• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2011

Ел газетіне ілтипат ерекше

385 рет
көрсетілді

Ел есінде қалатындай оқи­ға­лар тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­­саңында өр Алтайдың тө­рін­дегі облыс орталығы мен аудан-қалаларда күн сайын дерлік өтіп жатыр. Жыл басынан бері өзен­дер өрнектеген Өскемендегі өр­кен­ді өзгерістер елдің ертеңге деген сеніміне шуақ ұялатып, көңіл қылын тербегендей. Об­лыс орталығындағы түсті ме­тал­лургияның алыбы «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде серпінді жоба бой­ын­ша жаңа зауыт іске қосылды. Жа­қын күндері тағы бір өндіріс орны ашылмақ. Жақында ғана ғасыр металын өндіруші тағы бір өндіріс – «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамында Оңтүстік Корея­ның «Поско» компаниясымен бірлесіп шығаратын жаңа зау­ыт­тың іргетасы қаланды. Ол екі жылдан кейін пайдалануға берілмек. Кенді Алтайдағы басқа өндіріс орындары серпінді жобалар бойынша еңбек етіп, ел байлығын еселей түсуге үлес қосуда. – «Шығыс шынары» атты халықаралық ақындар мүшәй­ра­сы екінші рет Өскеменде дүр­кіреп өтті. Оған бір мыңға тарта жазба ақындары шығармаларын ұсынып, кенді Алтайдың таби­ға­тын, Абайды, өркенді қа­ла­ның ертеңгі келбетін жыр­ла­ры­на арқау етті. Өңірдің қос қа­ласы Өскемен мен Семейде апта сайын жәрмеңкелер өтіп, әншілер тұрғындарға әннен шашу шашуда. Зайсан мен Катон­қа­рағай аудандарында Бәйтерек пен Тәуелсіздік алаңдары, Зы­рян, Риддер қалалары мен бір­қатар аудандарда да «Ел тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығына – 20 жарқын іс» акциясы бойынша мә­дени-тұрмыстық ғимараттар бой көтерді. Енді, міне, тәуел­сіздігіміздің мерейтойы қарса­ңын­да Өскеменде Астана қа­ласының күндері өтуде, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жылда қалыптасқан үрдіс бойынша «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен кеше өткен кездесуінде. – Қазақ баспасөзінің қара ша­ңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары жыл сай­ын көбейіп келеді, – деп әңгімесін жалғастырды өңір басшысы. – Соңғы екі-үш жыл­да газеттің облысқа тарайтын ти­ражы екі есеге жуық артып, қазір оның саны 12 мыңнан асты. Ал келер жылы өңірдегі газет таралымы 14 мыңға жу­ық­тайды деген болжам бар. Өйт­кені, елдігіміз бен өрлігімізді, дамыған мемлекеттер қатарына қосы­лу­дағы ерен істерімізді күн сайын насихаттап келе жатқан бас ба­сы­лымға деген оқыр­ман­дар ілтипаты ерекше. Сауытбек Абдрахманов ай­мақ­тың тыныс-тіршілігі тура­лы әңгімелеп берген облыс әкі­міне алғысын білдірді. «Тәу­ел­сіз­діктің 20 жылында еліміз өзінің дана бас­шы­сы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен талай тар жол, тайғақ кешуден, асулар мен белестерден өтті. Қиындықтар артта қалды. Қазір әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің қата­рына қосы­лу үшін еліміз бойынша серпінді жобалар іске асырылып жатыр. Кенді Алтайда да оның нақты көріністері бар. Басылым мәртебесін көте­ру, оқырманның жоғары тал­ғамы­нан көріну үшін редакция ұжы­мы алдағы уақытта да ізденістер таныта береді. Қазір га­зет­тің қай бетін ашып қара­саңыз да кең байтақ Қазақ­станда жүзеге асып жатқан жарқын істер туралы көруге болады», – деді басылым бас­шысы. Бұдан кейін Сауытбек Абдрахманов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беріп, оларға «Еге­мен­нің» алдағы жұмыс жоспары туралы айтып берді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.