• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

Деректер өткеннен сыр шертеді

266 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғы­на арналған «Тәуел­сіз­дік туы астында» деген тақырыпта тарихи-деректі көрменің ашылу рәсімі болып өтті. Еліміздің ны­ғаюы жолындағы қабыл­дан­ған кең ауқымды құ­жаттар мен фотолар өт­ке­німізден сыр шертеді. Аталған көрме Сыртқы істер министрлігі, Президент мұраға­ты мен Ұлттық ака­де­миялық кітапхана ұйытқы­сы­мен өткізіліп отыр. Көрмеге Пре­зидент Әкім­ші­лігінің өкіл­дері, Сенат пен Мә­жіліс депу­таттары, қоғам қай­раткерлері, танымал қалам­гер­лер, дипломатия ардагерлері мен Аста­на­дағы шет елдердің дипло­ма­тия­лық өкілдіктерінің қызмет­керлері қатысты. Жиналған қауымның ал­ды­на шығып сөз сөйлеген еліміз сырт­қы саясат ведомствосы­ның бас­шы­сы Ержан Қазы­ха­нов ұлттық мемлекеттігіміз бен сыртқы сая­са­тымыздың негізін қалаған Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көшбас­шы­лығының арқасында тәуелсіз­ді­гі­міздің 20 жылы ішін­де отан­дық дипломатия ха­лықаралық сахнада үлкен та­быс­тарға қол жеткізгендігін ерек­ше айтты. Министр Қазақ­стан­ның шет елдермен ынты­мақ­тастыққа ашық­тығының ас­тарында бай тари­хымыз бен көне дәстүріміздің және оның бірегей жағрафиялық орнала­суы­ның жатқандығын атап көр­сетті. «Тәуелсіздігі­міз­дің, Ел­басымыздың көреген сыртқы саясатының арқасында бүгін әлем үшін Қазақстан ашық, ал Қазақстан үшін әлем ашық», деді министр. Көрме 542 құжат пен фотосуреттерді біріктіретін 6 бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлігінде еліміз егемендігін алғаш алған жыл­дар қамтылған. Мұнда Мемлекеттік нышандар, Қазақстан халқы Ас­самблеясы, Қазақстан Консти­ту­ция­сы (1995 жылғы) Президенттің Анты, сондай-ақ ұлттық валютаның енгізілуі, астана туралы Прези­дент­тің жарлықтары көпшілік назарына ұсынылыпты. Мемлекетаралық қа­тынастардың құқықтық негіздері­нің қалыптасуы бөлігінде Прези­денттің мемлекет басшыларымен сұхбаттарының жазбалары, сенім грамоталары, ел СІМ-інің сыртқы сая­сат мәселелер жөніндегі Елба­сы­ның қатысқан мәжілістерінің құжаттары мен өзге де деректі мәліметтер ұсынылған. Сондай-ақ көрмеден еліміздің халықаралық қоғамдастықпен ын­ты­мақтастығы мен ықпалдасты­ғы­ның қырларын айғақтайтын жәйт­терден, өнер, мәдениет пен спорт, ғылым және техника, ғарышты игеру салаларындағы сыртқы саяси дипломатиясы жөнінен мол мағ­лұмат алуға болады. Сыртқы эко­но­микалық дипломатия бөлігінде Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев­тың АҚШ-тың Нью-Йорк қала­сын­да өткен «Жаңа инвестициялық мүм­кіндіктер» конференциясының ашылуында және Конгресте сөйле­ген сөздерінің мәтіні қойылыпты. Сыртқы саяси ынтымақтастық бөлі­гінде, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйы­мына қатысты көптеген құ­жаттар мен фотосуреттер қаттаулы тұр. Елбасының БҰҰ Бас Ассам­блеясының 55-ші сессиясында сөй­ле­ген сөзі мәтінінің өз қолымен түзеткен нұсқасы да осында. Суреттер өткеннен сыр шертеді демекші, Елбасының 2001 жылдың 23 қыркүйегінде Рим католик шір­кеуінің басшысы Иоанн Павел ІІ-ні қарсы алған сәті де ұтымды берілген. Батыс пен Шығыс арасын жа­қындата білген Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға жасаған сапары елімізді Батыс өркениетіне жақсы жағынан көрсеткенін орынды айта кеткен жөн. Ержан Қазыханов атап өткен­дей, Қазақстанды Батыс та, Шығыс та сенімді және жауапты әріптес ретінде таниды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ның жаңа мың­жылдықтағы бірінші саммитін өт­кізуі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мын­дағы сәтті қадамдары да ел бе­делінің артуына игі ықпалын тигізуде. Осы орайда еліміз Сыртқы істер министрлігі тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына орай Ұлттық академиялық кітапхана қорына Елбасы қала­мы­нан шыққан және Елбасы туралы жа­зылған шет елдердің ондаған тілдерінде жарық көрген кітаптар топ­тамасын сыйға тартқандығын айта кету керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.