Санаулы күндерден кейін балалар мектеп босағасынан аттайды. Базарлар мен дүкендерде оқу құралдарын түгендеп, мектеп формасын киіп қарап жатқан оқушылар... Мектептерде жөндеу жұмыстарының соңғы шегелері қағылып, жаңа оқу жылында оқушыларды есіктерін айқара ашып қарсы алуға дайын ба, оқулықтардың және мамандардың жеткіліктілігі қай деңгейде, өзге де білім саласына қатысты мәселелер төңірегінде зерделеп көрген едік.
Оқушы саны артуы мектеп құрылыстарының қарқындылығын қажет етеді
Маңғыстауда оқушылар санының ұлғаюына байланысты мектептер мен балабақшалар қажеттілігі де артқан. Қазіргі таңда облыста 252 мектепке дейінгі ұйымда 33 497 бала тәрбиеленуде. Ал жаңа оқу жылында жалпы оқушылар саны 128 мыңға жуықтаса, 16 мың бала мектеп табалдырығын жаңадан аттайды екен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бала саны 300-400-ге көбейгендігін аңғартады. Осынша оқушыларды өңірде 147 мектеп қарсы алмақ. Биылғы жылы Жаңаөзен қаласында жаңадан 125 орындық жекеменшік мектеп ашылса, тағы да жергілікті және республикалық бюджеттен 8 мектептің құрылысына қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, алдағы жылдары Ақтау қаласынан үш мектепте, Жаңаөзен қаласынан бір мектепте, Мұнайлы ауданының Батыр, Атамекен ауылдарынан, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылынан, Бейнеудегі Абай, Алтынсарин атындағы мектептер жанынан қосымша мектеп құрылыстарын салу көзделген. Бала санының өсуі салдарынан өңірде 14 мектеп бір ауысымда оқытса, 115 мектеп екі ауысыммен, 5 мектеп үш ауысыммен оқытады. Демек, өңірде мектеп жетіспеушілігі бар. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Ұлттық қор есебінен 4 мектеп, республикалық бюджет есебінен 4 мектеп құрылыстары басталған. 3 мектепте күрделі жөндеу, 97 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Оқушы мен мектеп мәселесі туралы сөз қозғағанда, айтылмай кетпейтін тұс – тасымал. Маңғыстау облысында мектебі жоқ 12 елді мекен бар десек, оларда тұратын мектеп жасындағы 373 баланың 34-і тоқсан сайын интернаттарға тасымалданса, 339-ы күнделікті тасымалдануды қажет етеді. Апаттық жағдайдағы мектептер жойылған.
Жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді – бұл көрсеткіш 2016 жылы 47,9 млрд-ты болса, 2017 жылы 62,5 млрд-ты құрады.
– Елбасымыз биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында адами капитал сапасын арттыруды күн тәртібіне қойды. Ол үшін білім беру жүйесінің рөлін экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білім беру саласындағы маңызды мәселелерді шешудің бағдарламасын ұсынды. Ендігі бағыт-бағдар айқын. Мақсатымыз – ұлттық сана-сезімі жоғары, отаншыл, табысты, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ел тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайтын тұлға тәрбиелеу, – деген болатын Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мақсатында өткен маңғыстаулық педагогтардың облыстық тамыз конференциясында облыс әкімі Е.Тоғжанов. Биыл облыста мемлекеттік білім гранты иегерлері 2 есеге артты, яғни 2016 жылы 542 грант болса, 2017 жылы – 1053 грант, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 2016 жылғы 158 грант биыл 446 грантқа жетті. Жаңаөзен қаласының №18 орта мектебінің 88 түлектің ішінен 41-і мемлекеттік грантқа ие болды. Биылғы жылдан бастап дарынды балаларды қолдау мақсатында облыс әкімінің 50 білім гранты бөлінді.
Халық санының артуы – қуаныш. Мектептердің бос тұрғаннан гөрі, топырлаған баланы сыйғыза алмай, қосымша мектеп құрылыстарын қажет етіп жатуының өзі көңіл толқытады. Өңірде мектеп сыйымдылығы, үш ауысымды жою мәселесі басты назарда тұр.
База мен кадр
Маңғыстауда балабақша, мектеп, колледж және қосымша және арнайы білім беру ұйымдарын есептегенде барлығы 495 білім беру ұйымы бар. Мектептерді заманауи жарақтандыру – басты талап. Материалдық-техникалық базаны дамыту үшін 2017 жылы жергілікті бюджеттен 356 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, бірқатар мектептерге роботтехника алуға, химия, физика, биология кабинеттерін жасақтауға, интерактивті тақталар алуға жұмсалған. Мектептердің қазіргі заманғы пәндік кабинеттермен жабдықталуы орта деңгейде болса, лингафонды-мультимедиалық кабинеттермен толық жабдықталған. Барлық мектептер толықтай компьютерлендірілгенімен, жаңалауды қажет етеді, бірақ 2015 жылдан бері компьютерлер алу үшін арнайы қаржы қарастырылмапты.
Өңірдегі күндізгі мемлекеттік білім беретін мектептерде 10696 мұғалім жұмыс жасайды. Соңғы үш жылда облыс бойынша 11 жаңа мектеп ашылып, 1800-ге жуық жас маман жұмысқа қабылданған. Мектептерге қазіргі таңда 54 маман қажеттілігі бар.
– Білім беру саласында басқарушылық құзыреттілікті дамыту мақсатында «Білім беру саласындағы менеджмент» мамандығы бойынша білім саласының 50 маманы Алматы менеджмент университетінде 2 жылдық магистратурада, 70 маман Al-Farabi Education білім беру орталығында 1 жылдық курста білім алуда. Педагогтарды ынталандыру, әлеуметтік қолдау және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жетілдіру мақсатында, сондай-ақ педагогтардың имиджін көтеру, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету, тәжірибелі ұстаздардың озық тәжірибесін тарату мақсатында түрлі байқаулар өткізіліп тұрады, – дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы З.Тастемірова. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 572 мұғалім ағылшын тілін үйренуде және жаңа оқу жылынан бастап 300 ауыл мұғалімі жергілікті бюджет есебінен қосымша оқытылатын болады.
Оқулықтар орнында, тамақ дайын, акция әлеуетті
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгенің үстінда ақша бөлінген. Аталмыш қаржыға 2,5,7 сыныптардың оқулықтары және қор жинау циклы бойынша басқа сыныптарға жетіспейтін оқулықтар мен оқу құралдары сатып алынып, барлық аудан, қалалық білім бөлімдеріне жеткізіліп берілді. Оқулықтармен қамтамасыз ету үшін алдын ала баспалармен жұмыс жүргізілді. Ал жаңа оқу жылынан бастап облыста 125847 оқушыға ыстық тамақ беру ұйымдастырылса, 25 795 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады деп межеленген. «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» үндеуін көтерген «Мектепке жол» акциясы аясында, яғни екі ай ішінде өңірдегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін 9795 оқушыға көмек көрсету жоспарланған. Қазір 1000-ға жуық балаға көмек көрсетілді.
Маңғыстауда жаңа оқу жылына дайындық қалыпты жүруде. Білім беру саласы үнемі жаңғыруды, ізденуді қажет ететіндіктен, аталмыш саладағы жаңалықтар жыл бойы жалғаса беретіні, сол сияқты жетіспейтін тұстардың бір оқу жылының басымен шектеліп қалмай, уақытпен бірге толыға түсетіні анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы