• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

Еліміз өркендеуіне тілектестік білдірді

261 рет
көрсетілді

Жақында Чехия Парламенті Ауыл шаруашылығы комитетінің мүшелері Мәжіліс үйіне келді. Олар Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің А­­г­рарлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мәдинов меймандарға еліміз туралы әңгімелеп берді. Қазақстанның агроөнер­кә­сібі – ел экономикасының негізгі саласының бірі. Ата-бабаларымыз ежелден ауыл шаруа­шылығымен айналысқан. Бүгінгі таңда жер бетінде адам санының өсуіне орай халықты азық-түлікпен қамту өзекті мәселелердің біріне айналып келе жатқаны анық. «Қазақ­стан негізінен бидай өсіреді. Еліміз астықты экс­порттауда әлем бойынша алдыңғы он­дық­­қа кіреді. Жыл сайын 20 млн. тоннадай астық өндіріледі, ішкі сұраныстың көлемі 8 млн. тоннадай. Сондай-ақ Қазақстан мал өсіру­де үл­кен әлеуетке ие. Асыл тұқымды мал басын өсіру мақсаты алға қойылды. Біздің комитет аграрлық саланы дамытуға бағыттал­ған заң­дарды шығарумен және жетілдірумен ай­­на­лысады», – деді Р.Мәдинов. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев өз сөзінде екі елдің қарым-қатынасы жақсы дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Айталық, қос мемлекеттің парламенттері ара­сында ынтымақтастық тобы бар. Қазақстан парламентшілерінің 32-сі аталған топқа мүше болып отыр. Заң шығару ісінде тәжірибе алмасу үшін осындай кездесулердің маңызы зор. «Сіздер біз үшін айрықша кезеңде – Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­са­ңын­да келіп отырсыздар. Бүгінгі таңда елі­міз­дің барлық өңірі Астанаға келіп, өз­дері­нің әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістіктерін көрсетіп жатыр. Уақыт­тары­ңыз болса, өздеріңіз де көре аласыздар», – деді В.Рогалев. Меймандар тарапынан сөз алған Чехия Парламентінің Ауыл шаруашылығы коми­теті­нің төрағасы Павел Лукша Қазақстан мен бұрынғы Чехословакия арасында қа­лып­тасқан достық байланыс бар екенін айт­ты. Осы дәстүрдің жалғасатынына сенім білдірді. Чех Республикасы – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары ел. Соған қарамастан, елдің экономикалық дамуында ауыл шаруа­шы­лығы қай кезде де басты рөл атқарып келеді. Ауыл шаруашылығы ІЖӨ-нің 10-12 пайызын құрайды. Меймандар Қазақ елінің өркендеуіне тілектестіктерін білдірді. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Розақұл Халмұрадов, Ұзаққали Елеубаев және Азамат Тұрсынов қатысты.