Ислам ынтымақтастығы Ұйымының «Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті барысында ISESCO бас директоры Абдулазиз Осман әл-Тувейджри әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа ISESCO сыйлығын табыс етті.
Абдулазиз Осман әл-Тувейджридің атап өтуінше, қазақстандық ғалым аталған мәртебелі наградаға ғылым жолындағы еңбегінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, мойындалғаны және математикалық модельдеу, техникалық әрі әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару саласындағы зор үлесі үшін марапатталған.
ISESCO сыйлығы Ислам ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, химия, геология, математика, физика және ғылыми технология салаларына қосқан айрықша ғылыми-инновациялық үлестері үшін беріледі. Сыйлық сертификаттан, алтын медальдан және ақшалай сыйақыдан тұрады.
ISESCO-ны 1979 жылы Ислам Конференциясы Ұйымы құрған болатын. Оның құрамына 50-ден астам мемлекет кіреді. Халықаралық ұйымның қызметі ислам әлемі елдерінің ғылымын, білімі мен мәдениетін дамытуға және оған жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
«Егемен-ақпарат»