• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қыркүйек, 2017

Хат қоржын

821 рет
көрсетілді

Оқырман жақсылығын жеткізеді

Жаңа мектептің жөні бөлек

Алматы облысында былтыр 900 орындық мектеп пайдалануға берілген болатын. Жаңа нысан Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек  ауылында бой көтерген. Оқушыларға арналған білім ордасы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып отыр. Ғимарат құрылысы мен жабдықтарына ұлттық қордан және жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. 12 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде осы уақытқа дейін 3 мектеп жұмыс істеді. Жаңадан ашылған білім шаңырағына кезінде 30 сынып жинақталып, 750 оқушы қабылданды. Ал оларды 60 мұғалім білім нәрімен сусындатқан болатын.

 Мектеп ғимаратының сыртында 2752 шаршы метрді құрайтын жаңа үлгідегі жасанды көгал төселген футбол және волейбол мен баскетбол ойындарына арналған алаңдар салынды. Бұл жақсы істің шарапатын ауыл тұрғындары биыл да көрмек. 

Самал ҚАБЫШЕВА

Алматы облысы

...жаңалығын бөліседі

Жаңбырлатқыш жүйе қашықтан басқарылады

Біздің «Актеп» ЖШС ұжымына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қаржылай қолдауы шапағатын тигізгенін ризашылық сезіммен айтқым келеді. Соның арқасында радиусы ауқымды 7 жаңбырлатқыш машина сатып алдық. Оның суару аясы  440,5 гектар аумақты қамтиды. Бірегей құрылғы тыңайтқыш қосу кешенімен жарақтанған. Оның қашықтан басқару жүйесі онлайн тәртібімен жұмыс істеуге өте ыңғайлы.   Тиімді технологияның көмегімен келер жылы 5 мың тонна картоп жинауды жоспарлап отырмыз. Бұл облыс тұрғындарының көкөністің осы түріне деген қажеттілік мөлшерінің алтыдан бірі. Сөйтіп, біз осынау теңдесі жоқ жаңбырлатқыш жүйені іске қосу арқылы жергілікті өнімді көбейтуге мүмкіндік алып отырмыз. 

Боранбек АҚТАЙЛАҚОВ,

жоба жетекшісі

Ақтөбе облысы,

Қарғалы ауданы 

...ой қозғайды

Ұстазды ардақтай білейік

«Ұлт болашағы – ұрпақ десек, ұрпақтың болашағы ұстаздардың қолында» екені қай кезде де белгілі. Баспасөз ұстаздың қоғамдық өмірі туралы жазады, кейбірінің сабақ беру әдісі мен тәжірибесін насихаттайды. Ал бүгінгі ұстаз тегін қоғамдық жұмыс күшіне айналды. Сен­біліктер де, түрлі әлеуметтік-көпшілік жұмыстар да солардың күші­мен атқарылады. Дегенмен, қазіргі заманда ұстаз дегеніміз кім жә­не дәрежесі қандай деген сұраққа нақты жауап беретін уақыты келді.

 Бұрын ұстаз – беделі биік және өмірлік тәжірибесі бай, жоғары сауатты маман еді. Ұстазды қадірлеу және жоғары бағалау – болашақ ұрпақты тәрбиелеуде маңызды екенін ата-аналарымыз түсінген болатын. Осындай тәрбие алған біз ұстаздарды қадірлеп, дәрежесін одан әрі көтере түсуіміз қажет еді. Керісінше, біз ұстаздарды тиісті дәрежеде қадірлей алмайтын болдық. Бұған не себеп? Тәрбие мәселесінде олқылық жіберіп алдық па, әлде ардақты атқа кір келтіретін ұстаздар көбейді ме? Жоқ, болмаса ұстазды менсінбейтін шәкірттер, ұстаздың кім екенін танығысы келмейтін ата-ана көбейді ме? Шынтуайтына келгенде, мұның барлығы біздің ұстаздарымыздың жан-дүниесін түсініп, тиісті дәрежеде тану мүмкіндігін жіберіп алуымызда. Қазір мектепке не жоғары оқу орындарына барып сабаққа қатысып көрсеңіз, ұстаздың жоғары білімді және кәсіби маман екенін көруге мүмкіндігіміз бар. Ұстаз туралы ақпарат жетіспеушіліктен оларды тиісті дәрежеде сыйлай білу жетіспейтіні белгілі. Сондықтан қоғамда ұстаз мәртебесін өзгеше танытудың уақыты келді. Олқылықтардың орнын толтырып, мұғалім беделін көтерудің нақты жолдарын көп болып ойластырсақ дейміз. 

Темірхан ӘБДІКОВ, 

Ж.Байғұттиев атындағы өнер мектебінің мұғалімі

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Арыс қаласы 

...өкініш білдіреді

Әкеме дұрыс көңiл бөле алмадым...

Әкелер де өз сәбиiн анасынан артық сүймесе, кем сүймейдi. Әкемнiң денсаулығы нашар болғандықтан, анам әрдайым әкемнен көп еңбек ететiн. Есейе келе анамның жұмыстан шаршап келгенiн көргенде ашуланып, әкеме ауыр сөздер айтатынды шығардым. «Неге анамды жұмыс iстетiп қойып, өзiңiз үнемi үйде жатасыз?» деп ашуланатынмын. Мен қанша көңiлiне келетiн сөз айтсам да, әкем маған еш дауыс көтерген емес. Қазiр ойласам, ол кiсiге де оңай болмаған екен ғой... 

Жоғары оқу орнына түскеннен кейiн мен де анама қолғанат болайын деп, отбасылық кәсiпке араласа бастадым. Көп ұзамай кәсiптiң қыр-сырын ұғынып, iсiмiздi алға дөңгелете бастадым. Сол кезде анамның айтқанын сабырмен тыңдап, ал әкем ақыл айта бастаса бiрден ашуға булығып шығатынмын. Жұмыстан басқа өмiрлiк, тәрбиелiк ақыл-кеңестерiн тыңдайтынмын. Дегенмен, анама қарағанда әкеме көп көңiл бөлмеген екенмiн. Iсiмiз ілгерілеп, жағдайымыз ендi жақсарып келе жатқанда әкемнiң жүрегi ұстап, тiлге келмей бақилық болды. Сол сәтте кезiнде айтқан ауыр сөздерiм үшiн, дауыс көтергенiм үшiн әкемнен кешiрiм сұрап үлгермей қалғаныма қатты өкiндiм... 

Ашу мен ызаға, асығыстық пен ақымақтыққа бой алдырып әкемдi көп ренжiткен екенмiн. Бар махаббатым мен қамқорлығымды анама сыйлап, әкеме дұрыс көңiл бөлмегенiме өкiнемiн. Тiрiсiнде қуанышқа бөлей алмаған әкеме қазiр Құран бағыштап, аруағына дұға қылудан басқа ешбiр шарам жоқ...

Бауыржан МАҚСАТҰЛЫ

Қарағанды 

...әсерін айтады

Өмірің – мақпал өңіндей 

Төкпе жырдың дүлдүлі Ұзақбай Қазжанұлының туғанына 120 жыл толуына орай Сайын Шапағатов елді мекенінде «Өмірің – мақпал өңіндей» атты еске алу жыр кеші өтті. Танымдық шарада ауыл əкімдігінің бас маманы Рай Аманғалиұлы мен мектебіміздің директоры Ғалия Іздібайқызы мектебімізге ат басын арнайы бұрған Амандық Көмекұлына алғысын айтты. Мəдениет қайраткері, жырау, профессор Амандық Көмекұлы даңғайыр жырау жайында ағыла сөйлеп, төгілте жырлады. Мектебіміздің мақтанышы, халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегері, жас талант иесі Меруерт Рахметова Ұзақбай ақынға арнауын оқып, жыраудың «Ел – қоныстан ауғанда» термесін тартып, Амандық Көмекұлының батасын алды. Сондай-ақ, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының «Сөз бен саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Əлмен Ұзақбай ақын-жыраудың өз қолжазбаларымен таныстырып, тың ақпараттардан құлағдар етті. 

Гүлмира ҚАЛМЕНОВА,

№1 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Маңғыстау облысы,

Түпқараған ауданы