Тоғыз жолдың тоғысындағы ару Астананың тарихи өлшеммен алғанда, шамалы ғана уақыт үшінде жаһандық өркениет орталығына айналғаны ақиқат. Оған елордамызда өткізілген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммиті, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі лидерлерінің съездері мен жаһандық экономикалық форумдар дәлел.
Сонымен бірге, биыл маусым айынан бастап Орталық Азияда, тіпті ТМД мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің елордасында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Міне, осындай әлемдік шараларға қатысу үшін төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтарға ажарлы Астананы, бүкіл тәуелсіз Қазақстанды алғаш таныстыратын Астана халықаралық әуежайы мен темір жол вокзалы екендігі даусыз. Қай елдің, қай қаланың болмасын болмысын көрсететін алғашқы қақпа әуежай және темір жол бекеттері болып табылады. Осы ретте жақында ғана бой көтерген астаналық «Нұрлы жол» темір жол вокзал кешенінің алар орны ерекше.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана пайдалануға берілген бұл заманауи жолаушылар бекеті күні кеше алғашқы миллионыншы жолаушыны қабылдап үлгерді. «Бұл бұрынғы Кеңес елдері арасындағы осындай жалғыз вокзал, мен тіпті Еуропада мұндайды көрген жоқпын. Ол болашаққа арналып салынған. Қазақстанның барлық өңірін «Тальго» жүрдек пойызымен байланыстырдық, олар сағатына 150-200 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алматыдан 24 сағатта жететін болсақ, қазір 11 сағат жеткілікті», деп атап көрсеткен еді Мемлекет басшысы жаңа вокзалдың ашылу салтанатында.
Сәні мен салтанаты жарасқан ару Астананың тамаша архитектуралық сәулетіне «Нұрлы жол» вокзал кешені жарасымды үйлесім тапқан. Вокзал ғимаратының жалпы аумағы 126 мың шаршы метрді алып жатыр. «Нұрлы жол» вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізуге қабілетті. Уақыт талабына тоқтам бар ма. 1990 жылы Целиноград қаласының темір жол вокзалының ескі ғимаратының жанынан 9 қабатты жолаушылар терминалы салынғанда, өңірде бұдан өткен жолаушылар бекеті болмағандай көрінуші еді. Одан кейін елорда халқының күрт өсуіне байланысты 2003 жылы бұл вокзал түбегейлі қайта құрылып, тәулігіне 12 мың жолаушы өткізуге лайықталған болатын. Енді міне, жаңа вокзал терминалы 35 мың жолаушыға жоғары деңгейде қызмет көрсетеді.
«Нұрлы жол» вокзал терминалына жолаушыларды қабылдап-жөнелтетін 6 темір жол торабы түйістірілген. Вокзал жолаушылар тасқынына сапалы қызмет көрсететін заманауи ультрақондырғылармен жабдықталған. Жолаушыларға билет сатудың электронды жүйесі жұмыс істейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такилдік жолдар, Брайл әліпбиімен жұмыс істейтін ақпараттық табло, арнайы касса қызмет көрсетеді. Негізгі күту залдарынан басқа әлемдік жоғары талаптарға сай қонақүй бөлмелері, жүк сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық орталық, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркингтер жұмыс істейді. Жаңа вокзал ғимараты Астанада өтіп жатқан жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің бас тақырыбы – «Болашақтың энергиясына» сәйкес ішнара «жасыл» технология талаптарымен жұмыс істеуге бейімделген. Ғимараттағы лифтілер мен эскалаторлар қуат үнемдеу тәсіліне бағындырылған. Мәселен, вокзалдағы эскалаторлар жолаушылар тасқынының көптігі мен аздығына байланысты қозғалысын реттеп, қуат үнемдеп отырады. Тағы бір ерекшелік, вокзал ғимаратының 42 мың шаршы метр аумақты алып жатқан төбесінде жаңбыр және қар суын жинау технологиясы ойластырылған. Осы әдіспен жиналған суды вокзал аймағындағы гүлзарларды суаруға және басқа техникалық мақсаттарға пайдаланады.
Вокзал ғимаратының ішіндегі және сыртындағы қозғалыс ұдайы бақылауда. Жалпы, жаңа вокзал кешенінде жолаушылардың қауіпсіздігіне барынша жоғары дәрежеде жағдай жасалған. Мұнда жолаушыларды тексеріп кіргізу құрылғысы, бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жаңа вокзал кешеніндегі жолаушыларға сапалы деңгейде қалтқысыз қызмет көрсету міндеті арнайы дайындықтан өткен білікті 1300 қызметкерге жүктелген.
«Мен отбасыммен Тараз қаласынан Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін сапарлап келдім. «Нұрлы жол» вокзалына түскен сәттен бастап, біз әлемдік талаптарға сай жоғары сапалы қызмет көрсету үлгісіне тәнті болдық. Алғашқыда осыншама аумақты алып жатқан ғимарат ішінде адасармыз деп ойлап едім. Жоқ. Елгезек те кішпейіл қызметкерлер қалай жүруді, қайда баруды түсіндіріп, жолбасшылық жасады. Өз елімде жолаушыларға қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сай осындай вокзал терминалының барына куә болып, мақтаныш сезімге бөлендім», дейді Айман Асылбекова атты ана ағынан жарылып. Қарапайым көңілден шыққан осы бір шынайы пікірге алып-қосарымыз жоқ.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Ерлан Омар,
"Егемен Қазақстан"