«Алатау» спорт кешенінде Парламент Мәжілісінің бірінші шақырылымының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-экономист Марат Оспановты еске алуға арналған шағын футболдан жарыс болып өтті.
Үшінші рет өткізілген бұл футбол турниріне елордада орналасқан бірқатар елшіліктердің командалары да қатысты. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров биылғы жарыстың халықаралық мәнге ие болып отырғанын айта келіп, мемлекетімізде саламатты өмір салтын ұстануға баса мән беріліп келе жатқанын мәлім етті. Осы орайда Парламент мемлекет және қоғам қайраткері Марат Тұрдыбекұлының жүлдесі үшін үшінші рет жарыс ұйымдастырып отырғанын жеткізді.
Биылғы турнирге 8 команда қатысты. Жарыс қорытындысында «Хабар» агенттігі мен Парламент командасы финалға шықты. Тартысты өткен кездесуде Парламент командасы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, бас жүлдеге ие болды.
Үшінші орын үшін болған кездесудің негізгі уақытында Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мен Оспановтар отбасы командасы 3:3 есебімен тең түсті. Пенальти бойынша 2:3 есебімен басым түскен Оспановтар отбасы алғаш рет қатысқан турнирдің жүлдегері атанды.
Жеңімпаз командаға парламенттік кубок табыс етілді. Үздік ойыншылар да марапаттарға ие болды.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.