• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2017

Серіктестіктің жаңа кезеңі

355 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойғаны белгілі. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шав­кат Мирзиёев кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевты екі ел арасындағы дәстүрлі достық қа­рым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтқаны үшін «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапаттаған болатын. Елбасының Өзбекстанға сапары туралы көрші мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары төмендегідей ақпарат таратқан екен.

Тауар айналымы 5 млрд долларға жетеді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2020 жылға дейін 5 млрд долларға жететінін айтты. «Өзбекстанның кейбір импортталатын тауарларға акциздерді төмендетуі сауда ынтымақтастығын арттыруға оң әсер еткені анық. Осы жылдың алғашқы 7 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 35 пайызға артқан. Бұл жақсы нәтиже», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай тауар айналымы 5 млрд долларға көтеріледі. Сонымен қатар, бірлесіп атқарылатын ірі инвестициялық жобалар да мемлекеттер арасындағы ынымақтастық байланысқа оң ықпал етеді деп жоспарлануда. 

Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд доллар болды. Биылғы жылдың алғашқы 7 айында бұл көрсеткіш өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 11,4 пайызға артып, 953 млн долларды құрады. 

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан – Өзбекстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі. Бүгінгі таңда Өзбекстанда қазақстандық капитал негізінде көптеген кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Қазақстанда Өзбекстанмен бірлесіп ашылған кәсіпорындар да мол.  

«Екіжақты ықпалдастықтың жаңа кезеңі»

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға сапары барысында бірқатар тарихи ескерткіштерді аралап болған соң БАҚ өкілдеріне екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғаны туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның бірінші Президенті Ислам Каримовтің резиденциясы болған Оксарайға барып, мемлекет қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

Өзбекстанға келген жоғары мәртебелі қонақ үшін құрмет қарауылы ұйымдастырылды.

Қазақстанда 2018 жыл Өзбекстан жылы деп жарияланды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президентімен өткізген брифинг барысында келесі жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланғанын айтты. 

«Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қарым-қатынаста мәдени-гуманитарлық байланыстың рөлі зор. Біз 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізу туралы келістік. Соның аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, бауырластығымыз арта түсетін болады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы өтеді. 

Мәдени-гуманитарлық бағыттың екі ел арасында маңызы зор. Бұған әсіресе Өзбекстанда тұратын этностық қазақтар көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Өзбекстан Жазушылар одағының жанында Қазақ әдебиеті кеңесі бар. Соңғы жылдары қазақ қаламгерлерінің 50-ден астам кітабы жарық көрді. Елімізде республикалық маңызы бар «Нұрлы жол» атты газет те шығарылады. Ал Қазақстанда өзбек суретшілерінің көрмелері мен театр ұжымдарының қойылымдары жиі ұйымдастырылады.

Президенттер бір жылда алты рет кездесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға сапары барысында өткізілген брифинг кезінде Президент Шавкат Мирзиёев Назарбаевпен алтыншы рет кездесіп отырғанын айтты. 

«Ерекше атап өткім келетіні, осы жыл ішінде мен Қазақстан Президентімен алтыншы рет кездесіп отырмын. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихында болмаған оқиға деуге болады», деді Мирзиёев. 

 Кездесу барысында Мирзиёев қазақстандық әріптесін «Эл-юрт Хурмати» орденімен марапаттады. 

«Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі мемлекеттік және саяси қайраткер. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Қазақстан Назарбаевтың басқаруымен халықаралық қауымдастықта өзінің орнын тауып, қарқынды дамып жатқан демократиялық мемлекетке айналды. Назарбаевтың арқасында өзбек пен қазақ елінің арасында бауырластық қарым-қатынас пен достық көпірі орнады. Соның негізінде бүгінгі таңда мемлекеттеріміз арасында жемісті ынтымақтастық орнаған», делінген Шавкат Мирзиёевтің марапат туралы Жарлығында.

Маңызды бизнес-форум өтті

15-17 қыркүйек күн­дері Өзбекстан көрме орта­лы­ғында Қазақстанның ұлттық өндірістік көрмесі мен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті. 550 шаршы метр көрме алаңында Қазақстанның 50 компаниясы өзінің әскери техникасын, автокөлік құрастыру жүйесі мен авиациялық, фармацевтикалық, құрылыс, текстиль өнімдерін таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме мен форум Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары аясында арнайы ұйымдастырылып отыр. Форумға екі мемлекеттің 500-ден астам бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. ​​​​​​​