорлықпен иіп, қинап қиыстыру жоқ. Сөйте тұра, болғанды болған күйінде де жазбайды. Өмірінің соңына қарай берген бірлі-екілі сұхбатында ойында жүрген шығармаларының қисынын таппай, бөгеліп тұрғанын, тапқан күні жазуға отыратынын айтатын. Алдыңыздағы әңгіме сіздің санаңызда қазір өтіп жатқанымен, жазушының санасында қанша мәрте сүзгіден өткен, өңделген, ақырғы нұсқасы таңдалғанша басынан бірнеше рет «кешкен» байырғы оқиға. Ол шығармадағы жаңалықпен жазу үстінде қауышпайды, бәрі жазуға дейін жеріне жете нақтыланғандықтан ондағы оқиғалардың бәрі оған әбден таныс. Сондықтан да, ол жазу үстінде сізді иектейтін елжіреуік эмоцияға берілмейді. Жазуға отырардан бұрын бәрі шешіліп қойған, енді ештеңені түзетуге болмайды.
Сайынның бүкіл әңгімесін өзгені түсінуге тырысатын (ақтап та әуре болмайтын), өзгеге ғана емес өзіне де күмәнмен қарайтын, кезі келіп қалғанда әділетсіздікке араша түсуге қорқып, тілін тістеп, бұғып қалғанын да жасыра алмайтын шыншыл, жұмсақ мінезді адам айтады. Ол, тіпті, өзі көрген сұлулыққа да күмәнмен қарайды. «Көкорай» повесінде түнгі ауылдың суретіне тамсана тұрып: «ауылдың осы шағын Жанай ғана осылай көріп, біле ме екен? Әлде басқа жұрт та сезе ме?» деп өзгенің ғана емес, өзінің де талғамына шәк келтіре ойланатын кейіпкерінің екі ұдай, секемшіл көңіл күйі әп сәтте оқырманды да меңдеп алады. Сондықтан сіз шығармадағы күллі көріністі оның өзгеруге бейім тұратын кейіпкерлерінің көңіл күйі арқылы қабылдауға мәжбүрсіз. Жесір жеңгесіне сөз сала келген сүйкімсіз сары шалға деген лирикалық кейіпкердің жеккөрініші әп-сәтте сізді де құрсауына алып үлгереді. Ендігі бір сәтте кейіпкер әлгі шалды бір сәтке ғана іш тартып, жақсы көріп қалады, – «бұл қайткені?!» деп ойланып үлгерместен, сіз де жақсылықтан үміттене бастайсыз. Сүйкімсіз шалды идеалдандыра түсетін тағы бір қасиеттерден, жесір жеңгенің сартап болған бақытсыз күндеріне сәуле жүгіртер тағы бір ғажайыптардан дәме етесіз. Бірақ, бұл күрмеудің шешімі о баста басқалай шешіліп қойған. Жазушы сізді емексітіп-емексітіп әкеледі де, ақырында қиялыңызда оянып үлгерген ғажайыпқа деген үмітіңізді үзеді. Арқаңыздан қағып, маңдайыңыздан сипап жұбата отырып соңғы шешімін айтады. Сол себепті, Сайынның әр шығармасын оқып біткен соң көңіліңіз астаң-кестең болып, әрі-сәрі отырып қалмайсыз. Әбіш Кекілбаев «Ханша-дария хикаясында»: «Дүниені белшесінен қанға бөктіріп қойшы, жұрт неге істедің деп таңданбайды, апырай, қалай істедің деп таңданады» дейтін. Сіз де осынша шиеленісті жібектей етіп тарқата салған жазушыға осылай таңданасыз. Кейде жақсылықтан үміттендіре отырып, қатал шешім шығаратын жазушы, кейде осыған қарама-қайшы қадамға барады. Жантүршігерлік әлдебір оқиғаның елесін көрсетіп қойып, қорқыта-қорқыта соңғы нүктеге жетелеп әкеледі. Бірақ, көркемдік шешім тым бейбіт, тым жайма-шуақ. Жазушы «Алматыға келуіме себеп болды», деп алғыспен еске алатын Әбу Сәрсенбаев бір талқылауда «Жеңеше» әңгімесі жайлы: «Ә деп оқи бастағанда «мына қайнысы қара басып жеңгесіне сөз айтады-ау» деп қорқып отырдым. Тап беріп, ұят жасайтындай...» депті. Міне, осылай үміт пен үрей – екі сезім кезек алмасып, әңгіме соңына тақаған сайын сюжет қоюлана түседі.
Сайын туралы естеліктерді оқымаған, өмірінен мүлде хабарсыз жанның өзі оны көркем шығармасы арқылы-ақ біршама танып үлгереді. Оның жұмсақ мінезі туралы көзкөргендер де аз айтпайды. Мәселен, әдеби ортадағы бейресми отырыстарда өзгелер бір-біріне кейде бейбіт қалыпта, кейде қызылкеңірдек болып сын айтып жатқанда, көбіне жымиып қойып үнсіз отыратын Сайынды сөйлетуге тырысатын айналасына: «Енді... ол түсінікті ғой», – деп, екіұштылау күліп қана қоятын көрінеді. Бұл ешкімді өкпелеткісі келмейтін мейірім ғана емес, белгілі дүниені көпіріп айта бергенді ұнатпайтын ішкі берік ұстанымның көрінісі.
Бұл мінез оның әңгіме-повестерінен де аз байқалмайды. Бақытжан Майтанов: «Жазушы шығармаларының көпшілігінде авторлық экспрессиялар тым жарқырамай, көмескі күйінде тұрып-ақ жүрекжарды сырлардың әсер-толқынын шебер сөйлете алады», дейді. Интуициясы тым терең жазушы шығармашылықта осы артықшылығын қапысыз пайдаланды. Және өз сезінгенін тәптіштеп түсіндіріп те әуре болған жоқ. Оқиғаның ішінде жүрсе не сезінгенін, не ойлағанын айта салады. Әлдекімнің мінезін сырттай қызықтайды. Кейіпкерлерінің басты ерекшеліктерін шағын штрихтармен атап өтеді де, әр аттаған сайын бір сыр тастап, алға жылжып отырады. Оның осындай шағын штрихтары енді сіздің түйсігіңізге сәуле түсіреді. Сайынды оқығанда адамды ой иектегіш келетіні сонысынан.
«Тегінде біреудің онсыз да баттия көрініп тұрған қуанышын дақпырта сөз етсең екінші біреуге ауыр тиюі мүмкін ғой», дейтін бір кейіпкері. Бұл сөзді айтқызып тұрған да – әлгі мінез. Оның кейіпкерлерінің қайғысы да, қуанышы да айналасында болып жатқан оқиғаларды көміп тастамайды. Біреудің қуанышы екінші біреудің қайғысына қозғау салады. Оның қиыншылықтан көз ашпайтын, сонда да өлмейтін кейіпкерлері соғыстан туысы аман келген көршісіне тілеулес бола тұра, қуана тұра «шіркін-ай, менің жарығым да осылай келер ме еді!» – деп, беймәлім қызғанышын жасыра алмай, жылап тұрады. Онысы кешірімді және.
...Қаралы күйдің өзіне ептеп шуақ араластыра білетін, асып-тасқан алақайлы сәттің өзіне ебін тауып бір мұң қосып жіберетін жазушының қаламындағы адамды асқақтатпайтын да, түршіктірмейтін де жып-жылы лебі маңдайыңыздан сипай отырып, алға жүр-жүрлейді. Қайталап оқысаңыз – баяғыда бастан кешкен сезімді тағы бір түйсіну үшін өзіңізге таныс сәттермен ұшырасқанша тағатыңыз қалмайды...
* * * Алматыға өзінен бұрын сөзі келген, университетте қатарластары Сайын Мұратбеков деген жазушының өзімен курстас екенін естіп, «апыр-ай, өзіміз қатарлы жігіт екен ғой», деп таң қалған жазушы дүниеден кеткелі он жыл өтіпті. Замандастары «Менің қарындасымды» жазған, аты белгілі болып үлгерген жазушының өзі қатарлас екеніне таңданса, кейінгі буын Сайын деген жазушының осыдан он жыл бұрын ғана осы біз басқан топырақты басып, біз жұтқан ауаны жұтқанына сене алмай дағдарады. Адамзат баласы Сайын деген жазушыны әлімсақтан бері білетіндей, ықылымнан оқып келе жатқандай көрінеді де тұрады...
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ