• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2017

Адасқан адам

620 рет
көрсетілді

Павлодар қаласының №2 соты 34 жастағы жеке кәсіп­шілікте менеджер болып жұмыс істейтін Рустам Гиль­ма­новтың (сотталушы есімі өзгертілді) қылмыстық ісін қарап, оны алты жылға бас бостандығынан айырып, жаза­сын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім шығарды. Бұл оның жастығына қарамай, төртінші рет сот­талуы. Бірнеше рет істі болуына басты себеп – саналы түрде теріс діни экстремистік жолға түсіп, ауыр қылмыс жасауы. 

Ол алғашқыда теріс ниетті топтың құрамында нәсілдік, діни дұшпандық пен араздықты қоздыруға бағытталған, алдын ала ойластырып жасаған іс-әрекеті үшін істі болса, кейін азаматтардың өз міндеттерін орындаудан бас тартуына және өзге де заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға итермелейтін діни бірлестіктердің ісіне белсене қатысқаны үшін сотталды. Алайда  осындай қылмыстық топ басшылары 2007 жылы қылмыстық бірлестікті құрғаны және оның ісіне қатысқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғанына қарамастан, Р.Гильманов жазасын өтегеннен кейін аталған ұйымның жұмысына қатысуын одан әрі жалғастырып  қана қоймай, 2008 жылы осындай теріс ниеттегі діни ұйымды ашып, оған Қарағанды қаласының бірнеше тұрғынын тартып, жалға алған екі пәтерде олармен «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислам» партиясының идеологиясы мен мақсаттарын оқытатын сабақтар өткізген. 

Ал «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислам» халықаралық ұйымы 2005 жылы Астана қаласы сотының шешімімен эсктремистік деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында оның қызметіне тыйым салынды және елдің әділет органдарында ол тіркелмеді. «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислам» халықаралық-діни экстремистік партиясының негізгі мақсаты мұсылман елдерінде конституциялық өкімет пен жұмыс істеп тұрған құрылымның орнына басында бірегей басқарушы – Халифа тұратын мемлекеттік құрылымның исламдық жүйесін орнатумен бірегей бүкіләлемдік «Халифат» мемлекетін қайта құру және орнату болып табылады. Оның жарғысында осы экстремистік ұйымның мақсаттары мен әдістері, бағдарламасы мен құрылымы анықталып, мүшелерінің мынадай мазмұндағы анты жазылған: «Жаратушы Алланың атынан Исламның сенімді әрі шынайы қорғаушысы болуға, осы «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислам» партиясының идеялары мен міндеттемелерін орындауға ант беремін. Осы партия қатарында болған кезде барлық күш-жігерімді оның мақсаттарына жету жолына жұмсаймын және өз сөзімді аса ұлы Алланың атымен бекітемін».  

Конституциялық құрылымды өзгертуге және мемлекеттің аумақтық тұтастығына іріткі салуға шақыратын, іс жүзінде ұлттық және діни алауыздықты барынша ушықтыратын бұл кесірлі ұйымға Қазақстан Республикасында тыйым салынғанын анық біле тұра, Рустам Гильманов оған кіріп, оның мақсатына адал болуға ант беріп, оның қызметіне белсене араласқан және экстремистік іс-әрекетке өзге адамдарды тартқан. Сонымен бірге ол діни және ұлттық алауыздықты қасақана өршіте отырып, бір дінді екіншісінен артық санаған жалған деректерді ашық түрде таратқан, қазіргі конституциялық құрылым мен елдің аумақтық тұтастығына қастандық жасау ниетімен Қазақстан Республикасының аумағында исламдық «Халифат» мемлекетін құру идеясын үнемі насихаттаған.     

Р.Гильманов екі рет өзінің ұялы телефонымен интернетке шығып, жеке парақшасында баршаның ашық қарауы үшін ұлттық дұшпандық пен араздықты қоздыратын бейнемате­риал орналастырған.  Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы жасалған ауыр қылмыс санатына жатады.

Серік САТЫБАЛДИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі