• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Алтайдың аясында көп ауыл бар…

374 рет
көрсетілді

Алтайдың биік таулары мен шыңдарын қар басып қалыпты. Алайда Табиғат-ана ерекше жай­дарылық танытып, шуағын барын­ша төгіп, мерейлене қалған. Әдет­те Өр Алтайдың төрінде, бұл уа­қытта күн салқындап, қар аралас жаңбыр жауып, артынша кәрі құдаң қыстың жақындап қалаты­нын сездіретін. Катонқарағай ауда­нының әкімі Арман Бекбосынов ауа райының оң қабақ танытқанын тиімді пайдаланып жатқандарын тілге тиек етті. – Аудан бойынша биыл 17 мың гектарға дәнді дақылдар егіп, гек­тарынан 13 центнерден өнім жинап, барлығы 20 мың тонна ас­тық­ты қамбаға құйып алдық. Күн­ба­ғыс биыл 23 мың гектарға себілген. Оны ору бірер күнде аяқталып қалады. Мемлекеттік ресурстарға астық тапсыру жоспары да орын­да­латын түрі бар. 185 мың тонна шөп, төрт мың тонна пішендеме, 7 мың тонна сүрлем әзірледік. Бұл азық өңірдегі 45 мыңдай ірі қа­раға, жүз мыңға тарта қой-ешкіге, 24 мың жылқы, алты мыңға таяу­ маралға толық жетпек. Соңғы кездері аудандағы мал басын асыл­дандыруға назар аударудамыз. Қа­зір 7 марал, үш ара шаруашы­­лы­ғы, жылқы және қой шаруашы­лық­тарында малды асылдандыру жү­зе­ге асты. Үстіміздегі жылдың то­ғыз айында ауданда 1229 жұмыс ор­ны ашылды, бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 20 пай­ыз артық, – деп аудан әкімі біраз жайлардан хабардар ете кетті. «Жас келсе – іске» дегендей, бұдан бұрындары министрлікте, об­­­лыстық басқармада лауазымды қыз­меттер атқарған, аудан әкімі қыз­ме­тінде бір жарым жыл қызмет атқа­рып, өзінің тындырымды істерімен көзге түскен Арман Ілияс­ұлы­ның сө­­­­зінен аңғарғанымыз, шал­­ғайда жат­қан Өр Алтайдың төріндегі ау­ыл­дарға жаңалық ене бастаған сы­ңай­лы. Оған мысалдар жеткілікті. Аудан әкімінің орынбасары Ринат Құрманбаевпен бірге аудан ор­талығы Үлкен Нарындағы істеліп жатқан жұмыстармен таныстық. Ор­­­­талық алаңда жақында Тәуел­сіз­дік алаңы іске қосылыпты. Күн нұ­­рымен шағылысқан Бәйтерек ал­ыс­тан менмұндалайды. «Ел Тәу­елсіз­дігінің 20 жылдығы құрметіне ос­­ын­дай монумент орнаттық. Жа­қын­да бұл Тәуелсіздік символын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанат­ты жағдайда тұсауын кеспек. Басқа да әлеуметтік ғима­рат­тарды аралап көреді» деді әкімнің орынбасары Ринат Құрманбаев. "На­­рын" мекемесі аудан орталы­ғында 250 орын­дық балабақшаның құрылысын бас­тапты. Ол аманшы­лық болса, келер жылы пайда­ла­нуға берілмек. Ауданда мәдениет ошақ­тарының саны 40, оның ішінде 24 клуб және 16 кітапхана жұ­мыс істеп тұр. Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы бой­ынша Барлық, Бел­қа­рағай, Ақ­қай­нар, Жаңа Хайрузовка, Кіші На­рын ауылдарының клуб­тарына да қаржы бөлініп, мәдениет үйлері жа­ңарып сала бер­ген. Ол ол ма, аудан орталы­ғын­да құны 1600 мың тең­геге жаз­ғы би алаңы пай­далануға беріліпті, "Мәдени мұра" бағдар­ла­ма­сына сай ауданда Ұлы Отан со­ғысы боздақтарына арнал­ған ескерткіштер мен мемориалдық тақ­та­­лар­дың саны отызға жеткен. Ка­тон­қа­рағай ауылындағы азамат со­ғы­сы мен саяси қуғын-сүргінге ұшы­ра­ған азаматтардың ескерткіші де күр­делі жөндеуден өткен. Ал «Тәу­­­­ел­сіздіктің 20 жылдығына – 20 жар­қын іс" акциясы жайлы әңгіме бөлек.   Жиырма жылдыққа – 20 жарқын іс – Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы әркімнің есінде қалатындай мәнді де, сәнді өтсе нұр үстіне нұр емес пе, – дейді аудан әкімі Арман Бекбосынов, – біз мерейлі мерекеге ерте бастан әзірлендік, арнайы бағ­дарлама қабылданды. Шал­ғай­да­ғы ауылдарда мәдени мақсатта­ғы ғи­мараттарды жөндеу, түрлі шара­лар­ды өткізуге тұрғындар бел­сен­ді­лікпен қатысуда. Оның үстіне, ау­данның ауылшаруашы­лық құры­лым­дары Берел қоры­мында өткен халықаралық "Алтай – түркі әле­мінің алтын бесігі" көрмесінде жетістіктерімізді наси­хат­т­адық. Өске­менде өткен бал фес­тивалі, «Күз тартуы – 2011» жәрмеңкесінде, об­лыстың Астана қаласындағы мәде­ни күндеріне бел­сенділікпен қаты­сып, Тәуелсі­з­дікке жеткен 20 жыл­дағы табыс­тар­ды паш еттік. Новополяковка ауылдық округінде мереке құрметіне 48 миллион теңгеге клубқа күрделі жөндеу жүр­гізіліп, Бесүй ауылында мал сою алаңы іске қосылыпты. Ал Новохайрузовка ауылдық округі де олардан қалыспай, 20 миллион теңгеге мәдениет үйін жарқы­ратып, спорт­тық құрал-жабдықтар сатып алған.   Жиенболдың өнегесі Новоберезовка ауылында жасы жетпістен асып кетсе да шаруа қожалығына жетекшілік жасап, еліне адал қызмет етіп, нарықтың өт­пелі кезінде сатып алған екі бірдей ғимаратты тегін қайтарып берген Жиенбол Старшинаев деген елге сыйлы азамат бар. Бекет ауылына келгенімізде, қырманда күнбағыс тазалап жатқан бірнеше жігітті кездестірдік. Олар жаңа ғана Жиенбол ағаның кеңсе жаққа кеткенін айтты. Ауылдық округтің кеңсесіне кел­­­дік. Ауыл әкімі Қабдығали Жек­сен­баев іссапарда жүр екен. Гүлнәр Нұр­салқанова деген бас маман биыл егіннен жақсы өнім алғандарын айта келіп, «Найман» шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Жиенбол Старши­наев­тың атына жылы лебіз білдірді. – Жиенбол ағамыз ерлікке па­ра-пар жақсы ісімен абыройға бө­леніп отыр. Бұрынғы кеңсе ғима­раты мен тағы бір қойманы бір тиын сұра­мастан бізге қайтарып берді. Қазір ол жерде 30 орындық тамаша бала­бақша ашылды. Өз жұмысшы­ла­ры­на көлік, техника сыйлаған Атым­тай жомарттығы жай­лы қалай айт­пасқа? Міне, аға­ның өзі де келді, – деп бізге сәлем берген ұзын бойлы, мығым денелі кісіні таныстырды. Жәкең қария деуге келмейді, әб­жіл жігіттерше еркін қимыл­дай­ды, сөзі де ширақ, ағынан жарылды. – Тәуелсіздікті ата-бабалары­мыз ғасырлар бойы аңсаған. Ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығына өз­ім­ше бір сый жасайын деп екі үлкен ғимаратты тегін қайтарып бердім. Қазір балабақша дайын, ауылдың 50 отбасы балаларын тәр­биелеуге әкелмек. Өзім болсам инженер-механик, бас агроном, партком хат­шы­сы қызметтерін атқарғам, 1996 жылы 11,5 миллион теңге қарызбен шаруа қожалығын құрдым. Семейден "Еділбай" тұқымды бір мың қой әкеліп, өсірдім, егін саламын. Күнбағыс дақылын жинауды аяқ­тап қалдық. Техникам жеткілікті. Жұмысшыларға екі уақыт тегін тамақ береміз. Озат жұмысшылар В.Огнев, Ә. Қорықбасов деген аза­маттарға адал еңбегі үшін «Мазда» және «Ауди» көліктерін сыйға тарт­тым. Жұмысшылардың отыны мен көмірін, шөбін жеткізіп беруді ұмытпаймыз, – деп Жиенбол аға­мыз біраз жайдың басын қайырды. «Жиырма жылдыққа – 20 жар­қын іс» шарасы ауданның басқа да елді мекендерінде қызу жүріп жа­тыр. Мәселен, Белқарағай ауыл­дық округінде «Екі дос» ЖШС футбол алаңын салып берсе, Қ.Ах­метов деген іскер азамат Жаңа­ті­лек деген жерден демалыс кешенін аш­пақ. Солоновка, Солдатов, Ка­тон­қарағай ауылдық округтерінде балалар саябағы, жолдарды жөн­деу, басқа да игілікті шаралар ат­қары­лып жатыр. Ал Ақсу ауылдық округі көптен бері айтылса да қолға ал­ынбаған. Жазаба ауылы­ның көпірін жөндеуді қолға алып­ты. Оны "На­рын" мемлекеттік коммуналдық ша­­руашылығы атқа­руда. Балалар алаңы да пайда­ла­нуға берілмек. Ма­ралды ауылында пантымен емдеу шипажайын салу, Өрелдегі ескі мектеп ғимаратын жөндеу, тойхана ашу, Аршатыда бюджеттік қаражат­тан тыс көпірді салып бітіру, Ақ­марал ауылын­да­ғы демалушыларға арналған 70 ор­ындық асхана құры­лысы да жос­парланған. Үлкен Нарын ауылындағы шаң­­ғы базасын көрдік. Табиғаты тамаша өлкеде туризмді дамыту ерекше қолған алынып жатыр. Тау етегінде шаңғымен жаттығу, туристік ба­ғыт­тар бойынша саяхатқа шығу, басқа да игілікті істер Тәу­елсіздікке ерекше тарту болып, тұрғындардың ер­теңге деген сенімін нығайта түскен.   Францияны таңғалдырып қайтты «Еңбек деген шағын ауыл бар. Бұл ауылда Гүлнәр Қожамжарова деген атағы көпке мәлім қол­өнер­ші тұрады. Сол Гүлнәр қарында­сы­мыз жақында Франциядан ол­жа­лы қайтыпты. Алайда біз келген кезде қолөнерші жұмыс бабымен Зырян қаласына жол тартыпты. Гүлнәрдің қызы Мереке Белен­хан­қызы анасының жолын қуып, киізден сырмақ басу, кілем тоқу, бай­пақ, алаша, басқа да ұлттық киімдерді тігуді үйреніп жүр екен. – Шеберлігім анама жетпесе де, ұқыпты әрі тындырымды шә­кірт болуға тырысып жүрмін. Анам­ның бармаған қаласы жоқ десем де болады. Шәуілдірдегі, Шым­кент­тегі, Өскемендегі мұражайларда ар­найы дәріс оқып, шеберлік сы­нып­тарын өткізеді. Францияның Ренн қаласында өткен дүние­жү­зі­лік қол­өнершілердің басқосуында ол кісі тоқыған бұйымдарға жоға­ры баға беріліпті. Қазақстаннан барған 8 адамды алматылық ісмер Аяжан Бекқұлова ертіп барып, ел Тәуелс­із­дігінің 20 жылдығы жай­лы то­қыл­ған кілем, алаша, киіз бұй­ымдарын жұртшылыққа паш еткен. Олар қазақстандықтардың шеберлігі мен ұлттық нақыштағы бұйымдарға таң­ғалып, келер жылы өздеріне та­ғы шақырыпты, – деді Мереке. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.