Азық-түлік молшылығын жасаудың басым бағыттарын басшылыққа алған Еңбекшіқазақ ауданында шағын шаруашылықтарды дамыту қолға алынған. Кластерлік жүйемен жұмысын бастаған кәсіпорындар соңғы жылдары жүзімдіктерді қалпына келтіре бастады. Ауданда 4000 гектар алқапқа жүзім өсірілсе, оның 1500 гектары «Голдпродукт» акционерлік қоғамының еншісінде.
«Голдпродукт» акционерлік қоғамы саланы 1997 жылдан бері дамытуды қолға алған. Ол кезде алқаптар қараусыз еді. Жекелеген шаруаларда үш-төрт гектардан ғана жүзімдік алқаптар болды. Шарап пен шырын өндіретін кәсіпорын зауыты үшін аз мөлшерде ғана өнім өткізген бағбандармен жұмыс істеу тиімсіз екені белгілі. Осы кезде зауытты шикізатпен қамтамасыз етуді өз қолдарына алған ұжым жекешелендіру кезінде қараусыз қалған жүзімдік алқаптарды қалпына келтіру жұмыстарына бел шеше кірісіпті.
Қазір акционерлік қоғамның белсенді еңбегі арқасында аудандағы 1500 гектар жүзімдік алқап өнім беріп, тұтынушының қажетін ашқан. Оның үстіне осындағы халық көктемнен бастап, күз түскенше жүзімдіктерде еңбек етеді. Айлықтары да жақсы.
– Елбасы өнімді өсіруден бастап, өңдеудегі кластерлік жүйені дамытуды міндеттегені белгілі. Сондықтан осы бағытта аянбай жұмыс істеудеміз. Өнімді күтіп-баптап өсіреміз, өңдейміз, сапалы азық-түлік түрлерін дүкен сөрелеріне жібереміз. Бұл бүгінгі күннің талабы, – дейді «Голдпродукт» акционерлік қоғамының бөлім бастығы Яков Кунц.
Акционерлік қоғамның жүзім шаруашылығымен айналысатын арнайы бөлімі бар. Мұндағы мамандар Грузия, Франция елдерінің тәжірибесімен алқаптарды кеңейтумен қатар жаңа сорттарды енгізуге де ден қойған. Әсіресе, жүзімнің асханалық түріне қарағанда техникалық сорттарын өңдеу тиімді. Шаруашылықта «Шардонэ», «Кабернэ», «Қара Пино» деген рынокта жоғары сұранысқа ие жүзім сорттары өсіріле бастаған. Қазір алқапта жүзімнің «Мускат» деген сорты жиналып, өңдеуге жол тартты.
– Өткен жылы қыс көп әуреге салды. Жүзімдердің түбін көмсек те, үсікке ұрынды. 2010 жылы 7 мың тоннадай жүзім жинадық. Биылғы нәтиже сәл болса да аздау, – дейді жұмысшылар.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізде 27 мыңдай жүзім алқаптары болыпты. Оның 10 мыңнан астамы жеміс-жидек өсірумен айналысатын Еңбекшіқазақ ауданының еншісінде екен. Одан кейінгі жылдары күрт кеміген жүзімдіктер мемлекеттің қолдауы арқасында ғана көлемі артып келеді. Соның дәлелі, бағбандар әр гектардан 45 центнерден өнім алып, алқапты 3650 гектарға жеткізген.
Әрине, алдағы жоспарлар ауқымды. Мәселен, 2015 жылға дейін ауданда жүзімдік алқаптарын 8 мың гектарға жеткізу көзделіп, осы бағыттағы жұмыс жандана түскен.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.