• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 19 Қыркүйек, 2017

Президент Жамбыл облысының жай-күйімен танысты

558 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Елбасы әуелі Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені жанынан бой көтерген Достық үйі ғимаратын аралап, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. 

 

– Санамызды жаңғырту – қоғам үшін қай кездегіден өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлы заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс, – деді Елбасы өзінің сөзінде.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан халқы Ассамблеясының біре- гейлігі мен мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңыздылығы туралы да айтып өтті.

– Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып табылатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне көшу мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін қызмет етуі тиіс, – деді Елбасы Н.Назарбаев.

Аталған Достық үйі Әулиеата өңір­ін­дегі этнос өкілдерін бір ортаға біріктірген киелі шаңырақ болып саналады. Ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 1 миллиард 277 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілген болатын. Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы, Ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар лигасы жұмыс істейді.

Сондай-ақ, мұндағы 240 орындық мәжіліс залы, пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, 100 адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік бөлмелер, хореографиялық зал өңірде игі шаралар өткізуде, Елбасы саясатын насихаттауда оң нәтиже көр­сетіп отыр. Бүгінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясы этностық құрам өкіл­дерінен қазақ, орыс, дүнген, түрік, өзбек, күрд, әзербайжан, қырғыз, корей, татар, не­міс, украин және тағы сол сияқты 73 этномәдени бірлестіктің басын бірік­тіріп, жұмыс атқаруда. 

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев облысқа жұмыс сапары кезінде құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында болды. Мемлекет басшысына еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы туралы мәлімделіп, 557 миллиард теңгені құрайтын 30-дан астам жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отырғаны жөнінде баяндалды. Осыған орай облыста 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өз сөзінде Елбасы түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде Жамбыл облысы қуатты индустриялық өңірге және еліміздің химия өнеркәсібінің орталығына айналуға тиіс екенін атап өтті.

Өңірге жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласы Айша бибі көшесінің жол өткеліндегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде Тараз қаласы тұрғындарының жалпы саны 369 мыңды құрайды. Оның 100 мыңы қала аумағымен өтетін темір жол желісінің арғы бетінде тұрады. Қазіргі таңда қаланың осы екі бөлігі арасында көлік қатынасы Абай көшесінде орналасқан жалғыз жол өткелі арқылы жүргізіліп келеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары облыс­та көлік қозғалысының қарқындылығы 2-3 есеге өсіп, қаланың темір жолдың арғы бетіндегі бөлігімен қатынас орнату қиындап кеткен болатын. Оған қоса, Қырғыз Республикасының шека­расы мен «Айша бибі» кеден бе­кеті  бағытынан қатынайтын көлік қозғалысының қарқындылығы тәулі­гіне 4-5 мың автокөлікке жеткен еді. Аталған мәселенің шешімін табу мақ­сатында құрылысы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталып, аяқ­талмай қалған Айша бибі көшесінің аяғында орналасқан жол өткелін жаңғыр­ту жобасы қолға алынды. Нәтижесінде қайта жаңғыртудан өткен жол өткелі пайдалануға беріліп, қаланың темір жолдың арғы бетіндегі бөлігімен байланыс оңтайлана түсті.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысына сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесті. Оған еңбек сіңірген ардагерлер, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, білім және ғылым саласының қызметкерлері, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары, студент жастар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Қазақстан Президенті өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін айтып, индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы арқылы өңірде 53 жоба іске асырылды. Осы мақсатпен 158 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы салынды. Қаратау мен Жаңатас қалаларына едәуір қолдау көрсетілді. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы өңірдің аграрлық секторын дамыту перспективалары жөнінде де айтты.

– Ауыл шаруашылығында 34 жоба іске асырылды. Оның жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайды. Тек соңғы 3 жылда облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне берілген мемлекеттік субсидия 35 миллиард теңгеден асты, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тұрақтылығы ел дамуының негізгі факторы болып саналатынын айтты.

– Мұның бәрі – барша қазақстандықтар бірлігінің, келісімі мен достығының, қоғамдағы тұрақтылықтың нәтижесі. Біздің бітімгер мемлекет атанғанымыз бекер емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы шешімін таппай тұрған бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткіштері төмен. Жалпы, облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмай отыр. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамыту барысында 5 жобаны іске асыру көзделген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бірде-бір жоба іске қосылмаған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта заманауи химия кластерін құру жөніндегі жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге көптеген жоба толық қуатымен жұмыс істеп жатқан жоқ. Газбен қамтамасыз ету, автомобиль және темір жолдарын салу сияқты инфрақұрылым мәселелері шешілмеген.

– Ал Қаратау мен Жаңатас қала­ларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыруға болатын еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жиынға қаты­су­шылардың назарын облыс тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына аударды.

–  Өзін өзі жұмыспен қамту өзекті мәселеге айналды. Бүгінде экономикалық тұрғыдан белсенді 523 мың адамның 44,6 пайызы – өзін өзі қамтығандар. Бұл – республика бойынша ең төмен көр­сеткіш. Өзін өзі қамтығандарға кел­сек, олар барлық елде бар. Мәселе бұл адамдардың, біріншіден, өнімді жұ­мыс­пен қамтылуында, екіншіден, ашық, заңды түрде жұмыс істеуінде, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнеске арналған ин­фрақұрылым дамуының жеткіліксіз екенін айтты.

– Шағын және орта бизнесте жұ­мыспен қамтылған халықтың небәрі 24 пайызы жұмыс істейді. Бизнеспен айналысу жағдайларын жақсарту үшін  нақты шаралар қабылдау қажет. Болашақ ірі кәсіпорындардың емес, шағын және орта бизнестің қолында. Нарықтың сын-тегеуріндерін бірден байқап, жедел қайта мамандануға бейім тұратыны да осы шағын және орта бизнес, – деді Мемлекет  басшысы.

Қазақстан Президенті аграрлық са­ла­ның әлеуеті жеткілікті түрде тиімді пай­даланылмай отырғанын атап өтті.

– Аграрлық сектор экономиканың және шикізаттық емес экспортты өсі­ру драйвері болуға тиіс екенін айтқан­мын. Облыста бұл саладағы еңбек өнім­ділігінің көрсеткіші төменгілердің бірі болып отыр. Ал осындай көрсеткіш Қа­рағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында едәуір жоғары. Облыста жер учаскелерінің көп бөлігі тиімді пайдаланылмай келеді. Оларды отбасылық ферма ретінде пайдалану үшін тиісті жұмыстар жүргізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарламаны сапалы іске асыру қажеттігіне тоқталып, оның Қазақстанның жаһандық бәсе­кеге қа­бі­леттілігін арттырудағы маңыз­ды­лығын атап өтті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиын­ға қатысушылардың барлығына жақ­сы­лық, бақ-береке мен сәттілік тіледі.

Динара БІТІК,

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы