• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Тамыз, 2017

Астанада «Абай әлемі және рухани жаңғыру» атты шара өтті

699 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен елорданың оң жақ ендігінде орын тепкен Абай ескерткішінің алдында «Абай әлемі және рухани жаңғыру» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

«Абай сөзі – қазақтың бой­тұмары, Абай мұрасы – қазақ­тың қасиетті қазынасы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айт­қандай, дана бабамыздың асқақ мүсініне гүл шоқтарын қоюмен басталған мәдени бағ­дар­лама әдеби-сазды кешке ұласты. 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мәлім еткендей, рухани жаңғыру бастамасы көтерілген күннен бастап, бүгінге дейін қала көлемінде үл­кенді-кішілі 200-ден астам шара өткен. «Бүгінгі басқосу соның жалғасы. Яғни, дана бабамыздың өшпес тағылымынан нәр алу мақсатында «Абай апталығы» ұйымдастырылып отыр. Оған әкімдікке қарасты барлық сала­лық мекемелермен қатар, білім ошақтары, мәдени орындар қам­тылады», деді қала әкімінің орынбасары.

Әдеби-сазды кешті жырмен ашқан айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың «Білімнің қайнар бұлағы – Абай, ғылымның жарық шырағы – Абай, қазақтың нәрлі құрағы – Абай, ұлтымның үлпілдеген жүрегі – Абай» деп жырлаған мәнерлі шумақтары көрерменді бір серпілтіп тастады. Одан кейін Абайдың күйі «Торжорғаны» орындаған «Сер­пер» домбырашылар ансамблінен соң сахнаға көтерілген халық ақы­ны Қонысбай Әбіл ақын ата­мыздың рухына арнап:

Көңілің кетсе кірленіп, Емінің бәрі Абайда, Ренжітіп алып жүрмелік, Абайла, қазақ, абайла! – деп жүрек жырын төгілтсе, жас ақын­дар Мерей Қарт, Жұлдызай Ысқақ, Арман Шеризат шерлі толғауларын ақтарды.

Дәстүрлі әнші Ерлан Рыс­қали орындаған Абайдың «Сегіз аяғы» мен Ел­мұра Жаңабергенова шырқаған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...» әндері, сонымен бірге, елімізге еңбек сіңірген әртіс Кенжеғали Мыржықбай орын­д­аған «Қараңғы түнде тау қалғып», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» әндері елорданың мамыражай аспанын тербеді.

Ашықаспан астында өткен әдеби кешке жиналған жұртты Қ.Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театрының әртісі Қасымхан Бұғыбай орындаған мо­нолог мәнді, маңызды, ұйық­тап кеткен жүректі оятар әсем сазды­лығымен есте қалса, Орта­лықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Абайдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы» атты кітап көрмесі Абай шығар­маларын насихаттаудың үлгісі болды десек жарасады.  Ұлы бабамыздың туған күніне орайластырып өткізген бұл шараны қала тұрғындары мен қонақтары және зиялы қауым өкілдері келіп тамашалады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»