Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәжіліс депутаты, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев және Қазақстан Республикасы ММА Ұлттық федерациясының құрметті президенті Айдар Махметов жексенбі күні өткен Головкин-Альварес жекпе-жегіне қатысты пікірлерін білдірді.
Серік Сәпиев аталған жекпе-жекті Қарағандыдағы бокс орталығында жанкүйерлермен бірге тамашалаған. Оның айтуынша, Головкин бұл кездесуде 7:5 есебімен жеңіске жеткен. «Меніңше, Геннадий алғашқы раундтарда-ақ соққы жасауға көп мән берген секілді. Оның бір ғана соққы жасап, жекпе-жекті аяқтауды көздегені көрініп тұрды. Ал Альварес бұл айқасқа өте жақсы дайындалған екен», деді ол. Сондай-ақ, Серік Сәпиев егер қарымта кездесу өтетін болса, онда отандасымыз жеңіске жетеді деп есептейді. Өйткені, оның жаттықтырушысы тәжірибелі. Алдағы жекпе-жегіне жақсы жоспар қойып бере алады дейді. Сондай-ақ, ол төрешілердің шешімі жанкүйерлердің боксқа деген қызығушылығың төмендетеді деп есептейді. «Төрешілер қателесті дейтіндей көптеген факторлар бар. Бұл – адами фактор. Бәлкім, біреулерге бұл шешім пайдалы шығар. Әр адам қателесуі мүмкін. Мұндай шешім тек бокста емес, спорттың өзге де түрлерінде де кездеседі. Шешім көбінесе төрешілерге емес, жанкүйерлерге қатты әсер етеді», деді С.Сәпиев.
Сонымен қатар, отандық телеарнада Головкин-Альварес жекпе-жегінде комментатор болған Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев та кездесу туралы пікірін ортаға салды. Артаевтың пікірінше, Головкин мексикалық боксшыдан басымдау болған. Бірақ, төрешілер жеңісті отандасымызға қимаған. Сондай-ақ, ол егер қарымта кездесу өтетін болса, Головкинге оңай болмайтынын айтты. «Егер екі боксшы келесі жылдың мамыр немесе қыркүйек айларында кездесіп жатса, Геннадий Головкинге қиындау болатын секілді. Ешқайда бұра тартпай, өзімнің жеке пікірімді айтқым келеді. Оның жасы ұлғайған сайын, өзіне кері әсерін тигізеді. Ал жасы кемеліне келіп, әрі күшейіп келе жатқан Альварес үшін бұл өте пайдалы. Ашығын айту керек, қарымтаның осындай кері жағы бар. Дегенмен, бағы жанса, ауыр соққысы бар Головкин мәселені бір соққымен шешіп кетуі мүмкін», деді Бақтияр Артаев.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»