• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Қыркүйек, 2017

Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығының жетекшісі – Қазақстан

542 рет
көрсетілді

Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы – ТМД елдеріндегі әлеуметтік сақтандыру қорларын біріктіретін серіктес ұйым. Қазақстан осы қауымдастыққа төрағалық ету құрметіне ие болды. Мұны Астанадағы «ЭКСПО-Конгресс» орталығында «Әлеуметтік аударымдар – еңбекпен қамтылған халықтың сенімді әлеуметтік төлемақысы» тақырыбында өткен республикалық семинар барысында Халықаралық әлеуметтік сақтандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски жеткізді. Айта кету керек, бұл қауымдастыққа 150-ден астам ел мүше. 

 

«Ерекше қуантатын жайт, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жүйені одан әрі дамыту стратегиясын жасау бары­сында өзге елдердің осыған байланыс­ты озық тәжірибелерін ескеруге ерекше мән береді. Бұл – дұрыс қадам. Өйт­кені әлеуметтік қорғау жүйесі күр­делі әрі нәзік сала. Халықпен етене жүзеге асырылатындықтан, жауап­кершілігі өте жоғары. Қателесуге болмайды. Қазір Қазақстанда қоғамдық сана серпіліс үстінде. Барлық салада жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіліп отыр. Мұның әлеуметтік қамсыздандыруға да тікелей қатысы бар. Сондықтан өзге елдерге үлгі боларлық осындай жаңғыруды бастан өткеріп жатқан Қазақстанның Ха­лықаралық зейнетақы және әлеу­меттік қорлар қауымдастығына төр­ағалық етуі орынды», деді Ханс-Хорст Конколевски. Бас хатшы әлеу­меттік қорғау жүйесін одан әрі жетіл­діру бағытында Қазақстанның алдағы уақытта да жетістіктерге жете бере­тініне сенімді екенін жеткізді.

Семинарға қатысушылар тілге тиек еткендей, әлеуметтік қамсыздандыру саласында Қазақстанның мол тәжі­рибесі бар. Мұны басқа мемлекеттер де кәдеге жаратуы, өзара тәжірибе алмасуы керек. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ұйым­дас­тыруымен өткен семинардың негізгі мақсаты осы. Жиынға қатыс­қан Халықаралық әлеу­меттік қамсыздандыру мен Халық­аралық зейнетақы және әлеумет­тік қорлар қауымдастығына мүше мем­лекеттердің сарапшылары, мемлекеттік кірістер комитеті мен «Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мамандары, ЕАЭО-ға мүше елдердің мемлекеттік құрылымдарының өкілдері Қазақстанда әлеуметтік саланы түбегейлі реформалау ойдағыдай жүр­гі­зіліп жатқанына мән берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі Светлана Жақыпова: «Қазіргі уақытта елімізде көп деңгейлі зейнет­ақы жүйесін құру аяқталып, әлеумет­тік сақтандыру жүйесі аяғынан нық тұрды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сін жетілдіру жалғасуда. Бұл ретте 2018 жылдан бастап енгізілетін жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек­ті айтуға болады. Осы бағыттағы жұмыс­тарды жемісті жалғастыру үшін әлеу­меттік қызмет көрсету жүйесін жаң­ғыртудың тұжырымдамасы жасалды. Тұжырымдамаға байланысты халық­аралық сарапшылардың ой-тұжы­рымдары біз үшін өте маңызды», деді.

Семинар барысында қауіпсіз еңбек, демографиялық ахуал жайлы да жан-жақты сөз болды. Өйткені бұл әлеуметтік сақ­тандыруға тікелей қатысты мәсе­ле­лер. Тіпті еңбек мигранттарының өзі әлеуметтік қамсыздандырудан шет қал­мауы тиіс. Кей жағдайда бұл талап орындала бермейді. Жұмыс барысында адамдар түрлі жарақат алады немесе еңбекке жарамсыз болып қалады, бала күтіміне байланысты демалысқа шығады. Осындай жағдайларда оларға әлеуметтік төлемдер төленуі тиіс. Осыған жұмыс берушілердің жауапсыз қарайтыны кейде кездесіп қалады. Соны жою бағытында әлеуметтік сала қызметкерлері заң шеңбері аясында тиісті жұмыстарды сауатты жүргізе білуі тиіс. Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің арасында әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандыруға байланысты өзара тығыз байланыс бар, дейді Еуразиялық экономикалық комиссия Еңбек миграциясы мен әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Сергей Евдокимов.

Басқосуда әлеуметтік салада инно­вация мен менеджментке де баса на­зар аудару қажеттігі айтылып қал­ды. Малайзия әлеуметтік сақтанды­ру ұйымы басқармасы және Халық­ара­лық әлеуметтік қамсыздандыру қауым­дастығының инновацияны ұйым­дастыру мен басқару жөніндегі техникалық комиссиясының төрағасы Мұх­аммед Азман бин Азиз Мұхаммед: «Инновация әдетте бизнес пен экономикада өсудің қозғаушы күші ре­тінде қарастырылады. Менеджмент де­ге­німіз – бизнесте коммерциялық емес ұйымда немесе үкіметтік органда бол­сын, ұйымдастыруды басқару» деді. Ма­лайзиялық мейманның пікірінше, әлеуметтік қамсыздандыру мен сақ­тан­дыру саласында да жаңашылдықтың лебі ұдайы көрініс табуы тиіс.

Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»