Әлемде қалыптасқан және берік орныққан пікір бойынша, латын әліпбиі біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтың ортасында байырғы латын тілді римдіктерден бастау алған. Солай бола тұрғанымен, бұл әліпбидің алғашқы нұсқасының о баста латын тіліне этрус және грек өркениеттерінен ауысқанын әлем ғылымы жақсы біледі.
Бұл күнде латын әліпбиі Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының көптеген мемлекеттерінің жазу жүйесіне негіз болып отыр. Бұл жазу жүйесі, сонымен қатар, әрі құрлық, әрі мемлекет болып табылатын Аустралияның, сондай-ақ әлем мұхиттарындағы Жаңа Зеландия, Индонезия, Филиппин, Исландия секілді арал-мемлекеттердің де жазу үлгісіне айналып кеткен.
Ал «латын графикасы әлгіндей әлемдік үстемдікке қалай ие болды?» деген сауалға келер болсақ, оның жауабын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені олай деуге толық негіз бар.
Біріншіден, латын графикасының таралуына, алдымен, Рим империясының тез нығайып, қанат жаюы түрткі болды.
Екіншіден, христиан дінінің таралуымен байланысты бұл жазу үлгісі Батыс және Солтүстік Еуропа халықтарының байырғы руникалық таңбаларын толықтай ығыстырып шығарды.
Үшіншіден, әлем тарихында теңдесі болмаған Британия империясының жер бетінің бестен біріне үстемдік етуі де латын графикасының кең таралуына тікелей себеп болды.
Төртіншіден, латын графикасының Америка континенттеріне таралуына Британия империясымен қатар, роман тілді Франция, Испания, Португалия мемлекеттерінің ықпалы да аз болған жоқ.
Бесіншіден, латын графикасының планета бетіне жаппай таралуына ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында, алдымен АҚШ-та, содан соң Ұлыбритания мен Францияда өріс алған компьютер технологияларының жылдам дамуы мен сол технологиялардың негізінде, алдымен АҚШ-та өркен жайып, содан соң, өте қысқа уақыт ішінде күллі әлемді орап алған Интернет байланыс технологиялары да себеп болды.
Алтыншыдан, күллі ғаламды шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көкжиегін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны жасырын емес.
Сосын, латын графикасы Түркі әлемін де айналып өткен жоқ. Алдымен, бұл жазу жүйесін бірінші болып 1928 жылы Түркия мемлекеті қабылдаса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға егемен Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттері де өткен болатын.
Біздің елімізде латын әліпбиіне қайта оралу туралы қоғамдық көзқарас 1994 жылы көтерілген болатын. Содан бермен қарай, бұл көкейкесті бастама ондаған дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференцияларға арқау болды және бұл мәселені жан-жақты талқылау барысында түйінделген пікірлер мен ұсыныстар әрдайым ақпарат құралдарында жарияланып отырды. Сосын, олардың басым көпшілігі әлгі бастамаға қолдау білдірді.
Демек, осы уақытқа дейін тілге тиек болып келген көкейкесті мәселенің пісуі әбден жетті және, ең бастысы, біздің қоғам латын графикасына деген заманауи бетбұрысқа ешбір асығыссыз әрі тиянақты дайындалып алды. Осының нәтижесінде, илеуі әбден қанған қоғамдық пікірді ескере отырып, Президент Н.Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына өтуі туралы нақты пайымын 2012 жылы «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға тартқан болатын.
Енді міне, араға бес жыл салып, Елбасы 2017 жылғы Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруының басталғанын жариялады және тек жариялап қана қоймай, сол Жолдауды іске асырудың нақты тетіктерін өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен Бурабайда «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында түбегейлі айқындап, мемлекеттік тіліміздің латын графикасына кезең-кезеңмен өту жолдарын біржолата түйіндеп берді. Сондықтан Елбасының бұл тиянақты ұстанымы күллі халқымыздың көкейінен шығып, қоғам тарапынан жаппай қолдау тапты.
Сосын мемлекеттік тіліміздің латын графикасына көшуі туралы Президент бастамасы жуырда Парламентте халық қалаулылары мен белгілі саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, тіл мамандары, қоғамдық ұйым мүшелері және жаңа әліпбидің жобасын әзірлеген мамандар тобының қатысуымен өткен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда да жан-жақты қолдау тапты.
Дәл осы тұста жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында қазақ тілінің латын графикасына өтуін еліміздің рухани даму жолындағы тарихи бетбұрыс екеніне ғана назар аударып қоймай, Елбасының ағылшын тіліне де ерекше мән бергенін атап өтудің жөні бар. Себебі, латын графикасының ағылшын тіліндегі нұсқасының орфоэпиялық ресурстары мен мүмкіндіктері өте мол, сондықтан да ол ресурстар мен мүмкіндіктерді бүгінгі күн тәртібінде тұрған қазақ/латын нұсқасын қалыптастыруда жете пайдалану қажет. Бұл пікірді мен қазақ және ағылшын тілінің кәсіби маманы ғана емес, сол тілдерде соңғы 50 жыл бойы, оқып, жазып, тыңдап, сондай-ақ лекция оқып жүрен ұстаз ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарыма күнделікті пайдаланып жүрген, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдерінің грамматикалық, фонетикалық, орфографиялық заңдылықтары мен орфоэпиялық мүмкіндіктерін білетін және оларды сараптап, салыстыра алатын лингвист ғалым ретінде айтып отырмын. Бұл біріншіден.
Екіншіден, Елбасының қазақ тілінің латын графикасын қалыптастыруда диакритикалық белгілерден аулақ болуды ескертуі өте орынды. Өйткені латын графикасын өз жазу жүйелеріне іргетас етіп отырған роман тобындағы француз, испан, португал тілдері мен герман тобына кіретін батыс және шығыс герман және скандинавия тілдерінде, сондай-ақ кейбір славян тілдерінде латын таңбаларының асты-үстіне қойылатын диакритикалық белгілер шаш-етектен, ал ағылшын графикасында олар жоқтың қасы. Тіпті ағылшын тілді Word форматындағы компьютердің клавиатурасында диакритикалық белгілер жапсырылған таңбалар атымен жоқ, яғни әріптер тап-таза орналасқан.
Үшіншіден, осы тұста басын ашып алатын және бір түйткіл бар. Ол ағылшын тілінің Word форматты компьютер клавиатураларындағы апострофқа (’) қатысты. Себебі апострофты диакритикалық белгі деуге мүлде болмайды, өйткені ол – ағылшын тіліндегі тәуелдік жалғауының немесе кейбір сөздердің қысқарып қалатын әріптерінің орнына қолданылатын, сондай-ақ клавиатура бетінде қолжетімді жерде жеке орналасқан толыққанды таңба. Сондықтан да бұл таңбаны (’) 1928 жылы қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов өзі ұсынған қазақ/латын әліпбиінің нұсқасында жуан дауысты [а], [о], [ұ] дыбыстарының жіңішке сыңарлары ретінде, яғни Аа, Оо, Ұұ әріптерінің [ә], [ө], [ү] болып дыбысталуын қамтамасыз ететін ең ыңғайлы тетік ретінде қолданған болатын. Сондықтан әлгі таңба (’) қазақ/латын әліпбиінің стандарт нұсқасына қабылданар болса, Әлім, әзәзіл, өндіріс, өлке, үнемшіл, үндестік деген сөздердің латын графикасындағы сипаты Парламентке ұсынылған нұсқадағыдай, Aelim, aezaezil; oendiris, oelke; uenemshil, uendestik емес, A’lim, a’za’zil, o’ndiris, u’nemshil, u’ndestik болып таңбаланар еді.
Төртіншіден, латын графикасының британдық нұсқасы 2500 жылдық тарихы бар латын әліпбиінің ең жетілдірілген үлгісі екенін естен шығармаған жөн және осы үлгіге негізделген заманауи компьютерлердің тұтынушыларға клавиатура аумағымен ғана шектелуге толық мүмкіндік беретінін ескерген абзал. Сосын, бұл тұрғыдан келгенде латын әліпбиінің ағылшын графикасындағы нұсқасы Президент назар аударып отырған ұстанымға да толық сәйкес келеді.
Бесіншіден, латын графикасында бар болғаны 26 әріп бар және олардың 6-ы дауысты дыбыстардың, ал қалған 20-сы дауыссыз дыбыстардың таңбалары. Солай бола тұрғанмен, бүгінгі таңда, әлемнің жүздеген тілдерінен енген кірме сөздерді қоса есептегенде 1,5 миллион сөздік қоры бар жаһандағы ең бай тіл саналатын ағылшын тілінде 44 дыбыс бар. Өйткені латын әліпбиінің ағылшынша нұсқасындағы әріптер сөз ішінде тұрған орнына қарай, түрліше дыбысталады. Кейде жекелеген дауыссыз дыбыстарды таңбалау үшін екі әріптен тұратын диграф немесе үш әріптен тұратын триграф қолданылады. Сондықтан да, ағылшын графикасының орфоэпиялық ресурстарын шегіне жеткізе пайдалана білсек, олар қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана емес, осы уақытқа дейін әлем өркениетінен қазақ тіліне еніп, сөздіктерімізде тіркелген немесе болашақта тіркелетін терминдер мен неологизмдердің құрамындағы дыбыстарды да бұлжытпай, дәл таңбалауға қауқарлы.
Алтыншыдан, бүгінгі жаһандану заманында ағылшын тілі БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі ғана емес, бірегейі, өйткені аталмыш алпауыт халықаралық ұйымның ең негізгі жұмыс тілі де осы ағылшын тілі.
Жетіншіден, латын графикасына негізделген ағылшын тілі озық ғылым мен білімнің, заманауи инновациялар мен заманауи технологиялардың, халықаралық көлік пен логистиканың, халықаралық банктер мен қаржы жүйелерінің, халықаралық заңдар мен конвенциялар жүйесінің, миллиондаған халықаралық терминдердің, сондай-ақ мемлекет лидерлері қатынасатын әртүрлі халықаралық саммиттердің және ең бастысы Интернет пен ақпараттық коммуникация технологияларына негізделген миллиардтаған тұтынушылардың сұраныстарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын Google, Yahoo cекілді заманауи іздеу жүйелерінің де, сонымен қатар бүгінгі таңдағы олимп басында тұрған цифрлы технологияның да іргетасы.
Сегізіншіден, латын графикасына көшу – бүгінгі таңда біздерде қолданыста жүрген үш деңгейлі, сондықтан да жыпырлаған таңбаларымен жанарды шаршататын компьютер клавиатурасынан бір деңгейлі таза клавиатураға көшудің ең төте жолы.
Сөз соңында арнайы жұмыс тобының Парламент тыңдауына ұсынып, талқыға түскен және ақпарат құралдарында жарияланған қазақ/латын әліпбиінің жобасына қатысты жеке пікірімізді білдіре кетсек артық болмас.
Біріншіден, ресми жұмыс тобының қазақ тілі үшін латын әліпбиінің 25 таңбасы да жеткілікті деп, клавиатурада тұрған Х таңбасын есептен шығарып тастағандарымен келісуге болмайды. Себебі Х таңбасы тек қана әріп емес, ол – математика, физика және химия саласында өте жиі қолданылатын Y, Z секілді өте маңызды халықаралық таңбалардың бірі. Сосын Х таңбасының арифметикадағы көбейту немесе белгісіздік белгісі екенін және латын санау жүйесіндегі ондықты білдіретін әрі күллі әлем қолданатын таңба екенін қалайша назардан тыс қалдыруға болады? Олай бола қалса IX, X, XXI ғасыр деген санау жүйелері қолданыстан қоса аластатыла ма? Сосын Хе таңбасының Менделеев таблицасындағы 54-элемент – Ксенонды білдіретін символ екенін де ұмытпаған жөн. Және бір дәйек – мынау: X таңбасы Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің атауында тұрғанын еш уақытта естен шығаруға болмайды.
Екіншіден, ақпарат құралдарында жарияланған қазақ/латын әліпбиінің жобасындағы [ә], [ө], [ү], [ң], [ғ], [ч], [ш], [ж] дыбыстарын таңбалайтын ae, oe, ue, ng, gh, ch, sh, zh секілді (ішінде көзге қораштау көрінетіні де бар) 8 диграфтан бөлек үш таңбадан құралып, бір ғана дыбыс беретін sch сынды триграфты да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені бүгінгі тілімізде жүрген ащы, тұщы, кеще деген сөздерде кездесетін [щ] дыбысын sh диграфын екі қайтара қосақтап, ashshy, tushshy, keshshe түрінде төрт әріппен таңбалаудан гөрі ағылшын/латын графикасының ресурсы болып табылатын sch триграфын қолданып, aschy, tuschy, kesche түрінде, яғни үш әріппен таңбалау әлдеқайда үнемді. Демек, бұл ресурстың да ресми жұмыс тобының назарында болғаны ләзім.
Үшіншіден, ағылшын графикасындағы Y таңбасының қазақ/латын нұсқасында Ыы әріпі мен [ы] дыбысының баламасы ретінде ұсынылуын толық қолдай отырып, сол таңбаның, сонымен қатар дауысты дыбыстардың алды-артында [й] болып оқылатынына назар аударсақ, бұл ресурсты да пайдалануға болатынына көз жетеді. Мысалы, Ялта/Yalta; ядро/yadro; яғни/yaghnj; Ясауи/Yasawj, япырмау /yapyrmaw немесе қой/qoy; той/toy; тай/tay; бой/boy; жой/zhoy секілді мысалдар пікіріміздің дәлелді екенін байқатады.
Төртіншіден, ағылшын/латын графикасында [f] дыбысы Ff таңбасымен де, PH (ph) диграфымен де таңбаланады. Алайда PH (ph) диграфы, негізінен, ағылшын тіліне грек тілінен енген philosophy/философия, phenomen/феномен секілді сөздерді таңбалау үшін қолданылады. Бұл үрдісті біздер сақтаймыз ба, жоқ па, бұл жағын ақылдаса отырып шешу керек.
Бесіншіден, өз тіліміздегі [у] деген дыбыс ағылшын графикасында OO (oo) диграфымен таңбаланады. Мысалы, taboo (табу); tattoo (дене әшекейі) деген сөздер соның дәлелі. Осыны ескере отырып, қазақтың [у] дыбысын Ww таңбасымен қатар, OO(oo) диграфымен де таңбалауға болатынын назарда ұстаған артық болмас. Алтыншыдан, ағылшын/латын графикасының және бір ресурсын, атап айтқанда, ew диграфының [ю] болып дыбысталатынын ескерсек, Нью Йорк қаласының ағылшынша атауын қазақ/латын графикасында да ешбір өзгеріссіз New York күйінде қалдыра беруге де болатыны көрініп тұр.
Жетіншіден, қазақ тіліне тән сингармонизм заңдылығын негізге ала отырып, бүгінгі таңда қолданыста жүрген әмеңгер, өлең, өткел, көркем, үлгі, шүйгін, тұғыр, ұлыс т.с.с. көптеген сөздерді латын әліпбиіне көшірер кезде сол күйінде дыбыстаймыз ба, жоқ әлде тіліміздің орфоэпиялық әуезділігі мен дауысты дыбыстар үндестігіне негіздей отырып, әмәңгер, өлөң, өткөл, көркөм, үлгү, шүйгүн, тұғұр, ұлұс сипатында ұсынамыз ба? Бұл сауалдың жауабы да қазақ/латын әліпбиінің стандарт нұсқасын бекітуден бұрын, алдын ала кеңесіп, түбегейлі түйіндеп алатын мәселе.
Демек, Елбасының қай тұрғыдан болмасын, асығыстыққа жол бермей, ресми жұмыс тобының Парламентке ұсынған қазақ/латын әліпбиі жобасынының қанатқақты нұсқасын күллі қоғамның талқысына салып отырғаны бекер емес. Ендеше, еліміздің рухани жаңғыруының алтын арқауы – тіліміздің табиғи болмысын сақтап қалуға бағытталған және көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан өркениет көшінен еліміздің қалып қоймауын көздейтін тағдыршешті мәселенің түйінін тарқатуға белсенді атсалысайық, ағайын.
Әділ АХМЕТОВ, Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор