• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2017

Сапасыз білім сан соқтырады

666 рет
көрсетілді

Спортшылардың «спорттық ғұ­мы­ры» қамшының сабындай қыс­қа. Жұрттың бәрі Головкиндей отыз­дың жуан ортасында жай оғындай жар­қылдап жүрмейді. Жасы келіп, күш-қуаты кемігенде боксшы қолғабын, фут­­болшы бутсысын шегеге іледі. Иә,­­ талай жылғы серігімен қош ай­­­тыс­қан ардагер спортшының қай-­қайсысы болса да «Әрі қарай не­ істеймін?» деген тағдыршешті сұрақ­қа түбі бір маңдай тірейді. 

Зады, үлкен спортта жүрген атлет­тердің сіңбіруге уақыты болмайды. Жа­рыс пен жарыстың арасын жалғап жа­татын жаттығулар өзге тірлікке мо­йын­ бұруға да мұрша бермейтіні рас. Кезінде қамқор жандардың ақылы мен көмегінің арқасында оқуға ілігіп, одан кейін диплом алып, санатқа қосылып кеткендері көп, әрине. Ал не алған дип­ломы, я болмаса үйренген кәсіп-ма­­мандығы жоқ бұрынғы спортшы қай­да бармақ? Бәрі бірдей емес-ау, бірақ біразының қылмыстық әлем сер­келерінің қолтығына енетіні әмбеге аян.

Жасыратыны жоқ, қылмыстық әлем­­нің әккілері спортшы қауымның қыр соңында жүреді. Сол себепті де спорттық ғұмырын аяқтап, екі қолға бір күрек таба алмаған сайыпқырандардың амал­дың жоқтығынан осы ортаны жа­ғалайтыныны бүгінгі күннің ащы шын­дығы. Бұл, әрине өкінішті, біздің қо­ғам үшін күн тәртібінде өткір тұрған мә­се­ле.

Қарағандыда Қазтұтынуодағының эко­номикалық университеті бар. Кеңес ода­ғы кезінде атақ-даңқы дүрілдеп тұр­ған бұрынғы кооперативтік инсти­тут. Міне, соңғы жылдары осы оқу ор­ны жасы бар, жасамысы бар студент спортшылардың ордасына ай­нал­ған­дай. Жақында ғана аталған уни­верситеттің табалдырығын елімізге есім­дері мәшһүр боксшылардың студент ретінде аттағаны туралы ақпарат республикалық БАҚ-ты шарлап кетті. Әрине, «Талапты ерге нұр жауар» деген, білімнің соңына түсіп, ғұмыр бойы таусылмайтын рухани азық жиғысы келген атақты спортшыларымыздың бұл қадамына сүйсініспен қарадық. 

Білім қуғандардың бірі «Мемлекет­тік және жергілікті басқару» маманды­ғын таңдаса, екіншісі «Кеден ісі» кәсібі бойынша магистратураға түсіпті. Бәрі де дұрыс-ақ. Бір ғана гәп, осы аталған спортшылар білімді тегін алады екен. Сірә, мемлекеттің атынан берілген білім грантына ие болса керек.  Рас, бұл спортшылар кезінде елі­міздің жақсы атын жалпақ дүниеге жайды. Көк байрақты көтертіп, әнұра­ны­мызды әлемнің әр бұрышында шыр­қат­ты. Әлбетте, мұның бәрін жоққа шыға­ра алмайсыз. Бірақ мемлекеттің де елім деген ерлерінен аянып қалған жері жоқ қой. Тиісті сыйақысын бір тиынын да қалдырмай тапсырды, жарқыратып темір тұлпарын мінгізді, бас-басына үй беріп, баспанамен қамтамасыз етті. Енді келіп, бұл аздай-ақ оларды тегін оқытуы – адамды кәдімгідей ойландырып тастайтындай-ақ үдеріс. 

Неге дейсіз ғой? Мәселен, қазір спорт­тың жолына енді түскен дарынды­ жастың талайы жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқып жүр. Несие алып, ілдебайлап жүргені қаншама? Міне, жоғарыда аттары аталған атақ­ты спортшылардың осылардың ең құры­ғанда бірді-екісіне демеушілік жасауға бүгінгі күнде шамалары әбден жетеді. Бірақ бұларыңыз біреуге көмек қолын соз­ғанша, мемлекеттің мойнында жүре тұрғанды әлдеқайда қолай көретін сияқ­ты. Елім мені көкке көтерді, енді мен де сол еліме қолдан келгенше титтей де болса пайдамды тигізейінші деп ниет қылса, қанеки?

Мәселе мынада ғой: Тұманда Аль­бион­да тұрып оқыған чемпион Қара­ғандыда қона жатып кітап кеміреді деген­ге өз басым сеніңкіремейді. Олай бол­са, күні ертең «Мемлекеттік жә­не жергілікті басқару» мамандығы бойынша дипломды шаппай алған спорт шебері болашақта елді қалай бас­қармақ? Кеденшінің дипломын лек­цияға бармай-ақ алатын болашақ маманнан не күтуге болады? Қарап тұрсаңыз, мақтаулы жігіттерімізге жұ­мыс пен қызмет дап-дайын тұр екен, тек қана жетіспейтіні әлгі бір жапырақ көк қағаз... 

Бұрынғы спортшыларымыздың бі­лім­ді болғаны қоғамға керек-ақ. Оларға тегін білім ұсынып жатқан жоғары оқу орнына да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек, есімі елге мәшһүр спорт­шыларды жиып алғаннан, оларға сырт­тай сыдыртып оқудың дипломын үлес­тіріп, атақ шығарғаннан Альма-матердің абырой-беделі көтеріле қояр ма екен? Сапасыз білім күні ертең сан соқтыруы мүмкін-ау деп ойланған адам бар ма, өзі?

Үлкен спортта әрбір саңлақ өзінің асқаралы мақсатына жылдар бойы шелектеп төккен маңдай тердің арқасында жетеді. Ендеше, Мәңгілік Елдің ерте­ңіне қызмет ететін мығым білім де өз алдына асқар шың ғой. Ол мұратқа жету үшін де ерен еңбек, мол ізденіс және зор жауапкершілік керек емес пе?!