«Береке» шағын ауданының ажарын кіргізіп, сән-салтанатын арттыратын болады
Облыс орталығының бас жоспарына сәйкес қаланың шеткері аймақтарына құрылыс нысандарын салу жобасы басталып кетті. Басшылық назарына алдымен Бензострой кенті ілікті. Маңайда игерілмеген жерлер көп. Жылу жүйесі жақын орналасқан. Ауылдық елді мекендерден көшіп келушілердің саны арта түскен. Сірә, осы факторлар алдымен ескерілген болу керек. Сөйтіп, «Береке» деген атқа ие болған болашақ жаңа шағын ауданның негізі қалана бастады.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Антон Макаровтың сипаттауынша, 175 гектар аумақты алып жатқан шағын ауданда бірінші кезекте бес қабатты үш 95, бір 80 пәтерлік жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй, Президенттің зияткерлік мектебі, 1500 орындық жабық стадионы бар спорт сарайы, 360 орындық балабақша салынып, одан әрі 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, көп функциялы қоғамдық орталық, мешіт, шіркеу бой көтереді. Сөйтіп, әлеуметтік-құрылыс инфрақұрылымы кенжелеп қалған қаланың осы бөлігін абаттандыру 5-7 жылға жоспарланған.
Бұл күндері Сенная база мен Бензострой кенттері арасындағы алаңда құрыш қолды құрылысшылар тұрғын үйлер салуға кірісіп кеткен. 5 қабатты 95 пәтерлі тұрғын үйді тұрғызумен Сергей Тимофеевтің жетекшілігіндегі «Основание» компаниясы айналысып, қысқа мерзім ішінде іргетасын құйып бітірді. Екі бригадаға топтасқан құрылысшылардың қимылына көз ілеспейді. Қазіргі қарқынға қарағанда, келесі жылдың осы мерзімінде тапсыруға тас-түйін әзір болуы тиіс 80 пәтерлік көп қабатты үйді салумен айналысатын «Альфа-Север» ЖШС құрылысшыларының қимылы да ширақ сезіледі.
Осы жерде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 120 орындық жатақханасы бар 720 оқушыға арналған зияткерлік мектебі тұрғызылатын болады. Жақында өзіндік сән-салтанатымен айрықша көз тартатын ерекше білім ордасының алғашқы кірпішін қалауға арналған салтанатты рәсім өтті. Облыс әкімі Серік Біләлов Елбасының тікелей тапсырмасымен салынғалы отырған Тұңғыш Президенттің химия-биология бағытындағы зияткерлік мектебі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңындағы айтулы оқиға екенін атап өтті.
«Республикада 20 зияткерлік мектеп дарынды балаларды үздік жоғары оқу орындары үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады», деген Елбасының сөздерін келтіре отырып, өңір басшысы нысанның келесі жылы пайдалануға берілетініне сенім білдірді. «ВАUR Kazakhstan» АҚ-тың директорлар кеңесінің төрағасы Абай Жұнысовтың айтуына қарағанда, Бензострой кентінің ажарын ашатын білім ғимараты бес гектар аумақта орналасқан. Мектеп 68 оқу сыныбынан тұрады. Денешынықтыру-спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, хоккей, жеңіл атлетика алаңдары, жүзу бассейні, спорт және жаттығу залдары болады. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, 10 айдың ішінде іске қосу көзделген.
Компанияның осындағы филиалының бастығы Аңсаған Қабдөшев бізге ғимараттың құрылыс жұмыстарына 2,9 миллиард теңге қарастырылғанын, қазірдің өзінде 200 адамның жұмысқа тартылғанын жеткізді. Бұрындары қатынас өте қиынға түссе, енді жолдар асфальтталып, Омбы бағытындағы айналма тас жолға қосылған. Қоғамдық көліктер саны көбейген. «Игерусіз жатқан иен далада «Береке» жаңа шағын ауданының пайда болуы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Елбасына айтар алғысымыз шексіз», дейді қуаныштары қойнына сыймаған Сенная база және Бензострой кенттерінің тұрғындары.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.