Президенттік мәдениет орталығының Ұлттық дәстүрлер театры жаңа маусымды осы қойылыммен ашты
Президенттік мәдениет орталығының Ұлттық дәстүрлер театры жаңа маусым шымылдығын «Ұлбике» музыкалық қойылымымен ашты.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков пен белгілі ақын Несіпбек Айтұлының аталмыш туындысын сахнаға қойған режиссер Сәулебек Асылханұлы, ал композиторы Алтынбек Қоразбаев екенін біз бұрын да айтқан болатынбыз. Бұл күнде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан бұл қойылым XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың аяулы ақын қызы Ұлбике Жанкелдіқызының қайғылы тағдырын суреттейді. Аты айтып тұрғандай, музыкалы драма болғандықтан, мұнда көбіне әнге кезек берілуінің өзі өте сәтті шешім болғандығын тағы да бір айта кетсек, артық болмас.
Қойылымдағы Ұлбикенің қосағы Тойтанның оспадарсыз қылықтары өкінішке орай, замандастарымыздың бойынан қазір де қылаң беріп қалатындығын режиссер шебер көрсете білген. Иә, сахнадағы ұлттық киім үлгілері мен әуелете шырқалған халық әндері Ұлттық дәстүрлер театрының атына заты сай екенін айғақтай түсетіндей десек, бұл қойылымда халық әні «Ақбаян» әуенімен ырғала басып сахнаға аққудай қалқыған арулардың шығуы режиссерлік сәтті ізденістің бірі болғаны анық.
Ендігі тұста актерлік шеберлік жайында ой қозғайтын болсақ, ақын қыздың бейнесі Кенен Әзірбаев атындағы конкурстың лауреаты Жазгүл Даңылбаеваның орындауында біршама сәтті шықты деуге болады. Ал оның күйеуі Тойтанды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омаровтың, «Әкем бір күйеу болған жер, Анам бір келін болған жер...» деп тебіренген Күдері қожаны Жанқалдыбек Төленбаевтың бейнелеуі де қойылым әсерін арттыра түскені анық.
Бұл қойылымның ұнағаны соншалық, шымылдық жабылғаннан кейін де жұрт үйіне қайтуға асықпады. Сол көңіл күйді жазбай таныған Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков жұрт алдына шығып, орталықтың қойылымдары мен кештеріне ұдайы келіп тұратын зерделі көрерменге алғыс айтты. Одан әрі ол драма авторының бірі ретінде Ұлбике ақынның қайғылы тағдырына біршама тоқталып өтті. Яғни, небәрі 24 жасында кезекті бір айтыстан оралған ақын қызды күйеуі Тойтан соққының астына алып, оның арты әлгіндей қайғымен аяқталғанын көрермен есіне тағы бір салып өтті. Сонымен қатар ол Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің деректерін негізге ала отырып, құн сұрау дәстүріне сәйкес, әйел затына өтемақы бұған дейін болмаған бағада Ұлбикеге төленгенін тілге тиек етті. Атқарылған ауқымды жұмыстар легін халыққа жеткізу үшін жұмыс жасайтын БАҚ өкілдерінің тигізер көмегінің көлдей екенін де орталық басшысы назардан тыс қалдырмады.
Орталық директорының айтуынша, «Ұлбике» музыкалық драмасымен ашылған Ұлттық дәстүрлер театры алдағы уақытта көрерменін өзге де тың туындылармен қауыштыруды көздеп отырған көрінеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Суреттерді түсірген Салтанат ҚОЖАНОВА.