• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Ескі де, жаңа да сынға алынды

290 рет
көрсетілді

1956 жылы Будапештке кеңес әскерлері енгізіліп, ондағы демо­кра­тиялық үдерістерді тас-талқан қыл­ған оқиғаға да 55 жыл толыпты. Осыған орай жексенбі күні Венгрия аста­насында мыңдаған адам митингке шықты. Олар кеңестік саясаттың қуыршағы болған сол кездегі билікке лағнет айтты. Сонымен бірге, жиналғандар елдің қазіргі билігіне, премьер-министр Виктор Орбанның саясатына да қатты сындар жолдады. Соның ішінде БАҚ-тарға цензура қойылатынынан бастап, салық жүйесінің қатаңдығына дейін сын тезіне алынды. ШЫНДЫҚТЫҢ БЕТІ АШЫЛА БАСТАДЫ Немістің Der Spiegel басылымы соңғы уақыттарда жария болған құпия құжаттарға сүйене отырып, КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачевтің шын бейнесін аша түсті. Соның ішінде атасының бай-кулак болып соттал­ғандығы себепті Горбачевтің кеңестік құрылысты жастайынан жақтырмайтындығы айтылған. Құжаттарға ғана сүйенген еңбекте Горбачевтің алкогольге және еңбексіз табылған кіріске қарсы нау­қандардың аяқсыз қалғанына еш шімірікпегендігі, дү­кендерді халыққа қажетті тауарлармен толтыруды ой­лаудың орнына, коммунистік алып құрылыстарға ал­данып кеткендігі және т.б. кемшіліктері атап көрсетілді. БІР АЙНАЛДЫРҒАНДЫ ШЫР АЙНАЛДЫРДЫ Украинаның Бас прокуратурасы экс-премьер Юлия Тимошенконың со­ңына шырақ алып түскендей. Ол Тимо­­шенкоға қатысты 10 жыл бұ­рынғы жабылған істерді қайта көте­ріп, қа­рауды қолға алып отыр. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» дегендей, жеті жылға бас бостан­дығынан айрылған қайраткердің жабылған істерін Бас прокуратура шыншыл болса осы уақытқа дейін қарамай, не бітіріпті деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Бұлар Тимошенконы бас бостандығынан айыруға наразылық білдірген ЕО, АҚШ және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға қыр көрсеткен шаралар екені анық. ГРЕКИЯНЫ ДЕФОЛТТАН ҚҰТҚАРСА ИГІ Брюссельде ЕО елдері лидерлері мен қаржы министрлерінің саммиті аяқталды. Онда біршама нақты шаралар жүзеге асырылды. Соның ішіндегі ең бастысы – Грекияға 8 млрд. еуроға тең транштың берілетіндігі болып отыр. Бұл қаражат Грекияны қарашада болуы мүмкін дефолттан құтқарады. Сонымен бірге, еуропалықтар қаржылық қиыншы­лықта көмек беру үшін құрылған екі қорды біріктіріп, оның активін 940 млрд. еуроға жеткізуді көздеген. Осы саммитте БАҚ назарын ерекше аударған мәселенің бірі – Франция президенті Н.Саркози мен Англия премьер-министрі Д.Кэмеронның сөз қағыстырғандығы болып отыр. СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА ЕМЕС ЕКЕН Лондонның сотында қаралып жат­қан Ресей олигархтары Б.Березовский мен Б.Абрамовичтің істері жаңа қырға шықты. Атап айтқанда, «РусАл» секілді Ресейдің өнеркәсіп алыптарын меншіктеу барысында олар ұйымдасқан қылмыскерлік топтармен (ҰҚТ) ым-жымдары бір болғандығы анық­талып қалды. Лондон соты қолға әкеліп берген деректерге ғана бас шұлғып қоймай, іске қатысты дүниелерді өздігінен де табады екен. Соның ішінде Березовский мен Абра­мовичтің Париж әуежайында «РусАл» туралы құпия әңгімелері жазылған үнтаспа тыңдалыпты. Онда Березовский серіктесіне ҰҚТ басшыларымен екі арадағы келіссөздерін айтқан екен. Сөйтіп, «сүттен ақ, судан таза» болып отырған олигархтардың ҰҚТ-мен байланысы қапияда айдай әлемге жария болып қалыпты. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Кеше «Банк Москвы» ісі бойынша экс-мэр Ю.Лужков сотқа шақырылды. Алдында ғана Д.Медведевті сынаған Луж­ков бұл соған «еруліге қарулы» болып отыр, әйтпесе банктің ісіне еш қатысым жоқ деп жариялаған. Парижде Адам құқын қорғау жөніндегі халықаралық федерация «Өзбекстан» атты интернет-түрме ашуды көздеуде. Ол Өзбекстанда қамауда отырған 13 құқық қорғаушының тағдырына әлем назарын аударуды мақсат етпек. Нижний Новгород қаласында 32 жастағы әйел бір жастағы бөбегін бауырына қысып, 16 қабаттан секіріп кеткен. Өлер алдында жазып қалдырған қағазында өмір сүргісі келмейтіні айтылыпты. Ауғанстан шенеуніктері Әмудария өзені арқылы өтетін Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерімен шекарасын қайта қарау қажет деп отыр. Өйткені, өзен суы шайғандықтан, халықаралық тәртіп бойынша мұндай шекаралар 20 жылда бір рет қайта қаралып тұрады екен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.