Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми Жібек жолындағы сот ынтымақтастығы бойынша халықаралық форум жұмысына қатысты.
Форум шекаралық дауларды неғұрлым тиімді шешу, трансұлттық қылмыспен күресу, тұрақты, әділ, ашық әрі болжалды құқықтық ортаны құру үшін Қытай мен Ұлы Жібек жолы елдері арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өткізілуде. Форумның күн тәртібіне халықаралық сот көмегін нығайту, коммерциялық заңдарды үйлестіру және тағы басқа бірқатар мәселелер енген.
Қ.Мәми өзінің кіріспе сөзінде форумды құқық үстемдігі мен сот жүйесі жұмысының өзекті мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасудың тамаша мүмкіндігі деп атады. «Форум өзіндік қайталанбас парадигма – Жібек жолы образына ие. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолын жаңғырту жобасын «халықаралық байланыстарды ынталандырудың жаңа драйвері» деп атаған болатын», деді Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы.
«Заң үстемдігі мәдениеті және сот реформасы» сессиясында жасаған негізгі баяндамасында Қ.Мәми Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген сот реформалары туралы айтты. Ақпарат соттарды институттық күшейту, соттардың кадр саясатын реформалау, «электронды сот төрелігін» дамыту, азаматтық процестік заңды жақсарту және қылмыстық заңнаманы жаңғырту секілді бес басым бағыт бойынша жүйеленіп ұсынылды.
Бірінші басымдық шеңберінде қатысушылар үш сатылы сот жүйесіне көшу, республиканың Жоғарғы соты жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот алқасының, айрықша соты бар Астана Халықаралық қаржы орталығының (AIFC) құрылғаны туралы хабардар болды. Форум қатысушылары сот білімін беру реформаларымен, Қазақстанның Азаматтық процестік кодексті жаңғыртудағы оң тәжірибесімен және қылмыстық процестік заңнама бойынша алдағы уақытта жүргізілетін реформаның мән-жайымен танысты.
«Электронды сот төрелігін» дамыту туралы айта келе, Қ.Мәми Қазақстанның Жоғарғы сотында Қытай мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде жергілікті соттардың жұмысын 700 көрсеткіш бойынша он-лайн режімде бақылайтын Ахуалдық орталықтың іске қосылғанын мәлімдеді.
Форум шеңберінде Жоғарғы сот төрағасы «Faxin online» электронды сервисінің халықаралық нұсқасының іске қосылу салтанатына да қатысты. Бұл жаңа жүйе мемлекетаралық деңгейде сот ақпаратымен алмасуды жақсартуға бағдарланған.
«Егемен-ақпарат»